Тіліміздің болашағы жарқын болса екен

Тілдер он күндігі

«Болашақ сарайында» ұлт руханиятының шамшырағы, тіл ғылымының атасы атанған Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырылған Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі аталып өтті.

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, тіл жанашырларына және облыстық байқау жеңімпаздарына түрлі марапаттар тапсырды.

Жиынға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түркітанушы ғалымы, PhD докторы Марлен Әділов және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Күдеринова құрметті қонақ ретінде қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары келген қонақтарға өз алғысын жеткізе отырып, тіл ұлттың рухани тірегі, елдігіміздің ең басты нышаны екендігін атап өтті.

–Өз ұлтының болмысын терең таныған ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың ұлт болып сақталып қалуы үшін тілдің орны айрықша екеніне зор мән берді. Оның: «Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлауымыз керек»  деген сөздері  соның айқын дәлелі. Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Ана тіліміздің болашағы жарқын екеніне менің еш күмәнім жоқ. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде халқымызды ұйыстыру жолында маңызды рөл атқара береді», – деп атап өтті. Шын мәнінде, мемлекеттік тілдің қолданыс аясы жылдан-жылға артып келеді. Бұл – уақыт талабы, қоғам дамуының заңды көрінісі, – деді Алтынай Әміренова жиында сөйлеген сөзінде.

Тіл мәртебесін арттыру мақсатында облыс аудандары мен қалаларында 21 мемлекеттік тілді оқыту орталығы жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде 350-ге жуық оқу тобында шамамен 4000 тыңдаушы қазақ және ағылшын тілдерін меңгеруде. Бір қуантарлығы, мемлекеттік тілді үйреніп жүргендердің 40 пайызы  өзге ұлт өкілдері.

Осы шарада «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» облыстық байқауының «Үздік телебағдарлама» номинациясының жеңімпазы, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалының редакторы Евгений Варанкин қазақ тілін өз бетінше үйреніп алғанын айтты.

–Мен оқу бітіріп, жұмыс іздеп жүргенімде қазақ тілін қосымша үйреніп алсам деген шешімге келдім. Өз бетімше ізденіп, әдістемелік оқу құралдарын пайдаланып, аз уақыттың ішінде қазақ тілін бір кісідей үйреніп алдым. Ал, бүгінде тілді жетік меңгергенім «өмірімді жеңілдетті» десем болады. Расында, алдымнан даңғыл жол ашылғандай, ерекше сезімде жүрмін. Әрбір Қазақстан азаматы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс деп санаймын, оған ешқандай сылтау болмауға тиіс, – дейді Евгений Варанкин журналистермен сұхбаттасу барысында.

Мемлекеттік тілге деген жастардың қызығушылығын арттыру мақсатында да жүйелі жұмыс жолға қойылған. Осы бағытта жоғары және орта арнаулы оқу орындары студенттері арасында «Qazaq lingvo» атты облыстық тіл байқауы мен IT бағыты бойынша «Qaz tech» жобалар байқауы дәстүрлі түрде өткізілуде.

Осы байқаудың биылғы жылғы жеңімпазы, Степногорск тау-кен техникалық колледжінің студенті Диана Шуган қазақ тілін үйренуге арналған ІТ жобасын жетілдіріп, көпшілікке ұсыныпты. Оның айтуынша, бұл бағдарлама бойынша тіл үйрену ойын арқылы жүзеге асырылады. Сол себепті тіл үйренуші кез-келген тұлғаға ешбір қиындық тудырмайды, керісінше, адамның ойлау қабілетін дамыта отырып, уақытты үнемдеп, аз уақыттың ішінде қазақ тілін үйреніп алуға көмектеседі. Бұл Диананың дипломдық жұмысы.

Мерекелік жиында облыс әкімінің орынбасары тіл дамуына өзіндік үлес қосып жүрген тұлғаларға Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатын тапсырып, Ақмола облысы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығының иегерлері мен облыстық конкурстардың жеңімпаздарын марапаттады.

Осы бағытта атқарылған игі істердің нәтижесі ретінде Мемлекет басшысының Жарлығымен мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін Ақмола облысы Арайлы ауылының жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Анастасия Ирубаева «Шапағат» медалімен, №18 мектептің қазақ тілі мұғалімі Карина Роот «Бірлік» медалімен марапатталған болатын.

Жалпы, биыл Тіл мерекесіне орай, облыс көлемінде өтіп жатқан онкүндік аясында 2000-нан астам түрлі іс-шара өткізу жоспарлануда.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар