Жасай бер, жайнай бер!
Адамның арман-қиялына, сезім-әсеріне шектеу бар ма?! Еліңнің астанасы айбарлы, кең құлашты, алып та сұлу болса, өзіңнің де айдарыңнан жел есіп, мерейің өсіп жүреді екен. Оның дамып, өсіп, қарқындап алға басуы еліңнің де алға басуының көрінісі емес пе?!
Астанаға барғанда Кенесары, Қабанбай, Бауыржандардың алып ескерткіштерін, ауқымды алаңдарын, дағарадай даңғылдарын көріп марақаямын. Небір жоғары оқу орындарының, ғылыми орталықтардың, музейлер мен кітапханалардың атауларын оқып, көңілім өседі. Өз елімнің Сарыарқаның төрінен, сағымды даладан аз уақыттың ішінде осындай келбетті, көркем шаһар тұрғызғанына шаттанамын. Оның әлі де алып құрылыстар салу үстінде екенін көріп масаттанамын. Салынып жатқан айналма жолдар, көпірлер, көгалды алаңқайлар, қаланы боран мен желден қорғаған қолдан егілген орманға қарап қуанамын.
Шет елдердің атақты президенттері мен ғалымдары, тарихи, танымал тұлғалары келіп, елордамыз туралы оң пікір айтқанда төбем көкке жетеді. Келегендер еліміздің бас қаласының талғаммен тұрғызылған ғимараттарын, қияға қол созған қимыл-әрекеттерін көріп, ізгі ой үстінде болмас па?! Осынау тек қана алға басып, өрлей дамып келе жатқан Астанада ғылым мен білімге құштар, озық ойлы жастардың көбірек тұратыны, олардың батыл ізденістері мен ұмтылыстарына риза боламын. Өз перзенттерімнің де сол астананың қызу тірлігінің бел ортасында жүргені үшін өзімді бақытты сезінемін. Кешегі абыз Әбіш, қайсар Фариза, алапат Несіпбек, ақшуақ Ақселеу, тағы басқа бірегейлердің тұрып, өмір сүрген қаласы ретінде тағзым етемін. Ақшаңқан қала әлі талайларға шабыт сыйлап, қанат бітіріп, олардың талай биіктерді бағындырарына да сенемін. Жеңістер жалғаса бермек. Ерке Есілдің жағасындағы ару қаланың бұдан да айбаттанып, бұдан да бедерленіп, көркейе беруіне бек тілектеспін! Жасай бер, Астана!
Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
сурет: img1.advisor.travel
![]()

