Ел үшін атқарған қызметтің жемісі

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Мемлекеттік қызметші күніне арналған салтанатты шараға қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, ел игілігі жолындағы жауапты қызмет барысында үздік нәтижелерімен, табысты еңбегімен көзге түскен бір топ қызметкерлерге түрлі марапаттар тапсырды.

Кез-келген мемлекеттік қызметшіге халықтың сенімін ақтап, мемлекет мүддесін іске асыру жолында жауапты міндет жүктелетіні ақиқат. Мемлекеттің өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамның түрлі саласының алға жылжуы осы мемлекеттік қызметшілердің еңбегі мен жұмыс нәтижесіне тікелей байланысты.

Бүгінде Ақмола облысында мемлекеттік қызмет саласында төрт мыңға жуық адам еңбек етеді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің мәліметінше, өткен жылы 528 мемлекеттік қызметшінің өз құзыреті шегіндегі өтініштері қаралып, олардың жеке құқықтары қорғалған. Департамент жүргізген іс-шаралардың нәтижесінде өңірде жыл сайын мемлекеттік қызметші мәртебесі артып келеді.

«Көкшетау» мәдениет сарайына жиналғандарды кәсіби мерекемен құттықтаған аймақ басшысы өз сөзінде қазіргі кезеңде мемлекеттік қызмет саласы жүйелі өзгерістер кезеңін бастан кешіп жатқанын атап өтті. Бүгінде қызметкерлер жұмысына цифрлық технологиялар енгізіліп, мемлекеттік қызметшілердің құзыреттілігі мен этикасына қойылатын талаптар артып келе жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, ол облыс бойынша азаматтардың мүддесіне басымдық беріле отырып, адал жолмен, нәтижеге бағытталған жұмыс қағидаты орнығып, мемлекеттік қызметте ашықтық, жариялылық принциптеріне негізделген жұмыс күші орын алып жатқанын тілге тиек етті.

–Мемлекеттік қызметші күні бұл тек кәсіби мереке ғана емес, әрбір қызметкердің қоғамдағы рөлін терең түсінуге мүмкіндік беретін маңызды сәт. Мемлекеттік қызметшінің еңбегі  Отан мен халыққа деген адалдықпен өлшенеді. Сіздер мемлекеттік саясатты барлық салаларда жүзеге асыратын негізгі күшсіздер. Мемлекеттік қызметші үшін халықтың сенімінен асқан мәртебе, биік баға жоқ деп білемін, – деді өз сөзінде Марат Ахметжанов.

Сондай-ақ, шара барысында салтанатты түрде алғаш рет мемлекеттік қызметке қабылданған ақмолалықтар ант берді. Олардың арасында Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің бас маманы Камила Әбділманова мен Көкшетау қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас маманы Ерден Нұрмұхамет те бар.

Салтанатты шарада мемлекеттік қызмет саласының бірқатар ардагерлері мен қызметкерлері көп жылғы мінсіз еңбегі үшін «Мемлекеттік қызмет ардагері», «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгілерімен марапатталып, олардың бірқатарына Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді.

Мемлекеттік қызмет ардагері, «Құрмет» орденінің және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ақмола облысының демалыс және туризм индустриясы қауымдастығының президенті, Қазақстан Республикасы туризм саласының құрметті қызметкері Шынарбек Батырханов осы шарада «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісін аймақ басшысының қолынан алып, газетіміз үшін мемлекеттік қызметшінің бүгінгі мәртебесі туралы өзінің ой-пікірімен бөлісті.

–Әрбір мемлекеттік қызметшіге артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Олардың кез-келгені қызметтік этиканы сақтай отырып, өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін елге адал қызмет етуге жұмсауы тиіс. Мемлекеттік қызмет – бұл үлкен жауапкершілік. Мен бүгінгі ант берген жастарға өз салаларының үздік маманы болуға тілектестігімді білдіремін, – деді ол.

Ал, салтанатты шара барысында аймақтағы мемлекеттік қызмет саласы туралы баяндама жасаған Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Думан Әбілов болса, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып келе жатқан мемлекеттік қызметшілердің қажырлы еңбегіне тоқталып өтті.

Оның айтуынша, меритократия қағидаты мемлекеттік қызметті кәсібилендірудегі маңызды құрал болып табылады және осының арқасында өңірде жыл сайын өз жұмысының жетістіктері, сондай-ақ6 кәсіби және жеке қасиеттері арқасында мансаптық ілгерілейтін қызметшілер саны артып келеді. Мәселен, 2024 жылы ішкі конкурстар мен ауыстыру тәртіптері бойынша барлығы 163 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымдарға тағайындалған.

–Облысымызда жоғары білімі бар мемлекеттік қызметшілердің үлесі 89,1 пайызды құрайды, олардың 18,2 пайызының екі немесе одан да көп жоғары білімін растайтын құжаты бар. Оның ішінде 85 адам шетелдік білім иегері болып табылады. Сондай-ақ, біздегі мемлекеттік қызмет ісінде  Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 13 түлегі, 3 «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, 4 ғылым кандидаты, 1 ғылым докторы бар, – деді Думан Әбілов өз сөзінде.

Сонымен қатар, Мемлекеттік қызметші күніне орай, облыста бұдан басқа да шаралар, атап айтқанда қайырымдылық акциялары, мәдени және бұқаралық спорттық іс-шаралары, мемлекеттік қызметшілер арасындағы челлендждер мен «Үздік қызмет көрсетуші» байқауы ұйымдастырылды.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар