Іргелі кәсіпорын еркін тыныстап тұр

«Степногорск подшипник зауыты» акционерлік қоғамы  ай сайын орташа есеппен 100 мың подшипник өндіреді. Кәсіпорында 2500 адам еңбек етеді. Орташа жалақы 375 мың теңге көлемінде. Кәсіпорын өңірдегі іргелі кәсіпорынның санатында. Мұнда теміржол, вагон жөндеу, тау-кен металлургия өндірістеріне қажетті подшипник өндіріледі. Өзіндік еңбек дәстүрі қалыптасқан іргелі кәсіпорынның сонау 1972 жылы қабырғасы қалана бастаған. 1977 жылдың желтоқсан айында алғашқы өнімін шығарды.

Міне, осы сәттен бастап үзбей еңбек етіп келеді. Уақыт өткен сайын жаңғыру үстінде. Алғаш келген адам кәсіпорынның 32 гектар жерді алып жатқан аумағына қарап таң қалар еді. Қай тұсқа қарасаңыз да өндіріс мәдениеті, жұмыс орынның тазалығы, қалыптасып қалған тынымсыз ырғақ, мүлтіксіз қимыл, машықты жұмыс сәті көзге түсер еді. Бұл жерде табаны тастан таймаған тарланбоздай қауырт еңбек етіп жатқан жұмысшыларға тәп-тәуір жағдай туғызылған. Алдымен айта кетерлігі, мұнтаздай таза тұрмыс корпусы. Мұнда техникалық кітапхана орналасқан. Өңірдің тынысы мен кәсіпорындағы еңбек табысы озат жұмысшылардың өзгеге үлгі болар ілкімді іс-қимылы туралы жағымды жаңалықтарын жеткізіп тұратын радио студиясы бар. Ал киім шешетін, жуынатын бөлмелері талапқа сай. Кәсіпорын жұмысшыларын дәмі тіл үйіретін аспен қамтамасыз ететін асхананың іші кірсе шыққысыз. Жұмысшылар кезекті ауысымнан кейін спорт залға жиналып, өзара жарыс өткізеді.

Кәсіпорындағы цехтардың осы заманғы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі еңбек өніміне және өздері шығаратын өнімнің сапасына тікелей әсер етуде. Кәсіпорынның бас директоры Алексей Кукушкиннің айтуына қарағанда, кәсіпорынның өнімі елімізде және алыс-жақын шетелдерде сұранысқа ие. Өнімнің 15 пайызы қазақстандық тұтынушыларға ұсынылса, қалғаны экспортқа жөнелтіледі. Тұтынушылардың географиялық аумағы да айта қаларлықтай. Еуропа елдері мен сонау Африкаға дейін. Мұншалықты сұранысқа ие болудың сыры неде дейтұғын болсақ, бұл жерде ең алдымен халықаралық талапқа сай сапаға басты мән беріледі. 2023 жылы зауыт барлық сараптамадан сәтті өтіп, еуропалық стандартқа сай өнім өндіретіні туралы сертификат алған. Өнімді өткізу үшін Германия мен Польшада өз офистерін ашқан.

Кәсіпорын тынысын кеңейту үшін өндірісті ұдайы жаңғыртып отыру қажеттігі белгілі. Бұл мәселе толық шешімін табуда. 2024 жылы 2 миллиард теңге көлемінде инвестиция құйылса, ағымдағы жылы жаңа инвест-бағдарлама аясында 1,5 миллиард теңге бағыттау көзделіп отыр.

Қазір кәсіпорында өнімнің ондаған түрі өндіріледі. Шикізат елімізден және Қытайдан жеткізілуде. Подшипниктің жаңа түрлері кәсіпорынның конструкторлық қызметінде жобаланып сынақтан өткізіледі. Ұйымшыл ұжым жылына 2 миллионнан астам өнім өндіруге қуаты қаптал жетіп тұр. 2024 жылы 1 миллион 616 подшипник өндірілсе, ағымдағы жылдың наурызына дейін 52 миллион өнім тұтынушыларына ұсынылған екен.

Бір айта кетерлігі, кәсіпорында өндірістің барлық айналысы өз қолдарымен атқарылады. Мына бір титімдей зат былай қарағанда елеусіз дүние болып көрінгенімен, техника мұнсыз жүре алмас еді. Мәселенің мәні де осында. Кәсіпорын өнімдері бір-бірімен байланысып жатқан негізгі 6 цехта дайындалады. Ең соңында өздерінің төл таңбасы басылған қорапшаға салынады. Сәл ғана таратып айта кетелік. Алғашқы  сәт болашақ подшипникке айналатын металды қалыптау. Одан соң жаңағы металл токарьлық цехына жеткізіледі. Ол жерде қалыптау аяқталған соң келесі цехта жонып-қырып, тегістеп дайындайды. Құю цехында 99 адам жұмыс істейді. Олар дайын өнімдерді сырлап, әрқайсысын өз ұяшықтарына қондырып бекітеді. Цех басшысы Дмитрий Корбмахер бізге осы заманғы құрылғыларды көрсетіп, олардың атқаратын шаруасын егжей-тегжейлі түсіндіруде. Бұл жердегі бар жұмыс Кореяның құрылғылары арқылы атқарылады екен. Бірнеше жыл бойы сынақтан өткен, қателік пен кем-кетік жібермейтін сенімді құрылғылар. Токарьлық жұмыстың барлығы заманауи Қытай станоктары арқылы жүзеге асырылады. Сандық бағдарламалық басқару орнатылған. Өңдеуден өткізілген бөлшектер жинақтау цехына жолдама алады.

