Жағдай жасалуда

Жұмыс сапары

Қыркүйек – жаңа оқу жылының алғашқы айы, әрі алдағы жылыту маусымының пысықталу кезеңі. Осы ретте, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Степногорск қаласына жұмыс сапары да осы келелі мәселелерге орайластырылды.

 Бестөбедегі жаңа мектеп

Алдымен аймақ басшысы Бестөбе ауылындағы биыл ғана пайдалануға берілген №1 жаңа мектептегі Білім күніне орайластырылған «Мектебім –мейірім мекені» атты  салтанатты шараға қатысты. Облыс әкімі оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, өз сөзінде білімді жастардың көп болуына тілектестігін білдірді. Оқу ордасының бастауыш сыныптарында 214 бала, ал, 5-11 сынып аралығында 231 бала, жалпы, 445 оқушы білім алады. Екі қабаттан тұратын ғимараттың аумағы – 4576 шаршы метр. 28 оқу кабинетінің әрқайсысында 25 баладан отырып, сабақ оқи алады. 300 орындық жаңа ғимарат 1958 жылы салынған ескі мектептің орнын басқан. Биыл үш бірінші сынып жаңа мектеп табылдырығын аттады.

Білім беру мекемесі орталық жылу жүйесімен қамтамасыз етіліп, су жүйесі де жолға қойылған. Жазғы демалыстан соң, оқуын сағынып қалған балалар мен мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндер ұлағатты ұстаздарымен қуана-қуана қауышты. Оқушылардың білім деңгейін  арттыруда, сөз жоқ, мектеп директорының да орны бөлек. №1 мектептегі ұлағатты ұстаздардың алды – Күлтай Мағзұмова. Университетті «Орыс тілі және әдебиеті» пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған ол еңбек жолын сонау сексен алтыншы жылы қарапайым мұғалімдіктен бастап, араға жылдар салып, мектеп директорына дейін көтерілген. Бүгінде білікті маман – Бестөбе ауылындағы осы орта мектептің басшысы.

–Ескі мектеп ғимараты апатты жағдайда еді. Жаңа мектептің ашылғанына қатты қуаныштымыз. Кең, жарық, жағдайы өте жақсы. Менің отбасымда үш оқушы бар, үшеуі де осында оқитын болады, – деп қуанған көпбалалы ана Алена Қожахметова өз әсерімен бөлісті.

Марат Ахметжанов он бірінші сынып оқушыларымен кездесіп, оларға Степногорскіде энергетика мен ауыл шаруашылығы бағыттарының маңызын атап, жаңа оқу жылында сәттілік тіледі. Айта кетейік, облыс әкімі мектепке 3 грант бөлетінін айтып, оқушыларды және қуантты.

«Айбын» да іске қосылды

Келесі кезекте аймақ басшысы қаладағы «Айбын» спорт залының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаржысына салынған ангарлық үлгідегі кешен құрылысы 173 миллион теңгеге түсіп, небәрі бір жылдың ішінде аяқталды. Қала тұрғындарын құттықтаған Марат Ахметжанов мұндай спорт ғимараты дене шынықтыру және спорт саласын әрі қарай жетілдіре түсетінін атап өтті.

– Бүгінде аймақтағы спорт сарайлары мен дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін қоса алғанда, 10 ірі спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Бүгін ашылып отырған және жедел салынған спорт кешені осы жүйенің маңызды бөлігі. Мұндай нысандарды салу тек инфрақұрылымды дамыту емес, бұл – жастарымыздың болашағына деген инвестиция. Бұл кешен жаттығулар мен жарыстар өтетін орын ғана емес, салауатты өмір салтын қолдайтындардың шынайы орталығына айналатынына сенемін, – деді аймақ басшысы.

Үш жарым жыл бұрын құрылған «Қазақстан халқына» қоры Ақмола облысында 12,8 миллиард теңге сомасына 26 қайырымдылық бағдарламасын жүзеге асырды. Өңір денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қолдау, мәдениет пен спорт салаларын қамтитын бірлескен жобалардың саны бойынша көш бастады. Әсіресе, спорттық бастамаларға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мысалы, облыста «Ақмола облысы аудандарында шаңғы спортын дамыту. «Лыжня в село» жобасы» сәтті жүзеге асырылды. Қордың қолдауы арқасында мектептер кәсіби және әуесқой шаңғы спортына арналған жабдықтармен қамтамасыз етілді. Оның ішінде шаңғы, аяқ киім, бекіткіштер, таяқтар және роликті шаңғылар бар.

–Жобаның сәтті іске асуы оның ауқымын кеңейтуге мүмкіндік берді, біздің қаржыландыруымызбен облыстағы барлық балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері кәсіби және әуесқой шаңғы құралдарымен жабдықталды. Қайырымдылық жобасының екі кезеңінде жалпы құны шамамен 160 миллион теңгенің түрлі деңгейдегі керек-жарағымен 1,5 мыңға жуық спортшы қамтылды, – деді өз сөзінде қор өкілі Бауыржан Оразғалиев.

