Полиция – қоғам тыныштығының дәнекері мен қорғаны

23 МАУСЫМ – ҚАЗАҚСТАН ПОЛИЦИЯСЫ КҮНІ

Жеке адамнан бастап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Ақмола облысының полиция қызметкерлері Мемлекет басшысы алға қойған осы басымдықты іске асыруға аса жауапкершілікпен кірісіп, қоғамда заң мен тәртіп орнату бағытында қызмет етуде.  Жыл сайын елімізде 23 маусым – Қазақстан полициясы күні ретінде аталып өтіледі. Тарихты парақтай отырсақ, 1992 жылы дәл осы күні елдің Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» заң қабылдады.

Бұл тәуелсіз Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болатын. Кейін 2007 жылы бұл күн ресми түрде Полиция күні болып бекітілді. Жалпы, қоғамда заңның орындалуын қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау – жауапкершілігі мол жұмыс. Бұл кәсіби мерекені осы жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болған ардагерлерге және осы қатарда еңбек етіп жүрген полицейлерге алғыс білдіру күні деп айтуға болады. Сонымен бірге, біз бұл күні бейбіт заманда халқымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірін құрбан еткендерге құрмет көрсетеміз.

Жауапкершілігі мол әрі өмірге қауіп төндіретін осынау мамандықты арқалаған ақмолалық полицейлер бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында және Ішкі істер министрлігінің алдымызға қойған міндеттерін орындау бойынша тәулікпен санаспай қызмет етуде.

Енді қызмет бабына ойыссам, қабылданған шаралардың нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы саны 21 пайызға, яғни, 2311-ден 1811-ге дейін қысқарды. Жалпы, қылмыс деңгейі 10 мың тұрғынға шаққанда 56 құқық бұзушылықты құрайды. Жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың арқасында  мүліктік қылмыстар мен алаяқтық 43 пайызға, оның ішінде интернет алаяқтық 33 пайызға, ұрлық 30 пайызға, жеке тұлғаға қарсы қылмыстар, оның ішінде ауыр дене жарақатын келтіру 23 пайызға, зорлау 60 пайызға, бұзақылық 72 пайызға, бопсалау 16 пайызға төмендетілді. Сонымен бірге, мал ұрлығына қарсы іс-қимылда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Ол қылмыстардың саны 35 пайызға азайды. Ағымдағы жылдың 5 айында мал ұрлығы үшін 5 адам, 2 қылмыстық топ ұсталды. Мал ұрлығы жиі болатын аумақтар ретінде қолдағы фактілерге қарап отырып, Ерейментау, Целиноград және Шортанды аудандарын айта аламыз.

Сонымен бірге, қылмыстарды ашу бойынша да көрсеткіштер жақсарып келеді. Мәселен, кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, алаяқтық, тонау, бұзақылық және мал ұрлығы бойынша қылмыстарды ашу көрсеткіштері едәуір жақсы нәтижелер беріп жатыр. Облыс бойынша жалпы қылмыстардың ашылу деңгейі 63,4 пайызды құрап отыр, өткен жылғы сәйкес кезеңде бұл көрсеткіш 59,8 пайыз болатын.

Бүгінде сотқа 935 қылмыстық іс жолданды, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 30 пайызға артық.  Хаттамалық негізде 78 іс аяқталды. Ал, қылмыстық процестің үш  буынды моделі аясында 5 мыңнан астам процессуалдық шешім қабылданды.

Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында «Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге  қарсы  батыл шаралар қабылдауға тиіс» деп бізге міндет жүктеген болатын. Осы орайда, киберқылмыспен күрестің тиімділігін арттыру бойынша тиімді шаралар қабылдануда. Интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері мен тәсілдері туралы халықпен ақпараттық жұмыс бұрынғыдан күшейтілді. Бұл бағытта 5462 үй-жайды аралау жүргізілді, халықпен 1500 кездесу, 659 еңбек ұжымында және жергілікті атқарушы органдармен 841 кездесу өткізілді. Азаматтар «Egovmobile» қосымшасында банктік қарыздарды алуға шектеу қою үшін 80 мыңға жуық өтінім берді. Екі республикалық профилактикалық іс-шараны өткізу барысында 66 қылмыс ашылды. Аппараттық-бағдарламалық кешендердің  көмегімен 52 факт анықталды, 162 сұрау салынып, 13 мыңнан астам сілтеме орнатылды, 1027-сі бұғатталды. Соның ішінде 106 дроппер ұсталды. Нақтылай өтсем, жәбірленушілерден сотқа 103 талап-арыз жолданды, тараптардың татуласуынан 5 талап-арыз тоқтатылды, 61 іс бойынша «Дропперлерге» қатысты 953-бап бойынша талап-арыздар қанағаттандырылып, сот шешімі бойынша жәбірленушілерге ақшалай қаражат өтелетін болады, мұндағы залал сомасы шамамен 50 миллион теңгеден асады. Жалпы, «AqmolaHub» IT компаниясымен бірлесіп,  профилактикалық сипаттағы 11 бейнеролик дайындалып, LED экрандарда және әлеуметтік желілерде көрсетілуде. Биыл осы бағытта 10 мыңнан астам мәтіндік хабарлама, 7 мың бейнеролик және 90 мың жарияланым жарияланды. БАҚ-та 389 мақала басылып, 3 мыңнан астам түрлі жадынамалар таратылды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  жүктеген тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес жүргізу. «Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ, нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Есірткі мәселесі ушығып барады» деген болатын Мемлекет басшысы осы орайда. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша 147 есірткі құқық бұзушылығы анықталды, бұл өкінішке орай былтырғы көрсеткіштен 1,5 есе жоғары. Анықталған құқық бұзушылықтардың ішінде 56-сы өткізу фактісі, 5-еуі өсіру фактісі, 3-еуі заңсыз жарнама. Сонымен бірге, 18 синтетикалық есірткі салушы ұсталды. Облыс аумағына есірткі құралдарын жеткізудің 3 ірі арнасы жойылды. 9 фитолаборатория және бір нарколаборатория анықталды. Заңсыз айналымнан 87 келіден астам есірткі тәркіленді.

«Полицияның сервистік моделіне» көшкен сәттен бастап қызметкерлердің жұмыс сапасына және қойылған міндеттерге тиімді қол жеткізуге қойылатын талаптар күшейтілді. Қылмыстың алдын алу, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу жөніндегі жұмыс әдістері өзгертілді.

Учаскелік инспекторлар өздеріне бекітілген әкімшілік учаскелерде отбасылық-тұрмыстық, рецидивтік, жасөспірімдік және мас күйіндегі қылмыстың алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Полицияның есебінде тұрған, тұрмыста алкогольді асыра пайдаланатын, аса ауыр қылмыстар жасауға бейім, алынбаған және өтелмеген соттылығы бар адамдарды тексеру күшейтілді. Құқықтық тәртіпті сақтауға полицияның 239 қоғамдық көмекшісі белсенді қатысуда, олардың қатысуымен 369 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Өңірлерде полицияның қоғамдық орындарда тұрақты болуы осыған оң ықпалын тигізді. Азаматтар көп шоғырланатын орындарда қазіргі заманғы стационарлық полиция бекеттері орнатылған. Туристік полицияның осындай бекеттері Бурабай және Зеренді кенттерінде, яғни, курорттық аймақтарда да тұр. Онда қызмет атқару және азаматтарды тәулік бойы қабылдау үшін барлық жағдайлар жасалған.

Жаяу патрульдердің тұрғын үй аулаларын, саябақтарды, алаңдарды қамти отырып, қызмет атқару аумақтары қайта қаралды.

Жол-көлік апаттары қоғамның зор алаңдаушылығын туғызып отырған өзекті мәселе.  Жыл басынан бері апаттылықты тұрақтандыру мақсатында жол оқиғаларын болдырмау үшін бес жедел алдын алу іс-шарасы  және бір акция өткізілді. Ағымдағы жылы Астана-Щучинск, Астана-Павлодар республикалық маңызы бар жолдарының түзу  сызықты учаскелерінде қозғалыстың орташа жылдамдығынан асып кеткені үшін жүргізушілерге жауапкершілік енгізілді. Қосымша қызметтік автокөліктер үшін жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды тіркеудің автоматты жүйелерін сатып алу жоспарлануда.

Департамент қызметкерлері автомобиль жолдарына 1290 тексеріс өткізді. 97 апаттық- қауіпті учаскені жою үшін 2025 жылға арналған Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары  әзірленді. Оған сәйкес 805 жол белгісі, 1080 сигналдық баған, 32 ақпараттық панно орнатылды,  10 жол учаскесі шу жолақтарымен жабдықталды, 5 жасанды кедір-бұдырлар, 45 қызыл-көк түсті стробоскоптар, 151 жол буфері, 2 бағдаршам объектісі нысаны, «Астана-Щучинск» автожолы аркаларында 4 электрондық табло орнатылуына қол жеткізілді. «Астана-Щучинск» автожолына 40 электрондық жол белгілерін орнату бойынша да жұмыстар басталды.

Сөз соңында айтарым, әділдік идеясы үстемдік құрған қоғамда полиция қызметкерлеріне жоғары талап қойылып, зор жауапкершілік жүктеледі. Сондықтан, полиция қызметкерлері антқа адалдықтың және халыққа жанашырлықтың озық үлгісін көрсетулері керек. Әрбір тәртіп сақшысының қызметін мінсіз атқарып, білікті маман, отаншыл азамат болуы өте маңызды. Осы орайлы сәтт пайдалана отырып, барша әріптестеріме құқық бұзушылықтармен күрес жолында батырлық пен батылдық, мықты ерік-жігер, зор денсаулық, отбастарына амандық тілеймін! Қазақстан полициясы күні құтты болсын!

 Нұрсұлтан МҰҚАШЕВ,
Ақмола облысының полиция департаментінің бастығы,
полиция полковнигі

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар