Журналистер марапат төрінен көрінді

28  маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты шарада Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов аймақ журналистикасын дамытуға елеулі үлес қосқан бірқатар сала майталмандарына мемлекеттік марапаттар тапсырды.

Салтанатты жиында алдымен, облыс әкімі Марат Ахметжанов отандық баспасөздің дамуына үлес қосқан аймақ журналистерінің айрықша еңбегіне тоқталып, толымды жетістіктері үшін өз алғысын жеткізіп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

–Бүгін тек қалам ұстаған журналистерге ғана емес, сондай-ақ, теледидар мен радио, баспа және басылым саласында жемісті жұмысымен көрініп жүрген барлық мамандарға ортақ қуанышты мереке. Басылымның әр бетінде, экран сыртында сіздердің қолтаңбаларыңыз жатыр. Бүгін сіздердің кәсіби еңбектеріңіз ұлықталған ерекше күн, – деді аймақ басшысы өзінің құттықтау сөзінде.

Содан соң облыс әкімі аймақ журналистикасы жыл санап дамып келе жатқанын, ақпарат кеңістігі күннен-күнге молая түсіп, кәсіби журналистердің білігі арта бастағанын атап өтті. Ол өз сөзінде сонымен қатар, облыста жергілікті басылым, телеарна, ақпараттық портал журналистерімен қатар, аймақ тынысын ел көлемінде насихаттап жүрген жиырмаға жуық республикалық БАҚ-тардың меншікті тілшілері жұмыс істейтінін еске салды. Өз құттықтауынан кейін аймақ басшысы БАҚ саласында өзінің кәсіби шеберлігі мен адал еңбегімен танылған журналистерге мемлекеттік марапаттарды тапсырды. Биылғы кәсіби мереке қарсаңында бірқатар ақмолалық БАҚ қызметкерлеріне ақпараттық кеңістіктегі белсенді еңбегі үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен және мемлекеттік органдар тарапынан әртүрлі марапаттар тағайындалды.

Атап айтқанда,  Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 23 маусымдағы №917 Жарлығымен Отандық журналистиканы дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін баспасөз ардагері Сайлау Көшкенұлы «Парасат» орденімен, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа және Целиноград аудандық «Есіл Нұра» және «Вестник Акмола» газеттерінің редакторы Жанат Түгелбаев «Құрмет» ордендерімен марапатталды. Сондай-ақ, Зеренді аудандық «Зерен» газетінің редакторы Светлана Ким «Ерен еңбегі үшін» медалін және «Қазақстан» РТРК» АҚ Ақмола облыстық филиалының редакторы Зарина Бекқалиева Мемлекет басшысының грантын кәсіби мерекеге орай өткізілген Ақордадағы салтанатты жиында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алды.

Сонымен қатар, салтанатты шарада еліміздегі бейбітшілік пен рухани келісімді нығайтуға, халқымыздың бай мәдени мұрасын сақтау мен дәріптеуге қосқан сүбелі үлесі үшін «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, белгілі жазушы-дарматург Жабал Ерғалиевқа О.О.Сүлейменов атындағы «Халықтар достығы» орденімен, ал, облыстық «Арқа ажары» газетінің бет қаттаушысы Жұмабике Күтербековаға «Еңбек ардагері» медалі табыс етілді.

Ал, ақпарат саласында адал қызмет етіп, өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарып, кәсіби қызметінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген қызметкерлер, «Қазақстан» РТРК» АҚ Ақмола облыстық филиалының редакторы Мақпал Айбабина мен Атбасар аудандық «Простор Атбасар» газетінің бас редакторы Елена Вергун «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Сондай-ақ, еліміздің мемлекеттік саясатын ақпараттық қамтамасыз етуде жеткен жетістіктері үшін бірқатар әріптестерімізге Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасы және Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаты тапсырылды.

Алаштың арысы Міржақов Дулатовтың «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты» деп айтқанындай, бүгінде баспасөз саласының тынысы тарылуға, оның аяқ алысының бәсеңдеуіне жол жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамның күре тамырына айналып отырған қарқынынан айырылған жоқ. Керісінше, жыл санап, жаңа технология жетістіктерінің арқасында қанат жайып, даму үстінде. Аймақтың әр саладағы жетістіктерін кеңінен насихаттау және халыққа жеткізу мақсатында он аталымнан тұратын «Арқа төрі – Ақмола» атты дәстүрлі байқау биыл да өз жалғасын тауып, арнайы комиссияның шешімімен бір топ журналистер және бұқаралық ақпарат құралдары Ақмола облысы әкімінің 300 мың теңге көлеміндегі осы сыйлығына ие болды. Олардың қатарында Жанайдар Мусин атындағы аталым бойынша жеңімпаз атанған және осы төл мерекеміз алдында ғана «Қазақстанның құрметті журналисі» атағына ие болған республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі Байқал Байәділов, сондай-ақ, «Ең үздік аналитикалық материал» аталымы бойынша үздік шыққан «Арқа ажары» газетінің тілшісі Майра Тоқанова да бар.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
 «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар