Мәжіліс депутатының сапары
Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева Көкшетау қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көріп, олардың жағдайына назар аударды.
Жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаты жақында ашылған Белсенді ұзақ өмір орталығына барып, оның тыныс-тіршілігімен танысты. Халық қалаулысы орталықтағы үйірмелердің жұмысын көріп, онда келушілермен тілдесті, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Қариялар алғыстарын білдіріп, мұндай орталықтардың егде жастағы адамдар үшін аса маңызды екенін, оның белсенді өмір салтын ұстануға және қоғамнан шет қалмауға зор мүмкіндік беретінін айтты. Наталья Дементьева соңғы жылдары елімізде әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізіп, бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға арналған бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөйлеген сөздерінде әрқашан қарт адамдардың, яғни, зейнет жасына жеткен азаматтардың әлеуметтік жағдайын көтеріп, осындай белсенді өмір сүру орталықтарын әр аймақта ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Өйткені, қазіргі кезде азаматтар зейнетке шыққаннан кейін қоғамнан тыс қалып қояды. Бұл мәселе біздің де назарымыздан тыс қалып жатады. Енді осыны міндетті түрде қалпына келтіруіміз керек. Өз басым «Аманат» партиясының мүшесі ретінде аймаққа шығуды жоспарлағанда міндетті түрде осы объектімен танысамын деп жоспарлағанмын. Алдағы уақытта осындай нысандарды еліміздің барлық облыс, аудандарында ашуымыз керек, –деді Наталья Григорьевна.
Бұдан соң Мәжіліс депутаты мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығының құрылыс барысымен танысты. 150 орынға лайықталған бұл әлеуметтік маңызы бар нысан «Аманат» партиясының Жол картасы аясында жүзеге асырылуда. Алайда, 2022 жылы басталған бұл жоба құрылыс нарығында қажетті материалдардың тапшылығына байланысты уақытша тоқтатылған көрінеді.
–Былтыр жаңа жобаның нұсқасын әзірлеген едік, бірақ, ол мемлекеттік сараптамадан теріс қорытынды алды. Осының салдарынан құрылыс бүгінгі күнге дейін тоқтап тұр. Биыл 16 маусымда мердігер ұйымға ресми түрде жұмысты қайта жандандыру туралы ескерту хат жолданды. Шілденің 16-сына дейін құрылыс қайта басталмаса, келісім-шарт бұзылып, жаңа мердігер ұйым анықталады, –деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Байқуанышев.
Бұл сөзге иланбаған Мәжіліс депутаты аталған орталықтың маңыздылығына тоқталып, ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың қоғам өміріне белсене араласуында және қажетті әлеуметтік қолдауға қол жеткізуінде мұндай мекемелердің айрықша рөл атқаратынын атап өтті. Осы ретте, ол алдағы уақытта бұл мәселеге ерекше назар аударып, құзырлы министрлік тарапынан қажетті шаралар қабылдануына ат салысатынына, олардың орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажет екенін жеткізді.
Ы.ШАМШИЕВА.
Суретті түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

