Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қосшы қаласына жұмыс сапары барысында мұндағы құрылыстың жайымен танысып, атқарылып жатқан істердің қарқыны мен сапасын тексерді.
Қосшыда ұзындығы 2,2 шақырым, ені 20 метр болатын жаңа сквердің құрылысы басталды. Жаңа демалыс орны қала тұрғындары үшін көрікті демалыс аймағының біріне айналмақшы.
Республика көшесінің шығыс беті Алтай көшесі мен Қарқаралы тас жолының аралығында абаттандырыла түседі. Сөйтіп, сквер Қосшының қала мәртебесін алуына төрт жыл толуына орай пайдалануға беріледі. Жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «СК Арнау Сервис» ЖШС-нің күшімен жүзеге асырылып жатыр.
– Кейде жобаны қағаз жүзінде әдемі етіп сызғанымызбен, нақты іске келгенде, тас төсеу жұмыстарының өзі дұрыс орындалмай, түрлі кемшіліктер шығып жатады. Сондықтан, асығыстық жұмыс сапасына кері әсерін тигізбесін. Сквер мен саябақтар салуда тәжірибеміз жоқ емес, бар. Жуырда облыс орталығы Көкшетау қаласында Қопа көлінің жағасында жаңа жағалау салынып, енді «Көкшалғын» қоғамдық кеңістігін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қосшы – Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған алғашқы қала. Қала тұрғындары да осы бір жайлы жағдайды сезініп, игілігін көруі тиіс. Бұл – біздің Қала күніне арналған сыйымыз, – деді аймақ басшысы.
– Біздің жобамыз шығыс бөлікте «Қосшы» жазуынан бастап 1600 метрді, ал, батыс бөлікте 600 метрді абаттандыруды көздейді. Бүгінгі таңда біріншісінің топырағын тегістеп, екіншісіне ауыстық. Алдағы уақытта бедертас төсеп, табиғи шөп егіп, шырша, үйеңкі, жөке ағаштарын отырғызамыз. Құрылыс жұмыстарына шамамен 20 арнайы техника жұмылдырылған, – деді «СК Арнау» ЖШС бас директорының орынбасары Данияр Жексембинов.
Сондай-ақ, облыс әкімі «Сиреневый сад» тұрғын үй кешенінде де болып, мұндағы құрылыстың жай-жапсарымен танысты. Қала күніне орай, осы үйден 103 үлескер көптен күткен пәтерлерінің кілттерін алады.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
![]()

