200-ден астам зеренділік «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысып, Көкшетау-Атбасар тас жолындағы саяжай алабын қоқыстан тазартты.
Бұл саяжай курортты Зеренді ауылындағы жергілікті тұрғындардың таза ауамен тыныстап, тынығатын, жеміс-жидек теретін орны. Бұл жердің тазалығын қалпына келтіруге зеренділіктер бір адамдай жұмыла қатысты. Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы аясында жыл басынан бері аудан бойынша 19 саябақ пен алаң абаттандырылып, қоқыстан тазартылды. Сонымен қатар, алты мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылды. Акция барысында 1,5 мың тонна қоқыс шығарылды.
–Апта сайын әріптестермен шығамыз, – дейді аудан тұрғыны Қайрат Ауғалиев, – зерлі Зеренді көрікті Көкшетаудың көркем бір пұшпағы. Келімді-кетімді кісі де көп. Былтыр Зеренді көлінің жағалауларын тазаладық. Биыл селоның төңірегін тәртіпке келтірудеміз. Бір жақсысы, ауыл тұрғындары ортақ іске жұмыла қосылып, қол ұшын беруде.
Ел ішіндегі жұмысқа елгезек жандардың білек біріктіре кірісуі жақсылықтың нысаны.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Зеренді ауданы.