Айтайын дегенім
Өз басым әлі күнге дейін таңмын, бүгінде тоқшылық па, бәсекешілдік пе, әйтеуір, не көп, той-домалақ көп, ырду-дырду көп. Нарық қаншалықты қыспағына алса да «Ойбай, мына заманда дүбірлетіп той өткізбек түгілі жер нанымызды, ішер тамағымызды тауып, күнелтсек жарады» дейтіндер де табылар.
Қайта ертеректе о дүниелік боп кеткен әке-шешелері көрден қайта тіріліп келгендей, жоғарыдан қоңырау шалынса болды, білектерін сыбанып, бастарын шұлғып, осы іске белсене кірісіп кететіндіктерін қайтерсің.
Тіпті, кейінгі кезде есімдері көпке әйгілі атақты адамдарды былай қойып, ел қатарлы өмір сүріп жатқан қарабайыр еркек, әйелдерге шейін мүшел жастарын, елуге, алпысқа, тағысын тағыға толғандарын тойлай бастады. «Е, тойласа тойлай берсін, сенің не шығының шықты, тойласа ел-жұрттың батасын алады, тойласа өз тапқанын өзі жұмсайды, тойласа өзі шығындалады, сенің жұмысың қанша?» дейтіндердің де табылатынын білемін.
сурет anatili.kazgazeta.kz сайтынан.
Бірақ, тойлағанның да жөні бар-ау деп қоямын дағы кейде. Өйдейтінім, ана бір жылдары газеттерде қазақ ауылдарындағы ер азаматтарды қойып, қыз-келіншектердің кәмелеттік жасқа толғандарын, нәрестелі болғандарын, көйлек-көншек, етік-шұлыққа дейін сатып алғандарын жуып жүріп, ішкіштерге айналып кеткендерін, жанұяларында береке болмай, ұрыс-керіспен ажырасып жатқандарын да жиі жазатынбыз.
Ал, қазір ше? Бүгінде қағаздың тапшылығынан аптасына үш рет шығатын облыстық газеттерде, одан қалды, аудандық газеттерде түрлі құттықтаулар шығып жатады десек, еш өтірік емес. Мейлі шыға берсін дейсің ғой тағы. Шықса, редакцияның есеп-шотына аз да болса тиын-тебен түседі. Түптің түбінде ол да пайда. Әйтпеген күнде қағаздың жетіспеушілігінен, қаржының жоқтығынан көршілес облыстардың қайсыбір газеттері уақытылы шықпай да жатыр емес пе. Ол аздай штат қысқартыңдар деген нұсқау тағы бар. Ал, газет бетінен суреті жарық көрген, не құттықтау жариялаған той иесінің мерейі өсіп қалатындығы тағы шындық.
Әйтсе де неге екенін білмеймін (бәрі ақшаның көзін табудың амалы болса керек – автор.) соңғы уақытта осы газеттерде «Еске алу», тағысын тағы айдарлармен өз ажалынан, не мезгілсіз тосыннан, тіпті қайғылы жағдайда қайтыс болғандар, ертеректе өлгендер жайлы хабарлар, естеліктер жиі беріле бастағандығы да ойлантпай қоймайды. Жарайды, аруақтарды қозғамай-ақ қояйық, бірақ, кейінгілерге сауап болсын дейсің ғой, әйткенмен ескі жараның, ескі қайғының бетін тырнағаннан не ұтпақпыз біз?!
Бұған керісінше, ауыл-ауылда ертеректе дүниеден өткен, кезінде атақ-беделі болған қарияларды, не өнер адамдарын еске алып, зиярат басына барып, құран бағыштап, құран оқытып, ас беріп жатса, «Өлі риза болмай, тірі байымайдының» кебін кисек, мұның жастарымызға пайдасынан басқа зияны болмас еді дер едік. Және оның тәрбиелік мәні де ерекше екендігі өзінен-өзі түсінікті.
Осыған мысал ретінде анада іргелес қоныстанған Ортақ және Қарағаш ауылдарында облыста колхоз құрылысын тұңғыш ұйымдастырушылардың бірі болған Сейфолла Мұқанов пен коллективтендіру кезіндегі алғашқы белсенділердің бірі Шаймерден Назаровтардың аруақтарына бағышталып, құдайы ас берілгендігін айтсақ та жеткілікті. Мұндағы тағы бір есте қаларлығы, осы рәсімдер тек құран оқылып, ас берумен ғана шектелмей, жастар алдында ел азаматтары жайлы ұлағатты сөздер айтылып, ата салт-дәстүрінің жалғасуымен ерекшеленді.
«Бұра сөйлеген күлуге жақсы» демекші, осы арада әзілім де, шыным да сол сонау елуінші жылдары нақақтан нақақ «халық жауы» атанып, 73 мүшел жасында Қарлагтың (Қарағанды) түрмесінде белгісіз жағдайда қайтыс болған атайды, туғанына 90 жыл толған өз әкейімізді (ол да марқұм болған) еске алып, ағайын-туысқандармен ақылдасып, ас бермекші болдық қой баяғы. Ондағы мақсатым жоғарыдағыдай ел қарияларының батасын алу, жастарға тәлім-тәрбие көрсету.
Сөйтіп жүргенде не керек, кездейсоқ жерден өзім де қатты сырқаттанып, ұшып түстім. Үйде де, ауруханада да жаттым, емханасына да, санаторийіне де барып емделдім. Енді осы арада айтайын дегенім, мәселе қайда барып, қайда жатып емделгенімде емес, қарттық жасқа тақақтап қалған тұсымда жанұя мүшелерін, өз туған-туысқандарымды, бауырларымды, жора-жолдастарымды үрейлендіріп, өзімнің де «о дүниелік» болып кете жаздағанымда болып отыр. Содан не керек, күлейін бе, жылайын ба, хабарсыз кеткен атайдың, марқұм болған әкемнің мүшел тойын тойламақ түгілі әупірімдеп өзімнің тірі қалып, шиеттей балаларымның бағына әлі күнге жер басып жүргеніме тәубә еттім. Енді Құдай қаласа, тіршілік болса, ел қатарлы біз де ер жасына толармыз-ау деп қоямын, іштей күпініп.
Иә, тағыда қайталап айтсақ, қазақта бүгінде не көп, той көп. Тойдың болғаны жақсы-ау, бірақ. Шетінен тізіп шықсаң, шілдехана тойы, сүндет той, бесік той,.. Ал, үлкендер жағында мүшел той, 60, 70, 80-ің тағы бар. Жастардың үйлену тойы ше?! Сұмдық!..
Үйленбей жатып, ішіп-жемдік мейрамхана, мінер көлік, киер киім таңдау да модаға айналып бара жатқан сияқты соңғы кезде. Ал, осы тұрған Көкшетауда тойға барған бір адамның отыратын орнына ғана 7-8 мың теңге сұрайтындар көбейіп бара жатқандығы неліктен?! Жекеменшіктегілердің ісі бұл! Сонда дейсің-ау, мұндай пұлды әркімнің қалтасы көтере бере ме?
Мұны қойшы-ау, қазір мындағыларды керексінбей, Астанадан асаба, әнші-бишілерді де әдейілеп шақыру әсірешілдікке айналып барады. Әйткенмен, соларың, жиналған көпшіліктің көңілін таба білсе жақсы ғой. Өйдейтінім, анада тойға келген әнші қызымыз барылдап, шарылдап, бір-екі ән айтқан болды да, қалтасына салып берген ақшаны алысымен тайып тұрғанын не дерсің?! Обалы, той иесінің өзіне.
Тойға шақырған соң баруың керек. Бірақ, кейбір асабалардың той басталар-басталмастан музыканы даңғырлатып қойғызып, алдыңда тұрған асты жер-жеместен, жиналған жұрттың мазасын кетіріп, (біреудің қан қысымы көтеріліп жатса, екіншісінің жүрегі қысып қалса дегенім ғой – автор.) әлденендей ойын бастап, жын-ойнаққа айналдырып жіберетіндіктері несі?!
Әйткен күнде соларың қайта домбыра шертіп, ән айтып, қисынды күлдіргі әзіл-қалжыңмен жиналған қауымды ұйыстырып әкетпей ме? Өйткені, жастары жетіп, егде тартқан қарттарды, ақ жаулықты аналарды шетелдік музыка даңғырымен естерін шығарғанда не ұтпақ қалта қағар асабаларың дейсің тағы осы арада
Ал, бұдан сұмдығы, әсірешіл қазақ кейінгі кезде әнші-бишілерді, тіпті асабаға шейін әлгінде айтқанымдай, Елордасы Астанадан шақырта бастады. Сонда бар ғой, өзіміз мақтаныш етіп жүрген Роза Әлқожаларың, (теледидардан естігеніміздей – автор.) айтқан екі-үш әніне біржарым миллион теңге сұраса, басқаларының бағасы, тіпті мұнан асып түседі екен.
Олай болса деймін-ау, мұның өзі осындағы нешік түрлі құбылтып ән салатын әншілерімізді, мың бұрала билейтін бишілерімізді менсінбегендік пе, әлде атын шығарып, ел алдында беделін көтергілері келетіндердің ісі ме бұл!?
Әйткенмен, қалтасы көтерсе, тойласа, тойлай берсін дер-ау біреулер. Мейлі. Тек алдағы тойларда амандықпен қауышып, сау-саламат жағдайда кездесейік ағайын дейміз дағы. Әйтпесе, ойлап та, ойнап та айт, өз бала-шағаңның, жора-жолдастарыңның, құрбы-құрдас замандастарыңның арасында әйтеуір, әзілдесіп-қалжыңдасып, күліп-ойнап, алшаң басып, тірі жүргенге не жетсін!..
Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі,
«Парасат» орденінің иегері, еңбек ардагері.
сурет qamshy.kz сайтынан.
![]()