Қор қолдауы қуантады

Бұдан бөлек, Степногорск қаласында №3 арнайы мектеп-интернаты да қолдауға ие болды. Онда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 158 бала оқиды. 2023 жылы оқу орны 33 миллион теңгенің грантын ұтып алып, ол қаражат оқу кабинеттерін жабдықтауға жұмсалды.

– Мектепте барлық орындар оқушылармен қамтылған, интернатта өзге елді мекендерден келген 27 бала тұрады. Бізде 22 сынып бар, оқу екі тілде жүргізіледі. «Қазақстан халқына» қорының арқасында біз 10 кабинетті, оның ішінде бастауыш сынып кабинеттерін, шеберханаларды және география кабинетінің жабдықтарын алдық. Енді балаларымыз заманауи парталарда оқиды, интерактивті тақталар мен жаңа құралдарды пайдаланады, – дейді мектеп директоры Шолпан Тәуірбаева.

Білім беру мен спорттық бастамалардан бөлек, ұйым аймақ тұрғындарына да қолдау көрсетеді. Оның көмегімен ауыр науқастарға көмек беріліп, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда, оңалту орталықтары ашылып, студенттерге гранттар ұсынылып келеді. Степногорск қаласында жүзеге асқан жобалар «Қазақстан халқына» қорының қызметі кешенді сипатқа ие екенін және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталғанын көрсетіп отыр. Бұл қор жалпы, Ақмола облысында 2022 жылдан бері 9,5 миллиард теңгенің қайырымдылық көмегін көрсеткенін айта кету керек.

Алдағы қыс тағы сынайды

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары барысында Степногорск қаласындағы тағы басқа да бірқатар нысандарды аралап, қаланың активімен кеңес өткізді. Кеңесті ашқан аймақ басшысы ерекше назар аударуды қажет ететін бірқатар міндеттерді атап өтті.

– Жалпы, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы оң қарқынға ие, негізгі көрсеткіштерге қол жеткізілді. Өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы және тұрғын үйді пайдалануға беруден басқа бағыттарда өсім бар. Қаланың облыс көлеміндегі өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі – 23 пайыз. Дегенмен, үшінші жыл қатарынан өнеркәсіп көрсеткіштерінің төмендеуі мен инвестиция тартудың төмен деңгейі байқалады, – деді Марат Ахметжанов.

Кеңесте қаралған басты мәселелердің бірі алдағы жылыту маусымына дайындық болды. Қала әкімі Гайдар Қасеновтің айтуынша, ең басты әрі ауқымды бағыт – жылу-электр орталығын жөндеу. Биыл бұл мақсатқа кәсіпорынның өз қаражаты есебінен 7,5 миллиард теңге бөлінген. Жұмыстарға қазан агрегаттарын, газ өткізгіштерді және бас түтін мұржасын күрделі жөндеу кіреді. Бұл тек жабдықтың техникалық сенімділігін ғана емес, сонымен қатар оның энергия тиімділігін арттырып, болашақта шығындарды азайтып, степногорлықтардың үйлеріне тұрақты жылу жеткізуге мүмкіндік береді. Үкімет резервінен магистральдық жылу желілерін жөндеуге 2,7 миллиард теңге бөлініп, тарату желілері қайта құрылуда және қалаішілік желілерге күрделі жөндеу жүргізілуде.

Марат Ахметжанов қаланы қысқа дайындауда жүйелі жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, стратегиялық нысандардағы жөндеу жұмыстарынан бастап тұрғын үйлерге жылу беруге дейінгі процестерді қамту қажеттігін айтты. Сондай-ақ, қаланы абаттандыру мәселелері қаралды. Өңір басшысы жұмыс сапары аясында аулаларды тазалау сапасының төмендігі мен жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстарының әлсіздігіне назар аударып, еріктілер мен тұрғындарды тарта отырып, қалада, соның ішінде Бестөбе кентінде де сенбілік өткізуді тапсырды.

Жылыту маусымы жақындай қалса, сұрағымыз қарша борап, назарымыз бен ықыласымыз қатар ауатын нысан – Степногорск жылу-электр орталығы. Сонау 1966 жылдан жұмыс істеп тұрған орталықта бүгінде 500-ден астам маман еңбек етіп жүр. Кәсіпорынның отын жағатын 6 энергетикалық қазандығы мен электр өндіргіш 5 турбинасы бар және қаланы жылы сумен қамтамасыз ететін бір су қыздыру қазандығы жұмыс істейді. Негізгі жабдықтардың жалпы тозу деңгейі – 61,8 пайыз. Биыл жөндеу жұмыстарына бөлінген 7,4 миллиард теңгеге №2 және №5 қазан агрегаттарына күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Сол жұмыстар атқарылып жатыр. Оның нәтижесі қандай болатындығын әрине, алдағы қысқы жылыту маусымы көрсетері анық. Осы ретте, облыс әкімі алға қойған міндеттерді қала әкімдігі ойдағыдай ескере алса, бәрі дұрыс болады деген сенім бар.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Степногорск қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар