Құрметті оқушылар, қадірлі ұстаздар және ата-аналар!
Сіздерді Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бірінші қыркүйек – әрқайсымыз үшін мектеп кезіндегі балалық шағымыз бен естен кетпес естеліктерімізді еске түсіретін қуанышқа толы мереке.
Мемлекет балаларымыздың білім алуына қолайлы жағдай жасап келеді. Биылдың өзінде аймақта «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында тоғыз жаңа мектеп бой көтеріп, ондаған оқу орындары күрделі жөндеуден өткізілді. Педагогтарымыздың кәсіби біліктілігі мен оқушылардың білім сапасын арттыру жұмыстары жалғасуда. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Мұның барлығы мемлекеттің қолдауынсыз мүмкін болмас еді. Осының бәріне мемлекетіміз елеулі түрде қол ұшын беріп отыр.
Биыл біздің мектептеріміздің табалдырығын алғаш рет 12 мыңнан астам бүлдіршін аттайды. Олардың білім жолында биік шыңға шығып, толымды жетістіктерге жетуіне тілектеспін. Ал, осы жеткіншектерге білім мен тәрбие беретін құрметті ұстаздарға жоғары кәсібилігі және өз ісіне деген адалдығы мен үнемі алға ұмтылыстары үшін зор алғысымды білдіремін!
Жаңа оқу жылы оқушылар мен ата-аналарға және ұстаздарға мол жетістік пен толағай табыстар әкелсін! Сіздерге зор денсаулық, шалқар шабыт пен бақ-береке тілеймін!
***
Құрметті педагогтар мен ата-аналар, қымбатты оқушылар!
Ақмола облыстық мәслихатының депутаттық корпусының атынан Сіздерді Білім күнімен құттықтаймын!
Білім – табысты мансап пен бақытты өмірдің берік негізі. Ел болашағы білімді ұрпақтың қолында, сондықтан да, елімізде білім беру жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Елімізде мемлекеттің қолдауы арқасында қолжетімді әрі сапалы білім алу үшін барлық жағдайлар жасалуда. Жыл сайын саланың қаржыландыруы ұлғайып, мектептердің материалдық-техникалық базасы нығая түсуде. Оқыту үдерісіне заманауи технологиялар мен жаңа әдістемелер белсенді түрде енгізіліп келеді.
Мәселен, 2024-2025 оқу жылында «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында жалпы сыйымдылығы 12 200 оқушы орындық тоғыз заманауи мектеп, атап айтқанда, Көкшетау қаласында әрқайсысы 1 500 орындық екі мектеп және Целиноград ауданында 9 мыңнан астам оқушыға арналған жеті мектеп ашылды. Бұл аймақтағы әрбір баланың сапалы білім алуына жасалған маңызды қадам.
Құрметті ұстаздар!
Сіздерге мамандыққа деген адалдықтарыңыз, жоғары кәсібиліктеріңіз, педагогикалық шеберліктеріңіз және жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде үнемі тиімді шешімдерді іздестіргендеріңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Жаңа оқу жылында сіздерге тың шабыт, жаңа педагогикалық жетістіктер, мықты денсаулық және амандық-саулық тілеймін!
Оқушылар мен студенттердің табандылық пен еңбекқорлық, өз қабілеттеріне сенімділік танытып, жаңа білім шыңдарын бағындыруларына тілектеспін!
Бейбіт Жүсіпов,
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы.
![]()

