Айжарқын Ибрагимқызы Ахметова – өз ісіне шын берілген, кәсіби білікті маман. Ол «Жабай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің білікті қызметкері. Міне, 10 жылдан астам уақыт қырман меңгерушісі қызметін атқарып келеді.
Осы жылдар ішінде Айжарқын Ибрагимқызы жоғары жауапкершілігімен, еңбекқорлығымен және өз ісіне деген жанашырлығымен көзге түскенін айту парыз.
Әдетте, әйел затына қырмандағы жұмысты басқару оңай емес. Бұл істе көбіне көп ер азаматтар жүретіндігі белгілі. Өйткені, ақық дәннің жауапкершілігі кейде «өзім» деген бір адамның басынан да асып жатады. Соған қарамастан, осы міндетті көптен атқарып келе жатқан Айжарқынның бұл жұмыста мерейі үстем, қарамағындағыларға айтқаны бұлжымас заң.
Өйткені, олар осы бір талапшыл әрі өз ісіне мұқият келіншектің ортақ істегі қабілет-қарымын жақсы біледі. Ол бастамашыл, сенімді әрі тәжірибелі маман. Оның кәсіби шеберлігі мен еңбегі кәсіпорынның тұрақты әрі нәтижелі жұмыс істеуіне елеулі үлес болып қосылуда.
Айжарқын Ибрагимқызының еңбегі бірнеше мәрте серіктестік, өзге де тиісті орындар тарапынан Алғыс хаттармен атап өтілген. Әріптестері арасында зор сый-құрметке ие болып келе жатқаны да осы адал еңбегі, ақжарқын мінезінің арқасы.
Осындай жанашыр адамдардың арқасында шаруашылықта өнегелі еңбек дәстүрі мен ұрпақтар сабақтастығы әрі жалғасып, өндірісте жоғары жетістіктерге қол жеткізу мүмкін болып отыр.
Суретте: көбінесе ер азаматтарға тән қырман меңгерушісі міндетін абыроймен атқара білген Айжарқын Ахметова.
Сандықтау ауданы.
![]()