Олег Ададимов басшылық ететін инструменталды өндірістік қызмет технологиялық жаңғыртулармен қамтамасыз етілген негізгі цехтың бірі. Бұл жерде 155 адам еңбек етсе, оның 33-і инженерлік-техникалық қызметкерлер. Олардың ішінде кәсіпорында ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан токарь-фрезеровщик мамандары бар. Бір айта кетерлігі, кәсіпорында қызмет ететін жұмысшылардың дені егде адамдар.

Міне, кәсіпорынның ішіндегі негізгі цехтың ішінде майталман маман, токарь Алексей Володин болашақ подшипникті тазалау үстінде. Станокты қоспас бұрын бағдарламаға қажетті өлшем бірліктерді түсіреді. Құрылғыны қалыпқа келтіріп алғаннан кейін кішкентай тетікті басса, токарьлық жұмыс өз-өзінен қалыпты ырғақпен жұмыс істей жөнеледі.

Бұл бір күрделі геометрия, – дейді токарь, – өлшем бірлігі өте нәзік болғандықтан, қолмен істей алмас едіңіз. Өндірген өніміміз кінәратсыз болу үшін дәлдік керек.

Келесі цехта 8 жұмысшы өндіріске қажетті шикізат дайындауда. Қып-қызыл боп балқыған металдан шыққан ыстық леп апшыңды қуырардай. Ал жұмысшылар ыстық-суыққа әбден үйреніп, қайыңның безіндей қатып алған. Ең қажетті мамандық иелері де осы цехта жұмыс істейді екен. Олардың арасында берекенің балғасын солқылдатып соғып жатқан ұста, қалыптаушы, металл балқытушылар да бар. Өте ауыр, әйтсе де, қажет іс. Цех басшысы Евгений Грачевтің мәлімдеуіне қарағанда, цехта дайындалатын 78 түрлі өнімнің салмағы 3 келіден 40 келіге дейін жетеді екен. Мұндағы жұмыс осы заманғы жапон құрылғысы арқылы жүзе асырылады екен. Евгений бізге Қытай қазандығын көрсетті. Қазанның қызуы 780-790 градусқа дейін жетеді. Биыл жаңа насостар орнатылыпты. Кәсіпорынның бас механигі Сергей Головастиковтың айтуына қарағанда, ұста цехы заводтың жүрегі. Бұл жерде де инвестиция игілігінің әсерінен жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жаңа насоспен қоса жаңа компрессор орнатылған. Жаңғыру үздіксіз жұмыс істеуге, әрі жұмыстың процесін жетілдіруге септігін тигізіп тұр.

Кәсіпорындағы бар жұмыс бір-бірімен үйлестіріліп атқарылады. Соңғы кезең – жинау цехы. Соңғы цехта өнім тағы бір тексеруден өткізіліп, қораптарға салынады. Бұл арада роботтар жоқ. Тек тәжірибелі жұмысшылардың қуатты сезімтал қолдары бар. Көздері үйренгелі қашан. Подшипниктің барлық бөлшектері бір-біріне құрастырылып, өнім дайын болады. Құрастырылған өнім желі арқылы радиациялық зияндылығын бақылайтын учаскеге жеткізіледі. Одан соң тағы бір тексеріліп, қоймаға жөнелтіледі.

Зертхана басшысы Лилия Ониськоның айтуына, қарағанда, соңғы кезеңде қатал сынақ күтіп тұр. Зертхана өнімнің қаншалықты берік екендігін сынайды. Әрине, жаңа құрылғы арқылы. Бұл жерге неміс құрылғысы орнатылған. Инженер-технолог Фархат Кумаков зауыттың орталық зетрханасында 4 жылдан бері еңбек етеді. Оның негізгі міндеті – өнімге бақылау жасау.

Біз күтпеген тағы бір жаңалық алдымыздан оралды. Кәсіпорынның «Движение» деп аталатын өз газеттері бар екен. Оқып көрдік. Адал еңбекке үндейді. Еңбек адамдарының қадір-қасиетін дәріптейді. Осыдан 15 жыл бұрын өз мұражайлары ұйымдастырылыпты. Қызылды-жасылды көркем суреттер ғана емес, кәсіпорынның әр жылдардағы табысы, сол  табысты оралтып, игілікті үйіріп жатқан қарапайым жұмысшылардың қажыр-қайраты, ардақты есімдері. Өндіріс озаттарының жарқын бейнелері алтын қорға енгізілген.

Міне, осындай істен үлгі алған, алға ұмтылған жастар да аз емес. Жақсылыққа үндеудің, игілікті істердің төңірегінде топтастырудың нәтижесінде осы кәсіпорында жұмыс істеп келе жатқан 40-тан астам еңбек әулеті бар. Даңқты еңбек жолының діңгегі де солар емес пе.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

 Степногорск қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар