Елімізде 6 шілдеде Астана күні және Ұлттық Домбыра күні атап өтіледі. Бұл мерекелерге орай, елордада дәстүрлі түрде жүзден астам түрлі бағыттағы іс-шара ұйымдастырылатын болады. Олар туралы білу мереке күндері ел жүрегі – елордамызға жол түсетін ақмолалықтарға да артықтық етпес деген ойдамыз.
Олай болса, биыл елорда тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше оқиғалар, концерттер, шоулар, қойылымдар, акциялар, көрмелер, спорттық турнирлер және басқа да көптеген іс-шара әзірленіп отыр.
Жаз бойы демалыс және мереке күндері елордалық саябақтарда «Отбасы Time» балалар шығармашылығы фестивалі өтіп жатыр.
30 маусымда елордада IV Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестивалі салтанатты шеруімен басталды. Фестивальдің мақсаты – халықаралық мәдени байланыстарды нығайту, кәсіби шеберлікті дамыту және қуыршақ театры өнерін насихаттау. Шараға Англия, Аустрия, Қытай, Түркия, Грузия, Испания, Тайланд, Өзбекстан елдері мен Қазақстанның өңірлерінен театр ұжымдары қатысуда. Фестиваль 4 шілдеге дейін жалғасады.
30 маусым мен 6 шілде аралығында Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында Дүниежүзілік бокс қауымдастығы World Boxing аясында ерлер мен әйелдер арасында бокстан әлем кубогы өтуде. Финалдық жекпе-жектер 6 шілде күні сағат 14:00-де және 19:00-де өтеді. Кіру тегін.
Осы апта бойы Астананың қоғамдық, мәдени-спорттық орындары мен ареналарында қала тұрғындары мен қонақтарын неше түрлі қызғылықты да тартымды шаралар күтіп тұр.
Мерекенің ең маңызды шарасы Астана күнінің алдында және мереке күні өтеді. 5-6 шілде күндері Орталық саябақта «Мерекелік саябақ» атты отбасылық демалыс фестивалі өтіп, екі күндік бағдарламаға Астана, Алматы, Мәскеу қалаларынан шығармашылық ұжымдар қатысады.
5-6 шілде күндері Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Мемлекеттік драма және комедия театры алғаш рет «Армандар орындалады» спектаклін ұсынады. Сондай-ақ, «Жастар», «Наз», «Қанаттылар» театрларында және Музыкалық жас көрермен және Максим Горький атындағы академиялық орыс театрында жоспарланған спектакльдер қойылады.
6 шілдеде Ұлттық домбыра күніне орай мерекелік іс-шаралар «Атырау» көпірінде және Орталық саябақта өтеді. Мерекелік концерттік бағдарлама Амфитеатр сахнасында жалғасады. Сонымен қатар, қаланың тұрғын алаптарында күндізгі мерекелік концерттер өтеді. Оған Мәдениет басқармасына қарасты мекемелердің шығармашылық ұжымдары мен қазақстандық эстрада жұлдыздары қатысады. Осы күні Домбыра күніне орай «Қазақ елі» монументі алаңында «Jastar Energy» жастар концерті өтеді.
6 шілдеде «Астана-Арена» стадионы аумағында отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен OPEN AIR концерті, «Қазанат» ипподромында бәйге түрлерінен «Елорда кубогы» турнирі және қазақтың ұлттық спорт түрлерінің үздіктері мен мықтылары қатысатын «Толағай» сайысы, 7 шілдеде Амфитеатр сахнасында «Жастар» сарайының эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен «Алтын домбыра» мектебінің 400 оқушысының қатысуымен Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік-концерттік бағдарлама өтеді. Сондай-ақ, 8 шілдеде Амфитеатр сахнасында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты ұйымдастырылады. Сонымен бірге, осы күндері Молдова Елшілігі ашылады.
Елорда әкімдігінің ресми сайтынан ықшамдалып алынды.
![]()

