Облыс орталығы Көкшетау қаласында «Қазақстанның үздік тауары» атты дәстүрлі көрме-байқау өтті. Жүзге жуық өндіруші компаниялар қатысқан байқаудың қорытынды кезеңіне облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысып, көрмеге қойылған тауарлардың сапасы мен олардың нарық бәсекесіндегі сатылымына назар аударды және өндіруші компаниялардың жетекшілерімен кездесті.
Аталған көрме-байқау жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында 2006 жылдан бастап өткізіліп келеді. Биыл да бұл шараны өткізуге Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті атқарушы органдар мұрындық болды. Тәуелсіздік алаңындағы көрмеге азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс индустриясы, тағы басқа да көптеген өнім өндіруші компаниялардың тауарлары қойылды. Олар аталмыш байқауға өздерінің ең үздік сапалы өнімдерін ұсынып, оның әрі қарай да насихатталып, ірі нарыққа бет алуына мүмкіндік алды. Ал, қала тұрғындары мен келген қонақтар әсіресе, азық-түлік сондай ақ, күнделікті тұрмыста қолданылатын заттарды нарықтық бағадан төмен бағаға сатып алды.
Бүгінде Ақмола облысында бизнесті қолдау және дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Іскерлік ахуал қалыптастыруға, инвестиция тартуға, индустриялық аймақтар құруға және инфрақұрылымды жақсартуға ерекше назар аударылып келеді. Облыс әкімі Марат Ахметжанов өңірдің өнеркәсіп орындары жергілікті өндіріс көлемін тұрақты түрде арттырып келе жатқанын және шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін барлық шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.
– «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы отандық кәсіпорындардың әлеуетін көрсететін маңызды алаңға айналып отыр. Біз жыл сайын жергілікті өндірілген өнімдерге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын, оның сапасы жақсарып, ассортименті кеңейе түскенін көріп отырмыз. Мемлекет өз кезегінде бизнеске қажетті қолдау көрсетуді, инфрақұрылымға инвестиция салуды және кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауды жалғастырып келе жатыр. Соның арқасында өңірдегі ірі өндіріс орындары «Көкшетау минералды сулары», «Степногорск тау-кен химия комбинаты», «Тыныс», «КамАЗ-Инжиниринг», «Новопэк», «Айдабол», «Енки», «Бижан», тағы басқа да зауыттар мен өндіріс орындары экспортқа бағытталған ірі кәсіпорындарға айналып отыр. Олардың шығарған өнімдері Кедендік одаққа мүше мемлекеттер мен көршілес елдерді де қамтиды,– деді өңір басшысы салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.
Одан соң сөз алған Өңірлік кеңес төрағасы Қуаныш Рақышев өңірде өнеркәсіп өндірісінің көлемі жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Ол өз сөзінде 2024 жылы облыс өндірісі алдыңғы жылмен салыстырғанда 4 пайызға артқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, төрағаның пікірінше, тауар өндірушілерді қолдау мақсатында өткізілетін мұндай шараның мән-маңызы зор. Ал, Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбектің айтуынша, аталған көрмені ұйымдастыру бизнес субъектілеріне жан-жақты қолдау көрсету үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі.
–Бұл шара кейінгі жылдары жергілікті өндірушілерді қолдау мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Кәсіпкерлік субъектілері де мұндай айтулы оқиғаға қатысуға әркезде оң көзқарас танытып, оның өткізілуін асыға күтеді. Оған қатысу бизнес субъектілерін өз тауарлары мен қызметтерінің сапасын арттыруға ынталандырады, сондай-ақ, отандық брендтерді ілгерілетуге және өндірісті одан әрі дамытуға мүмкіндік береді, – деді ол өз сөзінде.
Шара барысында ұйымдастырылған байқаудың іріктеу қорытындысында үш номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында «Степногорск машина жасау зауыты», Бурабай ауданының «Азия сүзгі» және Көкшетау қаласының «Kokshe Building Service» серіктестіктері көшбасшы болды. Ал, «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында Көкшетау қаласының «Оникс» серіктестігі, Қорғалжын ауданынан «Green Products» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Қосшы қаласынан «Әлихан» жеке кәсіпкерлігі жеңіске жетті. Сондай-ақ, «Азық-түлік мақсатындағы үздік тауарлар» аталымында Көкшетаудағы «Бижан» ет өңдеу кешені» үздік болып танылды. Осы аталым бойынша Бурабай ауданынан «Соколов Р.О» жеке кәсіпкерлігі мен Зеренді ауданындағы «MILK PROJECT» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері де жеңімпаз атанды.
Байқау аясында жеңімпаз атанған тоғыз ақмолалық өндіруші компания Елордада жыл сайын өткізілетін «Қазақстанның үздік тауарлары-2025» көрме-конкурсына қатысады. Биылғы жылы өңірлік байқауда жеңімпаз атанған «Kokshe Building Service» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Астанада өтетін байқауға тұңғыш рет қатысқалы отыр. Компания Ақмола облысының құрылыс нарығында он жылға жуық жұмыс істеп келеді. Кәсіпорын түрлі темірбетон бұйымдарын өндіреді және сатады, сондай-ақ, ол тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар салуға әбден маманданған кәсіби біліктілігі жоғары өндіріс компанияларының бірі болып табылады. Оның өнімдері тек Ақмола өңірінде ғана емес, одан тыс жерлерде де сатылады.
Осы «Kokshe Building Service» серіктестігінің басшысы Асқар Байқановпен тілдескенімізде, ол мұндай байқауларға қатысып, жеңіске жету қазіргіден де үлкен мүмкіндіктер мен артықшылықтар береді, ел арасында танымал болуды қоса алғанда, әрі қарайғы жетістіктер үшін ұмтылыс көзі болып табылатынын жеткізді. Барлық жеңімпаз компаниялар «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсына Ақмола облысының атынан қатысатын болады.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілішісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

