Форум
Астанада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарының Педагогикалық шеберлік орталығының жас мұғалімдерге арналған «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» республикалық форумы болып өтті.
Оған облыс аумағындағы ауылдардан таңдап алынған 14 жас педагог қатысты. Форумда еліміздің түкпір-түкпірінен келген, кәсіби жолын енді ғана бастаған, жаңа идеяларға ашық әрі үнемі өзін жетілдіруге ұмтылған 300-ге жуық ауыл ұстазы бас қосты. Қатысушылар алдында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының бағдарламалар мен жобалар жөніндегі басқарушы директоры Серікбек Елшібеков, «Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры» Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Күләш Шәмшидинова және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарының басқарма төрағасының орынбасары Жанбота Қабдыкәрімова сөз сөйлеп, форум жұмысына сәттілік тіледі.
Ашылу барысында сөз алған NIS басқарма төрағасының орынбасары Жанбота Жетілбекқызы жас мұғалімдерге артылар сенім мен үміттің зор екенін баса айтты:
– Жас ұстаз – кез келген мектептің ең басты стратегиялық ресурсы. Білім ордасының дамуы да, болашағы да сіздердің кәсіби өсулеріңізге тікелей байланысты. Мұғалімнің шеберлігі – ол мектептің бет-бейнесі, абыройы мен қуаты. Сіздер қандай болсаңыздар, ертеңгі білім сапасы да сондай болады, –деді ол.
Педагогикалық алаң білім беру саласының заманауи бағыттарын қамтыды. Қатысушылар инклюзивті білім беру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізу жөніндегі өзекті мәселелерді талқылады. Шеберлік сыныптарында пәндік инклюзия, геймификация элементтері, онлайн-платформалар арқылы тапсырма құрастыру, эмоциялық интеллектті дамыту және AI құралдарын тиімді пайдалану жолдары ұсынылды.
Форум аясында жас педагогтер тек тыңдаушы ғана емес, өз тәжірибелерін де ұсына алды.
Форумның мазмұнын байытқан ерекше сәттердің бірі – TED Talks форматындағы мотивациялық сессия болды. Онда түрлі салада жетістікке жеткен мамандар жас ұстаздарға өз тәжірибесі мен табысқа жету жолын баяндады. Спикерлер қатарында Future-IT робототехника мектебінің негізін қалаушы Дамир Нұркежанов, Орталық Азия мен Кавказ елдері бойынша мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі кеңесші Азиз Искаков және «Forbes 30 Under 30» тізіміне енген математика пәні мұғалімі Евгений Солоницын болды. Олар айтқан шынайы әңгімелер ұстаздық жолдың мәні – тек білім беру емес, сонымен бірге жүрекпен жасалатын жауапты миссия екенін айқын көрсетті.
Жиынның жарқын спикерлерінің бірі Евгений Солоницын жас педагогтерге арнаған үндеуінде жаңашылдықтан қорықпауға, тәжірибе жасап көруге және үнемі дамуға шақырды.
Сондай-ақ, форумда жас педагогтер үшін мазмұнды тренингтер мен воркшоптар, қызықты педагогикалық квестер, өзекті мәселелерді қамтитын панельдік сессиялар және Зияткерлік мектептердің жас ұстаздарының шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.
Айта кетейік, «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» форумы биыл төртінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Бұл – 2022 жылдан бері NIS Педагогикалық шеберлік орталығының табысты түрде жүзеге асырып келе жатқан жүйелі бастамасы. Жас мамандардың кәсіби қалыптасуына бағытталған платформа аз уақыт ішінде тәжірибе мен шабыт алмасуға арналған маңызды алаңға айналды.
Алина МОРОЗ,
Көкшетау қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектебінің» PR-менеджері.
![]()

