Үкілі үміт
Қазақ киносының күніне орай, Көкшетау қаласында бұрын-соңды болмаған ауқымды жоба – «ЖАРҚЫРА» республикалық кастингі ұйымдастырылды.
Жоба өңірлік таланттарды анықтауға және олардың отандық киноиндустрияға жол табуына бағытталған.
Шара 15 қыркүйек күні бір мезетте еліміздің 19 қаласында өтті. Кастингке 18 жастан асқан үміткерлер қатысты.
– Бұл жай кастинг емес. Бұл арманға апарар нақты мүмкіндік. Оған бүгінде осындай кастингтен шыққан танымал актерлер дәлел: Гузель Жан «Игроманка» фильміндегі басты рөлді сомдаған актриса, Самал Есләмова «Айка» фильмі арқылы Канн фестивалінде жүлде алған актриса, Марат Әбішев «Адам және алма» фильмінің басты кейіпкері. Олардың жолы осындай кастингтерден басталып, үлкен экранға дейін жетті. Алдағы уақытта кастингтен өткен қатысушылар Орталықтың актерлік базасына енгізіліп, болашақта отандық киножобаларға қатысуға мүмкіндік алады, – деді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.
Іріктеуден өткен үміткерлердің деректері «Қазақ Синема» сайтындағы актерлік онлайн-базаға енеді. Осы арқылы кинокомпаниялар мен продюсерлер жаңа есімдерді жарыққа шығара алады. Ұлттық киноны қолдау бұған дейін де көрініс тапқан. Мемлекеттік орталығының бастамасымен және қолдауымен отандық кино саласында бірқатар жаңа есімдер танылып, еліміздің мәдени әлеуетін нығайтуға сүбелі үлес қосуда. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының мәдени саясатты жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүйелі түрде жалғасып келеді.
Қатысушылар байқау шарты бойынша өздерін таныстырып, түрлі эмоцияларды сомдауы тиіс болды. Қуанышты, ренжулі, мұңлы және ашулы кейіптерге енді. Сондай-ақ, өз өнерлерін ортаға салды. Бірі өлең оқыса, енді бірі қолына домбыра, гитарасын алып, әуезді әнін шырқады. Таланттарды тасада қалдырмауға бағытталған игі бастамаға тәжірибелі кісілер де қатысты.
– Біз көптеген рөлдерде ойнап, талай фестивальдерге қатыстық. Соңғы барған фестиваліміз – таяуда өткен «Бикен Фест». Сонымен бірге, біз Бикен Римова фестиваліне де қатыстық. Тағы бір барған сапарымыз – «Киотаға жол» фестивалі. Актер болғысы келген адам мынадай үш қасиетті бойына сіңіруі керек: өз ісін сүю, еңбек және ізденімпаздық. Өз ісіңе деген махаббат болмаса, онда оның пайдасы шамалы. Сол себепті, өз жаныңа жақын саланы тауып, оны сүю – бірінші шарт. Келесі кезекте, қажырлы еңбек қажет. Онсыз ісің өнбейді. Тағы бір маңызды дүние, әрине, ізденімпаздық. Ол актерды жан-жақты ете түсіп, хас шебер етеді, – дейді Мәдениет саласының үздігі, Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Маржан Бөкешева.
Дархан даланың дарындарын анықтауға арналған кастинг нәтижесінже көрермендер жаңа өнерпаздарымен қуана-қуана қауышады деп сенеміз.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

