«Мен – еңбек адамымын!»

Баспасөз туры

Үстіміздегі жылды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады.

«Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз» деді Президент. Кеше облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен облыс орталығындағы бірқатар кәсміпорындарды аралап, қатардағы жұмысшылардың еңбегімен таныстық.

Алдымен, ұзақ жылдан бері қала тұрғындарына қызмет етіп келе жатқан «Көкшетау су арнасы» кәсіпорнында болдық. Кәсіпорын тұрғын үйлерге, мекемелерге және кәсіпорындарға инженерлік желілер арқылы үздіксіз су жеткізеді. Нысандардан ағынды суларды қабылдап, тартуды жүзеге асырады. Ағынды сулар санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес тазартудан өткізіледі. Қоршаған ортаны ластамай, тазалық сақтауға және экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз ету бағытында қыруар жұмыс атқаруда. Кәсіпорында кәсіби мамандар заманауи жабдықтарды қолдана отырып жұмыс сапасын жақсартуға ұмтылуда. Ұзақ жылдан бері осында жұмыс істеп келе жатқан Бейімбет Әнелов алдынан жұмыс үркіп отыратын бесаспап маманның бірі.

– Негізі Ақкөл ауданына қарасты Амангелді ауылының тумасымын. 2005 жылы осында орналастым. Мамандығым жүргізуші. Кәсіпорында слесарь болып 11 жыл бойы табан аудармастан еңбек етіп келемін, – дейді Бейімбет Әнелов, – жауапкершілігі мол жұмыс. Әрине, жұмыстың оңайы жоқ қой, сырт көзге байқала бермегенімен, біздің жұмыстың да өзіндік қыр-сыры бар. Бір өкініштісі, келіп орналасып жатқан жастар жағы аздау. Жұмысшы мамандығын қадірлеу, дәріптеу туралы ел Президенті өте орынды мәселе көтеріп отыр деп ойлаймын. Әркім өз қолынан келгенше адал еңбек етіп, нағыз маман болуы керек. Біздің насос станциясында бірнеше әйел жұмыс істейді. Жұмыстың қаншалықты ауыр екендігін аңғарту үшін сәл ғана мысал келтіре кетейін. Құбыр бойымен келген қалдық суды тазалайтын сүзгі бар. Сүзгіге әртүрлі тұрмытсық қалдықтар ілініп қалады. Сыйымдылығы 20 литрлік шелекпен күніне елу шақты қалдық шығарады. Жұмыс орнындағы жағымсыз иісті ескерсеңіз, ауырлығы айқын аңғарылар еді. Міне, осы адал еңбек етіп жатқан әріптестерімнің жұмысы ескерілсе екен.

Келесі кезекте «Kazrost Engineering» жеке компаниясында болдық. Компания ауыл шаруашылығы техникаларын дайындайтын қазақстандық кәсіпорын. Елімізде кәдеге жарату алымы іске қосылғаннан кейін жер емшегін емген  диқандарды қуатты техникамен қамтамасыз ету барысында толымды жұмыс істеп келеді.

Компания 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап жұмыс істей бастады. Негізінен астық жинау комбайндарын шығарады. Кәсіпорында комбайнның негізгі бөлшектерін «КЗ «Ростсельмаш» ашық акционерлік қоғамы және «Клевер» акционерлік қоғамынан алады. «Vector 410», «Acros 550» астық комбайндарының бірнеше түрін ұсынады. Оған қоса, шағын және орта қуатты YTO-X904, YTO-X1304 тракторларын құрастырады. Дайын техникалар «КазАгроФинанс» және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамдарының лизингтік компаниялары арқылы астықты алқапта ел ырысын молайтып жатқан даңғайыр диқандарға жеткізіледі.

Негізінде, ауа райы өте құбылмалы солтүстік өңір үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарының көктемгі және күзгі науқандық жұмыстарына өте қажетті машина-трактор паркін жаңғырту айрықша маңызды.

Диқандардың көңілінен шығып отырған заманауи астық комбайндары мен трактор дайындайтын компанияның өндіріс алаңында қажетті металлдарды кесетін, иетін, өңдейтін, бояп кептіретін, дәнекерлейтін заманауи станоктар бар. Осы мүмкіндіктің арқасында кәсіпорын жылына бес түрлі комбайнның мың данасын, жатканың 760-ын, одан өзге де шаруашылыққа қажетті жүздеген құрылғылар да шығара алады. Еліміздегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының сұранысына орай трактордың бірнеше түрін шығаруды қолға алған. Қазіргі уақытта биік мақсат біршама орындалып, қуаты әрқилы жеті түрлі жаңа трактор үлгісі құрастырылуда. Жұмыс барысында ыңғайлылығы, беріктілігі тәжірибеден өтіп, сенімге ие болғаннан кейін кәсіпорынның өнімдеріне деген ықылас біршама арта түскен.

–Жұмысымыз өзімізге ұнайды. Ең бастысы тапсырылған істі мұқият атқарып, сапалы жұмыс істеу, – дейді жинақтаушы слесарь Құрманбай Сағат, –жалақымызды уақытында береді, барлық әлеуметтік жағдай туғызылған. Қарапайым халыққа одан артық не керек. Бір көңілге жағымды жері, соңғы жылдары жергілікті ұлт өкілдерінің жастары техникалық білім алып, осындай ортада жұмыс істеуге ықыласты. Жастардың ынтасын көріп көңілің өсіп қалады. Біздің кәсіпорын ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратындықтан өз еңбегіміз арқылы елдің несібесін көбейтуге үлес қосып жатырмыз деген ой мерейімізді үстем етеді. Кәсіпорындағы жұмысшылар арасында жақсы дәстүр қалыптасқан. Тәжірибелі мамандар еңбек жолын жаңа бастаған жастарды баулып, білгендерін үйретіп отырады. Ең бастысы бесаспап маман болу. Техникалық білім алып, біліміңді тәжірибемен байытып жұмыс істесең еңбегіңнің жанатыны сөзсіз.

Кәсіпорын шаруа қожалықтарына өз өнімдерін тікелей де сатады. Айта кететін жай, шағын шаруашылықтардың мүмкіндігін ескере отырып, техниканың қолжетімді болуын да қадағалайды. Бұл арадағы басты себеп, бәсекелестік. Ал, сұранысты өтеу үшін өндіріс көлемін арттыра түсу керек. Орталықта жаңа техниканың бар мүмкіндігі тегіс көрсетілмек әрі техниканы күтіп-баптау жайын да блікті мамандар ұғындырмақ. Ойға алған шаруа оңынан оңғарылып, қосымша цех пайдалануға берілгеннен кейін қазіргі техника құрастыруға пайдаланылып жүрген бөлшектерден басқа ауыл шаруашылығы техникалары мен құрылыс индустриясына қажетті техникаларын да шығармақ.

Компания еңбекті қорғау мәселесін назардан тыс қалдырмайды. Кәсіпорын жұмысшылары әлеуметтік жағынан толық қамтамасыз етілген. Алғашқы кезеңде 77 адам, қазір 175 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Әрбір жұмысшымен жеке келісім-шарт жасалады. Келісім-шартта тегін медициналық қызмет көрсету, денсаулығын қадағалау және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көрсетілген. Жұмысшылар  тегін тамақтанады, жұмыс орнына компания көлігімен тасымалданады.

Тағы бір жақсылығы жергілікті кәсіби білім беретін оқу орындарымен байланысын нығайта түсуде. Ол елдің ертеңін ойлағандық. Болашақ жас мамандарды заманауи кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен таныстырып, еңбекке баулу мәселелерін мықтап қолға алған. Осы арада тәжірибеден де өткізеді. Болашақ мамандардың тұрақты жұмысқа орналасу мәселесін де шешеді.

«Авикс груп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жанар-жағар май нарығында жақсы дамып келеді. Оған себеп шығарған өнімдерінің сапасына байланысты. Кәсіпорындағы тәжірибелі технологтар өнім сапасын жақсартуға бар күш-жігерлерін жұмылдырған. Өнім сұранысқа ие. Бәсекеге қабілетті болу үшін нарықтағы баға да назардан тыс қалмайды. Тынымсыз еңбекқорлық пен жаңа шешімдерді іздестіру серіктестік табысының негізгі драйвері. Мұндағы ыстыққа төзімді консерванттар өнеркәсіп үшін өте қажетті.

– Зертхана барлық қажетті құрылғылармен қамтамасыз етілген, – дейді зертхана меңгерушісі Иван Петрожитский, – өнім сапасы біздің өз ісімізге жауапкершілікпен қарауымызға байланысты. Ұжымда ауызбірлік мықты. Бірлесе атқарған соң жүк те жеңілдей түседі емес пе? Серіктестік шығаратын өнімнің барлығы зертханада мұқият тексерістен өткізіледі. Осындай ілкімді жұмыстың арқасында өніміміз де өңірде жақсы қырынан танылды. Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Атқарған жұмысымызға сәйкес еңбекақымыз уақытында төленеді.

Біз тілдескен жұмысшылардың барлығы өз мамандықтарын жақсы көріп, аянбай еңбек етіп жүргендіктерін айтады. Олардың көкірегінде мен жұмысшымын деген мақтаныш сезім бар. Ең батысы да осы емес пе?!

Б.ҚАЙЫРЛЫҰЛЫ.

Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар