Жастар саясаты
Ақмола облысының жастар-ресурстық орталығы «JASTAR орталығы» мекемесінде өңірлік SMM-мамандарына арнап екі күндік оқыту курсын өткізді.
Жастар-ресурстық орталығы өңірлік SMM-мамандары үшін мұндай арнайы оқыту курстарын жыл сайын ұйымдастырып отырады. Бұл курс мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде жүргізіледі. Облыс бойынша SMM-мамандарын оқытудың құрылтайшысы жастар-ресурстық орталығы болып табылады.
Аталмыш оқыту курсының мақсаты Ақмола облысының қалалары мен аудандарының жастар ресурстық орталықтарының ғаламтор желісінде және әлеуметтік желілерде жұмыс істейтін мамандарының біліктілігін жоспарлы түрде арттырып отыру болып табылады.
«The Beze» және «Friends» кофеханаларының маркетологы әрі SMM маманы Нұрдина Елтай осы екі күндік курстың тренері болды. –Курсқа қатысқан SMM-мамандары және осы салада жұмыс істейтін басқа SMM-менеджерлері. Оқыту курсы барысында әлеуметтік желілердегі жұмыс негіздері, жеке бренд, позициялау, әлеуметтік желінің алгоритмдері, вирустық контент, ақпараттық нұсқаулық бойынша белсенді аудиторияны тарту, әлеуметтік парақшаны өңдеу, мобилография негіздері, визуал, REELS формулалары, нетворкинг пирамидасы, жылдам монтаждау техникасы, мазмұнды құру ережелері және материалды бекіту тақырыптары бойынша дәріс алып, алған білімдерін екінші күні практика жүзінде көрсете білді. Қатысушылар топтарға бөлініп, желіде жаңа парақша ашып, әр топ өз парақшаларын қорғай алды. Шараға 20-дан аса қатысушы қатысты. Белсенді қатысқандарға арнайы естелік сыйлықтар табыс етілді. Олардың өз жеке парақшасын ғана емес, сондай-ақ, ресми парақшаларды дұрыс жүргізуін қадағалау да курстың басты тақырыбына айналды, – дейді ұйымдастырушылар курс туралы.
Курс соңында барлық қатысушыларға осындай курстан өткендігі жөнінде сертификаттар табыс етілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

