Сол бір бейне
Шынын айту керек, өз басым республикалық «Халық кеңесі» газетінің қызметкері болғанға дейін бұрын-соңды Жұмабек Кенжалин деген журналист ағамызды тақа білмеуші едім. Тек анда-санда орайы келгенде облыстық «Көкшетау» газетінде бірге қызмет істеген әріптесім әрі досым Кәрібай Мұсырманның аузынан осы есімді зор ілтипатпен естіп қалатыным бар-ды. Ондайда Кәрекең «КазГУ-де бірге оқыған тарихы тарлан Торғайдың жігіті» деп сүйсіне айтып отыратын. Сонда көңілге «жақсы бір азамат болды ғой» деген ой келуін келгенімен, түбі бетпе-бет жүздесіп қалатынымызды, тіпті, қол астында қызмет атқаратынымызды кім біліпті.
Содан 1991 жылдың 7 ақпанында жаңадан ашылып жатқан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің органы – «Халық кеңесі» газетіне жұмысқа шақырылып, Алматыда осы басылымның Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Целиноград және Павлодар облыстары бойынша аймақтық тілшісі болып тағайындалдым. Өзімде әлі күнге дейін сақтаулы сол бұйрыққа бүгін де қимай көз салсам, соңында газеттің бас редакторының орынбасары Жұмабек Кенжалиннің ұзыншалап қойған қолы тұр. Жаңа орта, баспасөз беттері мен кітаптарынан ғана сырттай таныстығым болмаса, бұрын біле бермеген кілең «сен тұр да мен атайын» дейтін сайдың тасындай жігіттер мен қыздар. Іштерінен жүзбе-жүз таныңқырайтыным, ертеректе Алматыдан ақын-жазушылар тобымен Көкшеге келіп кеткен Нұрдәулет Ақышев ағамыз.
Бізді, болашақ меншікті тілшілерді жылы шыраймен қарсы алған редакция ұжымындағы сол күнгі шығармашылық ахуал кісі қызығарлықтай еді. Бұл кезде ә дегеннен көптің көңілінен шыққан жаңа газеттің оқырман қолына тиіп келе жатқанына да бірнеше айдың жүзі болып қалған. Сол күні де үйреншікті жұмыс ырғағы бізбен ғана кеңдеу, еркіндеу арнаға ойысқандай болғанымен, бәрінің де назары газеттің ертең шығайын деп жатқан кезекті санында болатын.
Әзірге «Халық кеңесіне» жұмысқа қабылданып жатқан меншікті тілшілер үшеу едік. Алматы жоғары партия мектебінен шақыртылып алынған Таңатқан Дәркенов, Ақтөбе облысынан келген Серік Жолдыбаев және мен. Көп ұзамай редакция қызметкерлері төрт көзі түгел жиналып, біздің келуімізге орай ұйғарылған сол күнгі жиналыс та басталып кетті. Газеттің бас редакторы Сарбас Ақтаев ағамыз өзіміздің Көкшетаудан. Мана жігіттермен бірге межелі уақытта жеткенімізді білдіріп, сәлем бере кіргенімізде, алдымен сұрап шыққаны елдің, одан қалды, облыстық газет басындағы өзі білетін азаматтардың амандығы еді. Енді осы жиналғанда бар зейініміз – ол кісінің бізге қарата жаңа басылымның сол бір ел тәуелсіздігі алдындағы алмағайып тұста еңсерер міндеті мен көтерер жүгі, осы үдеден көрінуде газеттің жергілікті жерлердегі көзі мен құлағы саналатын меншікті тілшілерге жүктелер сенім хақында шегелегендей қылып айтқан әр сөзінде.
Оң иығына ала, ә деп көргеннен ақсұңқар Сәкеннің сұлулығы мен бекзаттығын көз алдымызға әкелгендей болған орынбасары Жұмабек Кенжалин отыр. Маңдайы жарқырап, әдемі жүзіне қою мұрты одан сайын сән берген қалпы, сөз кезегі өзіне тигенде, бас редактордың сарабдал ойын әрі өрбітіп, өз қосып-түйгенімен әңгіме иінін және бір қандыра түскені, әрине, кейін бағы осы бағыт-бағдармен жанған жаңа басылым табалдырығын алғаш аттап жатқан бізге де керек-ақ талаптар еді. Сол екі күнде жеке алдын көріп, жақын танысып-білісіп, тапсырмасын алып шыққанымызда да мінезі ақжарқын, кішінің өзіне де кішірейіп тұратын жаратылысы бай, өте кішіпейіл де мәдениетті жан екендігін баса аңғарған жайымыз бар-ды.
Бұған дейін 17 жыл бойы республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде бас редактордың орынбасары, кейін бірінші орынбасары болған Сарбас Ақтаев ағамыз жаңадан осы «Халық кеңесі» газетін шығарып, қалыптастыру кезеңінде сол іске сүйеу боларлық көмекшілерін көбіне-көп өзі таңдап, іріктеп алғаны да белгілі ғой. Осы жолда басты бір таңдау сол кезде баспасөз саласында мол тәжірибе жинақтап, қазақ журналистикасының белді бір өкіліне айналған жас та алғыр Жұмабек Кенжалинге түсуі де тегін емес еді. Сол газет қабырғасында біз алғаш көргенде Жұмабек аға қырықтың қырқасына да жетпеген жасаң жігіт еді. Басшының айналасына кілең қаламдары қарымды, талаптары тас жаратын, сол жылдардағы буырқанған саясат, егемендік, өкілетті билік, тарих мәселелерін орайлы сөйлеткенде, оқырман ілтипаты газетке одан сайын арта беретін небір шебер журналистер топтасқан болатын. Осы күні атақ-абыройлары одан әрі шығандап кеткен сол аға әріптестеріміздің ішінен қайсыбірін бөле-жара атаудың өзі қиын. Оның орнына біздің айтпағымыз, тәуелсіздігіміздің сол толғанысты-тебіреністі айшығы да, қиыннан жол табар сын-қатері де аз болмаған алғашқы жылдарында ел ықыласын өзіне молынан аударған «Халық кеңесі» үшін таразы басында алдымен бүкіл ұжымның жұрт оқырлық жақсы басылым жасау жолындағы ортақ күш-жігері тұратын. Сондықтан, көптің көңілінен шықсақ деген бір ғана ниетпен өз-өзіне қамшыны көп басқан басылымға жергілікті жердегі өкілі бола жүріп, бір қайнауы ішінде, тұзы кем әлдебір материал жолдаудың өзі болмайтын іс еді.
Осы арада, «Халық кеңесі» газетінің тілшісі деген мәртебелі аттың әлі де жүректе жүрген ыстық табымен алға қарай кетіңкіреп қалсақ та, тағы бір тоқталар тұсымыз, сондағы басылым тізгінін ұстап отырған Сарбас ағаның осы газет жұмысында орынбасары Жұмабек Кенжалинге тап өзіндей сенгені. Сөзіміздің басында айтылған тілшілер бұйрығында да тайға таңба басқандай осы Жұмекеңнің қолы тұрғаны сол сенімнің бір дәлелі емес пе?!
Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар болады. Кейде Сарбас ағамыз сондай бір жақсылы-жаманды хабарлармен шұғыл елге келіп қалады. Осы елдің баласы әрі газет өкілі болғандықтан, ондайда қарсы алып, жанына ілесемін. Сонда ара-арасында газеттің жайына алаңдап, орынбасарымен сөйлеседі. Ананы-мынаны сұрастырып біліп, тапсырып, телефонның әр жағынан жауабы ойдағыдай шыққан соң көңілі бір жайланып қалады.
–Жұмабек қой, – дейді сосын маған қарап. – Газеттің жұмысын жақсы біледі. Ол да біраз мектептен өтті ғой…
Қазір Сарбас ағаның есімде қалған осы бір сөздерін санамда қайта жаңғырта отырып, өз кезінде елімізде шығып тұрған белді де беделді, шоқтығы биік басылымдардың бірінің ол тұста әлі жас өз басымыз үшін үлкен шыңдалу мектебі болғанын да қалай ауызға алмассың?! Газет бетінде біріміздің жақсы мақаламыз шыға қалса, соған қызығып, солай жазуға ұмтылып, «Халық кеңесімен», ондағы жақсы ағаларымызбен қаламымыз да ұштала, намысымыз да қайрала түскен жақсы күндер әлі де көз алдымда. Осылай бәріміз жүгін жұмыла көтерген газеттің барған сайын әу баста үш-төрт облысқа біреуден ғана келген меншікті тілшілер қатары да көбейіп, енді әр облыста бір-бір көзі мен құлағы жұмыс істейтін болғанбыз. Күндердің күні бас редактор не орынбасарының қолымен айлық, тоқсандық жұмыс есебіміз келіп қалады. Ондағы редакция алқасы тарапынан берілген баға мен айтылған пікірлер де оңай-оспақ емес. Қайда жүрсек те, осы басылым деп қоятын азды-көпті адал еңбегіңнің жүрексіне отырып бағамдайтын басты бір өлшемі.
Міне, осылай жинақылыққа да, жаңа бір тәртіп, жауапкершілікке де үйреткен «Халық кеңесі» қашан тарап, басы ноқтаға сыймай кеткенінше өзінің тартымдылығы, ұлт мінберіне айналған бай мазмұнымен оқырман ілтипатына бөлене берді. Бұл үрдіс осы басылымда өзін түсіне де, қолдай да білген мұраттас ұжыммен тыңнан айпаралы газет жасап, баспасөз бағын асырған Сарбас аға «Ақиқат» журналына бас редактор болып тағайындалғаннан кейін де сол қалпында жалғаса түсті. Өйткені, ол кісінің орнын енді өзі меңзегеніндей, газет жұмысын жақсы білетін, айналасымен сыйласа жүріп, сыпайы тіл табысқан Жұмабек ағамыз басты.
Осы арада аз жылда өз заманының тең-тең жүгін көтерген, жүзі жарқын басылым басшысының 1995 жылы баспасөзге жазылу мәселесімен біздің Көкшетау облысына келген бір сапарына да тоқтала кеткеннің еш артықтығы жоқ қой деймін. Ол бір енді ғана қол жеткен тәуелсіздігіміздің өндіріс біткен тұралап, жұмыссыздықтың да бел алып, халықтың күнкөрісі жұқара бастаған елең-алаң кезі еді. Әлі есімде, газет қамымен солтүстік өңірлерде іссапарда жүрген Жұмабек ағаны Петропавл жақтан қарсы алып, сол кездегі Көкшетау облысы әкімшілігінің басшысы Қызыр Жұмабайұлы Ыбыраевтың қабылдауына бардық. Әкім бірден қабылдап, облыстың хал-ахуалы мен газеттің жай-жапсары туралы байыпты әңгіме болды. Өйткені, соның алдында газетіміздің бас редакторының облысқа осы сапары жайында әкімнің көмекшісі, әрі өзіміздің қаламгер әріптесіміз Серік Смағұловқа күні бұрын құлаққағыс етіп қойғанбыз. Оның үстіне өзі де сол тоқсаныншы жылдары республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған облыс басшысы «Халық кеңесі» газетін бір адамдай жақсы білетін. Ол кезде өңірлерде жергілікті өкілетті орган – облыстық Кеңестердің қысқартылып әрі қарай қалай болары белгісіз болып тұрған тұсы. Содан Жұмабек аға Көкшетауда бір күн қонып, келесі күні әкім құп көрген, қазағы басым бірер ауданды аралап, өзі ат басын тіреген сол өңірлердің сый-құрметімен асығыс келесі облысқа жүріп кетті. Расында да, сол жылы басшымыздың өзі келіп, бас көрсетуімен, газет таралымы біз күткендей жақсы болып, «балапанды күзде санар» тұста қуанып қалдық.
Одан әрі… Иә, одан әрі көп ұзамай, «Халық кеңесі» газеті жабылып қалды. Жұмабек ағаны енді араға жылдар салып, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің атынан біздер де барып тұратын Астанадағы түрлі баспасөз жиындарында көретін болдым. Бұл екі арада республикалық «Ақиқат» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газеттеріне жетекшілік еткен ағамыз «Ана тілі» ұлттық апталығының да бастауында тұрып, қазақ басылымдарына өлшеусіз еңбегін сіңірді. Осының бәрінде ара-арасында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысып, саяси ғылымдардың кандидаты атанғанында, тәуелсіз еліміздің ақпарат саласына қосқан зор үлесі үшін Президент сыйлығына ие болып, танымал қаламгер ретінде баспадан кітаптары шығып жатқанында да сырттай болсын, шын тілектес жандардың бірі болғаным өзіме аян. Сол тілектестікті кейде телефоннан «бір құттықтайтын ретім бар-ау» деген қоңыраулар да жалғап қойған кездер есіме түспейді емес, түсіп отыр.
Ұзақ жылдар құрамына бірнеше белді басылымдар кіретін «Қазақ газеттері» серіктестігінің тізгінін ұстағаны да бәлкім, «Халық кеңесімен» де ұшталып, толысқан басшылық қарымынан-ау. Анда-санда сол Елордада жүздескен кездерімізде жылы ұшырай амандасып, ақ көңіл, ақ ниетпен шүйіркелесіп қалатынбыз. Соңғы рет 2017 жылы журналистика саласында жаңадан тағайындалған «Үркер» ұлттық сыйлығын тапсыру салтанатында кездесіп қалдық. Сол жылы осы сыйлықтан үміткерлер қатарына біздің «Арқа ажары» газеті де кіріп еді. Ұйымдастырушылардың ұйғаруымен қызыл кілем үстімен жүріп келеміз.
–Қалай ұнай ма? – деп жымияды сәл әзілге басып, өз газет-журналдарының үмітін үкілей келген Жұмабек аға.
Артынша бір ай өтті ме, өтпеді ме, сұм ажал қазақ баспасөзінің осы бір көрнекті өкілін де ойда-жоқта қара жер қойнына алып тынды. Жұмабек Кенжалин есімі, бітім-болмысы шын қайғырмасқа, қапа болмасқа қоя ма?! Сол күндері Алматыға барып, қабіріне топырақ сала алмасам да, абзал азаматтың қазасына орай, отбасына Көкшетаудан жолдаған жеделхатым әлі күнге көңіліме бірсыдырғы демеу.
Өткен күнде белгі жоқ емес, бар. Сол бір сапарында жаздай жаратылысы, жарқын жүзімен, сонау бір жиырмасыншы жылдары Көкшеге келген ақсұңқар Сәкендей, төрімізде отырып, ол кезде әлі кішкентай Қуаныш ұлымыздың шашынан сипап, «үлкен жігіт бол» деп ақ тілегін арнап еді. Сонда осыны жақсы ырымға балаған біз де бүгін өзіңізді қимай, амалсыз «жатқан жеріңіз жайлы болсын, әз аға» дейміз. «Елім» деп соққан жүрегіңіз, «халқым» деп ұстаған қаламыңыз Сізді де қазағымызға ұмыттырмай, тірілермен бірге келер күндерге апара береріне сөз бар ма?!.
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Көкшетау.
![]()

