Мәжіліс депутатының сапары
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Айна Мысырәлімова жұмыс сапарымен Көкшетау қаласында болып, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттер үйін аралап көріп, оқу орнының ұжымымен кездесті.
Көкшетаудағы бес қабатты студенттер үйі ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылып, пайдалануға берілген еді. Заманауи жиһазбен, тұрмыстық техникамен жабдықталған ғимарат осы уақыт аралығында студенттердің алаңсыз өмір сүру және оқуы үшін қолайлы ортаға айналып үлгерді. Мұнда сондай-ақ, ас дайындайтын, кір жуып, оны кептіретін, үтіктейтін заманауи машиналар, санитарлық тораптар, плазмалық теледидарлар бар. Сонымен қатар, еңселі ғимарат ішінде медициналық пункт, оқу, мәжіліс залдары, кең асхана орын тепкен. Кіріп-шыққандарды бақылайтын басқару жүйесі үшін электронды-техникалық қызметі орнатылған. Бұл жүйенің артықшылығы сол – студенттердің ата-аналарының өз үйлерінде отырып-ақ, балаларының сабаққа қатысуы мен оқу үлгерімін, сондай-ақ, жатақханаға кіріп-шығуын тікелей бақылауын қамтамасыз етеді. Студенттер үйінің ішін аралап көрген Мәжіліс депутаты мұндағы студенттер үшін жасалған қолайлы жағдай мен ондағы қызметтердің сапасына оң бағасын берді.
Сондай-ақ, сапар барысында Айна Мысырәлімова университеттің оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында жоғары білім беру саласындағы өзекті мәселелер, білім беру гранттарын көбейту, білім беру бағдарламаларын кеңейту, мамандар даярлау сапасы және жастарды қолдау бастамалары талқыланды. Осы кездесуде әсіресе, Ақмола облысы бойынша туризм мамандығына жыл сайынғы оқу грантының аз бөлінетіндігі айтылды. Мәжіліс депутаты бұл мәселені өзіне түртіп алып, алдағы уақыттардағы Мәжілістің жалпы отырыстарында көтеретінін жеткізді.
Содан соң, Мәжіліс депутаты Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаевпен және білім басқармасының өкілдерімен «Baqkuatty Audan» пилоттық жобасын жүзеге асыру мәселесі бойынша кездесу өткізді. Бұл бастама Мемлекет басшысының Жолдауы аясында және «Aманат» партиясының, «ANSA» қоғамдық қорының, «Esen Foundation» жеке қорының, сондай-ақ, облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалардың бірі. Ауыл тұрғындары үшін тең мүмкіндіктер мен лайықты өмір сүру жағдайларын жасау жобаның негізгі мақсаттарының бірі. Оның негізгі бағыттары білім беру, денсаулық сақтау және инклюзия салаларын қамтиды. Сонымен қатар, қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайтуға, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және барлық тұрғындар үшін инклюзивті орта қалыптастыру да осы жобаның басым бағыттарының бірі.
Кездесу барысында аталмыш жобаның 2024-2025 жылдар аралығында Целиноград ауданы бойынша іске асырылу жұмыстары талқыланды. Жоба аясында мұғалімдердің шеберлігін арттыру мақсатында Назарбаев зияткерлік мектептерімен бірлесіп, 300-ге тарта семинар-тренингтер өткізілген. Сондай-ақ, Астана қаласының оқушылар сарайында шалғай ауылдардағы жас мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған форум ұйымдастырылған. Осы жоба нәтижесінде Ақмол ауылында ковиркинг орталығы іске қосылып, Талапкер ауылында жасанды интелект, робототехника, кәсіп және қаржылық сауаттылық сияқты салаларды қамтитын үйірмелер ашылыпты. Жиын барысында тараптар Мәжіліс депутатына бұл аталмыш жобаның өзге де өңірлерді қамтуы жөнінде өз ұсыныстарын жеткізді.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

