Егемен ел еңсесі
Биыл Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толады. Осы тарихи тұрғыдан алғанда қысқа мерзім ішінде тәуелсіз еліміз экономикада, әлеуметтік салада, мәдениетте және спортта елеулі жетістіктерге қол жеткізді.
Бұл жетістіктер Қазақстанды бүкіл әлемге танытты. Еліміздің, соның ішінде Ақмола облысының бет-бейнесінен де алға басқан аршынды қадамды көреміз.
Елдің жалпы дамуына ақмолалықтар да елеулі үлес қосып келеді. Аймағымыз «Қазақстан – 2030» Стратегиясының мақсаттарына сай алда тұрған міндеттерді дәйектілікпен жүзеге асыруда. Тәуелсіздік жылдары аймақ экономикасы шамамен 5 есе өсті. Ауыл шаруашылығы мен өңдеуші өнеркәсіп секторы жетекші салалар ретінде қазіргі таңда жалпы өңірлік өнімнің 40 пайыздан астамын қамтамасыз етуде. Облыс жоғары сапалы астықтың негізгі өндірушісі және экспорттаушысы. Өткен жылы Ақмола облысы 6,5 миллион тонна көлемінде рекордтық астық жинады. Бұл – Қазақстандағы жиналған астықтың төрттен біріне тең. Облыс экономикасында экспортқа бағытталған түсті металл өндірісі де маңызды орын алады. 2010 жылы Қазақстанда индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру басталғаннан бері аймақта өндірілетін өңделмеген және жартылай өңделген алтынның республикалық көлемдегі үлесі 8 пайыздан 32 пайызға дейін, яғни, 4 есе артты.
Сондай-ақ, республикалық өндірісте мамандандырылған автокөліктердің 73 пайыз, астық жинайтын комбайндардың 51 пайыз, керамикалық қаптау кірпіштерінің 36 пайыз, ауыл шаруашылығы тракторларының 33 пайыз, жүк көліктерінің 7 пайыз үлесін Ақмола облысы қамтамасыз етеді.
Аймақтың өнеркәсіптік өндіріс құрылымында түсті металлургия 39 пайызды, машина жасау 14 пайызды, азық-түлік өндірісі 13 пайызды құрайды.
Астана қаласының айналасында азық-түлік белдеуін жасауға аймақтың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері белсенді қатысуда. Соңғы он жылда азық-түлік өнімдері өндірісінің көлемі 2,5 есе артып, 2024 жылы 252 миллиард теңгеге жетті.
Соңғы он жыл ішінде мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді арттыру мақсатында 12 мың бас ірі қара малға арналған сүт өндіру кешендері мен 13,5 мың бас ірі қара малға арналған мал бордақылау кешендері салынды.
Құс шаруашылығы саласы да қарқынды дамып келеді. Бүгінгі таңда облыста жұмыртқа және ет бағытындағы 8 құс фабрикасы жұмыс істейді. 2018 жылы жылына 50 мың тонна өнім шығаратын Макинск құс фабрикасы іске қосылғаннан кейін, еліміздегі құс еті өндірісіндегі облыстың үлесі 11 пайыздан 39 пайызға дейін өсті. Бұл – Қазақстандағы ең жоғары үлес. 2017-2024 жылдар аралығында құс шаруашылығын дамытуға жеке инвестициялар көлемі шамамен 24 миллиард теңгені құрады, мұның өзі азық-түлік өнеркәсібіне бағытталған капитал салымдарының 19 пайызына тең.
Жалпы, соңғы он жыл ішінде барлық қаржыландыру көздері есебінен негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 4 триллион теңгеден асты, оның 2,9 триллион теңгесі – жеке қаражат.
Қазақстанда жасыл энергетиканы дамыту белсенді жүргізілуде. Жаңартылған энергия көздері бойынша жоғары әлеуетке ие аймақ жел және күн электр станцияларын салу бойынша ірі жобаларды сәтті жүзеге асыруда.
Қазіргі таңда «жасыл» энергия өндіру көлемі бойынша Ақмола облысы 24 пайыздық үлеспен республикада бірінші орында. 2015 жылмен салыстырғанда баламалы энергия көздерінен өндірілген электр энергиясы 17 есеге артып, 1,37 миллиард кВт/сағат болды. Қазіргі уақытта өңірде қуаттылығы 3616 МВт/сағат болатын 16 жаңартылған энергия көзі жұмыс істейді. Олар Аршалы, Зеренді, Ерейментау, Целиноград, Біржан сал аудандарында және Көкшетау қаласының аумағында орнатылған.
Облысымызда тұрғын үй құрылысы да белсенді жүргізілуде. Айталық, 2005-2024 жылдар аралығында 7,2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 66 мың пәтерге тең.
Тәуелсіздік жылдары 37560 оқушыға арналған 77 жаңа мектеп салынды. 2000 жылдан бастап бұрынғы балабақшалар қалпына келтіріліп, жаңалары салына бастады. Жекешелендірілген және жалға берілген балабақшалар мемлекет меншігіне қайтарылды, жекеменшік балабақшалар пайда болды. Мемлекеттік инвестициялар есебінен 10780 орынға арналған 59 балабақша салынды.
35 жыл ішінде аймақта ірі кәсіпкерлік тобы қалыптасты. Сөйтіп, тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 63 мыңға жуықтады. Олардың өңір экономикасына қосқан үлесі 2007 жылғы 13,5 пайыздан 2023 жылы 26,8 пайызға дейін артты.
Ақмола облысының даму перспективалары жедел индустрияландыру мен экономиканы әртараптандыру, халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытын жалғастыруға бағытталған. Осы орайда, облыстың қазіргі қолда бар әлеуеті жаңа тың мүмкіндіктер мен қадамдарға жол ашатынына сенім мол.
Расул ЕРҒАЛИЕВ,
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігі
Ұлттық статистика бюросының Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы.
![]()

