Келісім мен бірлікке бастаған 30 жыл

Ассамблея

Ақмола облысының әкімі, Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының төрағасы Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының XXVIIІ сессиясы қоғамдағы келісім мен татулықтың тірегі болған осы ұйымның 30 жылдығына арналды.

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының (ҚХА) XXVIIІ сессиясына Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, Парламент Сенатының депутаты Геннадий Шиповских, есімі Гиннестің рекордтар кітабына бірнеше мәрте енген рекордшы Сергей Цырульников, аудандар мен қалалардың әкімдері, өңірдегі ассамблея мүшелері, қоғам қайраткерлері мен белсенділері қатысты.

Ақмола облысының әкімдігінде ұйымдастырылған бұл шара ҚХА-ның 30 жылдығына арналған салтанатты жиын ғана емес, қоғамның болашағы мен ел бірлігі үшін әр азаматтың жауапкершілігі туралы ой салған, мазмұнды, шынайы пікір алмасу алаңына айналды. Себебі, бұл алқалы жиында ұлтаралық келісімнің маңызын сөзбен емес, ісімен дәлелдеп, ауылдарда, мектептер мен колледждерде, мәдениет ошақтары мен спорт залдарында халықпен және жастармен етене еңбек етіп жүрген азаматтар бас қосты.

Сессияны ашып жүргізген Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Ассамблеяның қоғамдағы орны мен рөліне жан-жақты тоқталды. Әлем бойынша аналогы жоқ бұл институттың ел ішінде ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты қалыптастырып, азаматтық белсенділікті дамытуға қосып келе жатқан рөлін, ұлттар арасында өзара құрмет пен ынтымақты орнықтыратын нақты қоғамдық тетік екенін атап өтті. Осы орайда, әр аудан мен қалада нақты жобалар жүзеге асырылуы тиіс екенін айтып, белсенді әрекетке шақырды. Бұл ретте, аймақ басшысы:

– Бүгін біз Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі мәдени мұраны сақтаумен ғана шектелмейтінін айқын ұғынуымыз керек. Бұл – түрлі этностарды, мәдениеттер мен дәстүрлерді, қазақстандық ортақ құндылықтарды, атап айтқанда, бірлік пен татулықты, өзара сыйластық пен азаматтық жауапкершілікті біріктіретін негізгі қоғамдық платформа. Ал, этносаралық және қоғамдық келісім жай ғана идеологиялық ұран емес, бұл – нақты саясат, айқын мақсат. Біз қоғамда бейбіт өмір мен өзара түсіністікке негізделген орта қалыптастыруға тиіспіз. Сондықтан,  Ассамблея бұл жұмыстың алғы шебінде болуы қажет, – деді.

Сонымен қатар, жиында ҚХАА-ның төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астанада өткен ҚХА-ның XXXIV сессиясында берген тапсырмаларына тоқталып, мемлекеттік тілді нығайту, жастар арасында толеранттылықты қалыптастыру және қоғамдық институттардың ықпалын күшейту өңірлер үшін нақты әрекетке бастайтын маңызды бағдар екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, ҚХА-ның мүшесі Геннадий Шиповских те аталмыш институттың жұмыс бағыттары мен жобалары, олардың маңыздылығы туралы айта келіп, идеядан нақты іске көшу қажеттігін алға тартты.

– ҚХА өзінің 30 жылдық қызметі жолында халыққа бірлік пен татулықты сақтаудың бірегей үлгісін көрсетті. Кезінде БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннан ҚХА сияқты ұлтаралық келісімді сақтап, ұлттарды ұйыстырып отыратын мұндай институт әлемде жоқтың қасы деп, жоғары бағалаған.  Қазіргі кезде ҚХА-да танымдық 13 жоба бар, соның ішінде мемлекеттік тілге басымдық беру мақсатындағы «Мемлекеттік тіл – ұлтаралық қатынас тілі» жобасын ерекше атап өткім келеді. Соның арқасында облыстарда мемлекеттік тілді үйренушілер қатары көбейіп келеді, – дей келе, сенатор бірқатар жобаларға шолу жасады.

Бұдан әрі сессияға қатысушылар алдымен, жер шоқтығы Көкшетауда өткен ІV Ұлттық құрылтайды қорытындылап, одан кейін өңірдегі этно мәдени бірлестіктерге берілетін гранттар және «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында өңірлік ассамблея құрылымдарының атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндамаларды тыңдады. Биылғы ІV Ұлттық құрылтайдың абыроймен өткені туралы Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов баяндады. Ол өз сөзінде Ұлттық құрылтайлар елдегі өзекті мәселелер талқыланатын, қоғамдағы ынтымақтастық пен әр мәселені бірігіп шешетін айтулы алаңға айналғанын атап өтіп, Президенттің ел алдына қойған тапсырмаларына, олардың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, бұл жиында ҚХА  мүшесі, ізгі ниет елшісі, есімі Гиннестің рекордтар кітабына бірнеше мәрте енген Сергей Цырульников өзінің ауылдық өңірлер мен балаларды қолдауға бағытталған қоғамдық қызметі туралы баян етті. Оның айтуынша, «1000 ауыл» жобасы оның жеке бастамасымен және бюджеттен тыс қаржы есебінен жүзеге асырылып жатқан көрінеді. Қазіргі таңда бұл жобамен 139 ауыл қамтылып, 70 мыңнан астам бала спортпен шұғылдануға мүмкіндік алыпты. Сондай-ақ, тұрмысы төмен отбасылардың үйлеріне 500-ден астам өрт дабылқаққыш орнатуға атсалысыпты. Бұған қоса, ол халықаралық жарыстарға қатысып, шет елдерде жүргенде қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін, Қажымұқан Мұңайтпасовтай балуан, батырларын насихаттайтынын мақтанышпен жеткізді.

Сессияда жастар және азаматтық жауапкершілік тақырыптары да назардан тыс қалмады. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында техникалық мамандықтар мен жұмысшы мамандықтарына оқитын, әсіресе, ерекше қажеттіліктері бар студенттерге қолдау көрсету, кәсіби бағдар беру мәселелері көтерілді. Өңірде бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізілуде. Колледждердің оқытушылары жастарды WorldSkills қозғалысына белсенді тартып, кәсіби шеберлік байқауларына қатыстырып, тәлімгерлік бағытты дамытып отыр. Бұл – Ассамблеяның жастармен жүргізіп жатқан жұмысының бейресми, бірақ, маңызды бөлігі болып табылады. Сессияда сөз сөйлеген Көкшетау жоғары техникалық коледжінің оқытушысы Дмитрий Майер осы бағытта білім ордасында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Мәдени бағыттағы жобалар да сессияда кеңінен қаралды. «Ел бірлігі» бағдарламасын гранттық қолдаудың нәтижесінде этномәдени бірлестіктер тіл курстарын ұйымдастырып, түрлі мерекелер мен фестивальдер өткізуге мүмкіндік алды. Биыл бұл грант көлемін 5 миллион теңгеге дейін ұлғайтудың арқасында жаңа ұйымдар да өз жобаларын іске асыруға кіріскен.

Сессия соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерейтойлық медальдар табысталды. Бұл марапат – ондаған жылдар бойы әртүрлі мәдениеттер арасындағы көпір болып, жастармен жұмыс істеп, күрделі жағдайларда да диалог орната білген, өз ісін адал және жанашырлықпен атқарып жүрген жандарға берілді. Олардың қатарында қоғам және мемлекет қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Сағынтай Елубаев, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Нұртас Ахат және ҚХАА-ның мүшелері бар.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар