Қоғамның қозғаушы күші

Азаматтық форум

Көкшетау қаласында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаевтың қатысуымен «Халықтың азаматтық мәдениеті – өңірдегі өмір сүру сапасын арттырудың негізі» тақырыбында Ақмола облысының XII Азаматтық форумы өтті.

Азаматтық форум бүгінде өңірлік деңгейдегі жиын ғана емес, бүкіл еліміз үшін стратегиялық маңызы бар оқиға ретінде қалыптасып отыр. Мемлекеттік органдардан бастап, қоғамдық кеңестер, үкіметтік емес ұйымдар, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшелері мен медиа өкілдері, жастар қауымы қатысқан биылғы форумның мақсаты – азаматтық мәдениетті нығайта отырып, ел тұрғындарын қоғамдық өмірге араластыру және әлеуметтік мәселелерді шешуге өңір әлеуетін барынша тарту. Секциялық отырыстардан басталған бұл жиында азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын іске асырудың бірінші кезеңі қорытындыланып, келесі кезеңіне арналған ұсыныстар талқыланды, «Үкіметтік емес ұйымдар туралы» заң жобасы бойынша пікір алмасулар ұйымдастырылды, сондай-ақ, халықтың құқықтық мәдениетін арттыру, инклюзивті қоғам қалыптастыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру және үкіметтік емес ұйымдарды жаңа еңбек нарығына бейімдеу мәселелері де жан-жақты қарастырылды. Соның ішінде, «Tomorrow-х кәсіптер» тақырыбы аясында бүгінде қоғам назары ауып отырған жасанды интеллект, креативті индустрия және цифрлық дағдылар бойынша өткен арнайы секцияда заманауи талаптарға бейімделудің жолдары қаралды.

Форумның пленарлық отырысында өңірлік бастамаларды қолдаудың, құқықтық және институционалдық негіздерді нығайтудың маңызы сөз болды. Пленарлық мәжілісті «Ақмола облысының Азаматтық Альянсы» қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Ирина Тереньтева ашып, жүргізіп отырды.

– Азаматтық қоғам институттарын дамыту – еліміздің стратегиялық міндеті. Бүгінгі шара қоғамда үкіметтік емес ұйымдардың ықпалының артып келе жатқанын білдіреді. Мемлекет тарапынан оларға көрсетіліп жатқан қолдау мен сенім соның айқын көрінісі деп білемін. Бұл еліміздің қоғамда диалог пен әріптестікті берік ұстанатынының белгісі, –дей келе, Досұлан Ерланұлы форумға арнайы келген Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиеваға, Парламент Сенатының депутаты Жанна Асановаға, «Қазақстан халқына» қоры басқармасының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева және басқа да арнайы шақырылған қонақтарға ыстық ықыласы мен ризашылығын жеткізді.

Бүгінде облыс аумағындағы мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуде айтулы рөл атқаруда. Қазіргі таңда аймақта 637 үкіметтік емес ұйым, 5 саяси партияның филиалы, 70 бұқаралық ақпарат құралдары, 78 этномәдени бірлестік тіркелген. Олардың азаматтық бастамаларын қолдау мақсатында биыл мемлекеттік тапсырыс аясында 25 мемлекеттік органның тарапынан 618 миллион теңгеге жүзден астам жоба жүзеге асырылып жатыр. Өңірде жүзеге асырылып жатқан бұл әлеуметтік тапсырыс жобаларының негізгі бағыттары мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету, инватакси, жартылай стационар жағдайында қызмет көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, діни экстремизмнің алдын алу, жастар бастамаларын қолдау болып табылады. Сонымен қатар, облыста 264 мүшесі бар 21 қоғамдық Кеңес нәтижелі жұмыс істеп келеді. Кеңес мүшелерінің 80 пайызы азаматтық қоғам өкілдерінен тұрады. Сондай-ақ, өңірде еріктілер де белсенді жұмыс істеуде. Қазіргі таңда біздің облыста 89 волонтерлік ұйым бар болса, оларда 3600-ден астам ерікті еңбек етуде. Облыс әкімінің орынбасары облыстағы осындай табысты нәтижелермен бөлісе отырып, форумнан жаңа идеялар күтетінін жеткізді. Бұл форум жаңа ынтымақтастықтардың бастауы болуы тиіс, – деді ол сөзінің соңында.

– Бұрын мемлекеттік органдар үкіметтік емес ұйымдарды оппозиция секілді қабылдайтын. Қазір уақыт өте барлығы өзгерді, бұл ұйымдардың мақсатын түсініп, мемлекетке ең жақын әріптес ретінде қабылдайтын болды. ҮЕҰ-дар тарихтан қарап отырсақ, ертеде де әртүрлі формаларда болған. Сондықтан, азаматтық институттар ұсынып жатқан жобалар мен бастамаларды мемлекетке қарсы деп түсінбей, оның қоғамдық маңызын ұғынуымыз керек. Олардың тікелей қатысуымен түрлі заңдарға өзгертулер енгізіліп, жаңа заңдар қабылдап жатырмыз. Жалпы, құқықтық мәдениет қалыптасыруда осы ұйымдардың алар орны ерекше. Құқықтық мәдениет – факультатив емес, өмірлік қажеттілік екенін ұмытпауымыз керек. Өз құқығын білетін адам қоғам өміріне қатысатын, сұрақ қойып, шешім ұсына алатын азамат, – деді Қазақстан Республикасының Парламент Сенатының депутаты Жанна Асанова.

Форумға қатысқан Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Гүлбара Сұлтанова қоғамда жүргізіліп жатқан жүйелі реформаларға тоқталды. Ол сөзінде:

– «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылданды, тоғыз заңнамалық актілерге өзгертулер енгізілді. Бірлестіктерді тіркеу жолдары да барынша жеңілдетілді. Енді бірлестік құруға үш адамның өзі жеткілікті. Онлайн-петициялар, жаңа гранттар мен сыйақы форматтары пайда болды. Ең бастысы, үкіметтік емес ұйымдарға деген сенім нығайып, олар әлеуметтік серіктес ретінде қабылдана бастады, – деді.

Бұдан әрі форумда «Қазақстан халқына» қоры басқармасының төрайымы Ләззат Шыңғысбаеваның аталмыш қордың облыс аумағында қолға алып, аяқтаған жобалары туралы кеңейтілген баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, Ақмола облысында қор 9,5 миллиард теңгенің жобаларын жүзеге асырған.

–Біздің басты мақсатымыз – әр мәселені жүйелі негізде шешу. Қордың қолға алған жобаларын жүзеге асыратын біздің бірнеше серіктестіктеріміз бар. Солардың көмегімен осы облыста денсаулық сақтау саласында 9 жоба іске асырылды. Оның ішінде балалар нейрохирургиясын дамытуға қажетті құрал-жабдықтар,  онкоауруларға қажетті таргеттік терапияны өткізуге керек дәрі-дәрмектер сатып алынды. Қажетті трансплантолог, генетик, УДЗ мамандарын шетелден оқытып алдық. Еліміз бойынша үш жүзден астам адам көз жанарынан айырылып, жарық дүниені көрмей қалған. Сол адамдарға көздің қабыршағын ауыстыру қажет. Сол үшін Американың донорлық базасынан осы қызметті сатып алып, кәдімгі көз қабыршағын жеткіздік, нәтижесінде жүздеген баланың көзі көріп кетті,–дей келе, қордың басқарма төрайымы білім, әлеуметтік қолдау салалары бойынша атқарылған бірқатар маңызды жобаларды атап өтті. Осы жерде бір айта кетерлігі, аталмыш қор Ақмола облысындағы 17 тірек мектепті  қажетті құрал-жабдықтармен қамтып, көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге тұрғын үйлер салып берді.

Форумда сөз алған «Қызылжар» корпоративтік қорының атқарушы директоры Берік Рақышев Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданындағы Петерфельд орта мектебінің ескі келбетін қазіргі заманға сай қайта жаңғыртқаны туралы тәжірибесімен бөлісті. Ол Солтүстік Қазақстан облысына бұл жобамен бармас бұрын, Ақмола облысындағы осындай ескірген 80 мектепті аралап шығып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде біртіндеп жаңартуды ұсынған екен. Алайда, біздің өңірде бұл жоба қолдау таппаған соң, теріскейдегі облысқа барған. Онда 2020 жылы бизнес өкілдерін тарту арқылы тозығы жеткен ескі мектепті қазіргі заманға сай жайлы мектептер деңгейіне жеткізіп, мұғалімдерін қайта даярлау курстарына жіберген, оқушылардың оқу деңгейін жоғарылату бойынша «Жас ғалым» жобасын қоса енгізген. Ол сөзін аяқтай келе, Ақмола облысында да осындай мектептерді қазіргі заманға сай қалыпқа келтіріп, жаңарту үшін серіктестікке әзір екендіктерін жеткізді. Ал, Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева:

–Үкіметтік емес сектор – ол өз бастамаларына жүрекпен сенетін азаматтар ұйымы. Егер бастамашыл азаматтардың жүрегінде сенім болмаса, онда үкіметтік емес ұйымда оларға орын жоқ.  Бүгінде үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік көп қолдау көрсетіліп жатыр. Сондықтан, біздің жобаларымызға бөлінген мемлекет қаржысының әр теңгесі оған еселеніп қайтуы тиіс. Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс туралы заңның шыққанына жиырма жылдан астам уақыт өтті. Бірақ, қазір жағдай бұрынғыдай емес, заң жетілген. Десек те, мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысты көбіне облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктердің ішкі саясат және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармалары мен бөлімдері ғана жүзеге асырады. Қазіргі дамыған заманда барлық басқармалар мен бөлімдер мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстарды жүзеге асырулары тиіс, – деп үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік органдар тарапынан әлі де сенімсіздік барын алға тартты. Осы орайда, ішкі саясат басқармалары әлсіз жұмыс істеп жатқанын сынға алды. Сонымен бірге, облыс орталығында үкіметтік емес ұйымдардың басы қосылатын бір жеке үй салу бастамасын көтерді. Ондай үкіметтік емес ұйымдар үйі Қостанайда ғана барын айтып, облыс әкімінің орынбасарына осындай бір үй ашып беруге қолқа салды. Сөзінің соңында Бану Ғаниқызы барша ұйымдастырушылар мен форумға қатысқандарға зор ризашылығын білдірді.

Форум соңында Ақмола облысының XII Азаматтық форумының қорытынды қарары қабылданды. Онда айтылған ұсыныстар мен бастамалар республикалық деңгейде өтетін XII Азаматтық форумға жолданатын болады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар