Бурабай мықтап дамытылуы керек

27 қыркүйек халықаралық туризм күні

Халықаралық туризм күні жыл сайын 27 қыркүйекте аталып өтеді. Осыған орай Ақмола облысы туризм және демалыс индустриясы қауымдастығының Президенті туризм саласының ардагері Шынарбек Батырхановпен әңгімелесіп, аймақтағы туризм саласының беталысы мен оның инфрақұрылымын дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде сұрап білген едік.

– Шынарбек Батырханұлы, Ақмола облысы ішкі туризм айналымының үлесін арттыруға қолайлы аймақтардың бірі екені белгілі. Бүгінде осы мүмкіндікті пайдалану жағы қалай болып жатыр?

 – Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында да туризм саласын дамытудың жаңа бағытын айқындап, еліміздің көрікті орындарының туристік әлеуетін арттырудың маңыздылығына тоқталып өтті. Мемлекет басшысы елімізге жыл он екі ай туристерді тарту мәселесіне және олар үшін қолайлы жағдай мен сапалы сервисті қалыптастыруға және инфрақұрылымды жаңғыртып, кәсіби мамандарды тарту мен оларды дайындауға тиісінше назар аударылуы қажеттігін баса айтты. Жалпы, туризмді дамыту ел экономикасына серпін беретін негізгі стратегиялық бағыт болуы тиіс. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерді орындау арқылы еліміздің көрікті орындарын танымал ете отырып, нағыз туристік орталыққа айналдыруға және өз брендімізді қалыптастыруға мүмкіндік туады. Өзіңіз айтып өткендей, Ақмола облысы еліміздегі жетекші аграрлы аймақ болумен қатар, туристік бағыттар көптеп шоғырланғандықтан, осы салада ел экономикасына да оң ықпалын тигізе алатын қуатты аймақтардың бірі болып табылады. Алайда, Президент атап өткеніндей, әлі де болса ішкі туризм айналымын дамытуда бірқатар күрделі мәселелер баршылық. Бұл біздің облысымызға да қатысты. Ағымдағы жылы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысы аясында Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, курорттық аймақты дамытудың 2025-2029 жылдарға кешенді жоспары бекітіліп, 118 шара қабылданып, қазірдің өзінде оның 65 пайызға жуығы орындалып үлгерді. Аймақтың туризм индустриясының экономикалық және мәдени әлеуетін арттыруға 137,2 миллиард теңге қаражат тартылды. Бұл ретте, бұл қаражаттың тең жартысына жуығы жеке инвесторлардың салып отырған қаржысы екенін атап өткен жөн. Бұл, әрине, ішкі туризмді қолдау арқылы аймақтың экономикалық дамуына тың серпін беріп, туризм инфрақұрылымын жақсарта түсуге, қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік беретін кешенді жоспар болып табылады.

– Президентіміз өз Жолдауында қазіргі  заманғы инфрақұрылымды салу басты міндет екенін, көрікті жерлерімізді халықаралық деңгейде танымал етіп, оларды ұлттық брендке айналдыруға күш жұмсалу қажеттігін атап өтті. Қазақтың інжу маржаны атанған көрікті Бурабайды толыққанды ұлттық брендке айналдыру үшін тағы қандай жұмыстар атқарылуда?

– Бурабай – еліміздің бағы. Биылғы Бурабайда өткен Құрылтай отырысында ел Президенті өңірді дамыта түсудің негізгі аспектілерін айқындап берді. Біздің табиғи әрі мәдени мұрамыз болып отырған  Бурабай жерін ұлттық брендке айналдыру басты міндет болуы тиіс. Жоғарыда айтып өткен курортты аймақтарды дамытудың кешенді жоспар бойынша қолға алынып отырған бірінші бағыты Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту болып табылады. Себебі, Бурабай өңірі облыстың туризм өнімінің 90 пайызын құрайды. Жоғарыда айтып өткен кешенді жоспарға сәйкес, осы өңірдің туризм, көлік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға баса назар аударылған. Сонымен қатар, Бурабайдың туристердің қызығушылығын арттыратын ерекше орындарына көңіл бөлу аса маңызды. Бұл Президенттің атап өткеніндей, көрікті жерлерді ұлттық брендке айналдыруға мүмкіндік береді. Жалпы, аймақ туризмін дамытуға мемлекеттік органдармен қатар, жеке кәсіпкерлер, инвесторлар, қоғамдық қорлар мен ұйымдардың өкілдері, туризм саласының білікті мамандары атсалысуда. Жақында Ақмола облысы туризм басқармасының ықпалымен «Бурабай» мемлекеттік саябағындағы «Бөлектау» туристік маршурты бойына ғажайып экосоқпақтың салынуы да Бурабайға туристерді тартудың бір жолы болып отыр. Енді мұнда келушілер Бөлектаудың басынан көрінетін Сәкен Сейфуллин жырлаған «алтын кесе аясындағы» Бурабайдың бар сұлулығын көруге бұрынғыдай ыңғайсыз жолмен жүрмейді. Ол жерде енді ашық аспан мен таза ауа жұта отырып, жоғарыға шығуға бар мүмкіндік қарастырылған. Бұл демалушыларға ыңғайлы ортаны қалыптастырып қана қоймай, сонымен қатар, QR коды арқылы қазақ, ағылшын, орыс тілдеріндегі Бурабай жайлы түрлі аңыздар мен көркем әдебиеттерден, жалпылама ақпараттардан хабардар болуға мүмкіндік беріп отыр. Мұны айтып отырғаным, туристік маршурттардағы барлық ерекше орындарға баруға дәл осындай ыңғайлы ортаны қалыптастыруымыз қажет. Сондай-ақ, Бурабай ауданы орталығынан көпсалалы конгресс орталығының салынып жатуы да, осы жердің негізгі бағытын айқындай түседі. Құрылысын қазан айында толық аяқтау жоспарланған бұл жоба біткен соң, мұнда жыл бойына өте ауқымды халықаралық және республикалық іс-шаралар өтпек. Ал, бұл өз кезегінде Бурабайдың мәдени туризмін қалыптастыруға мүмкіндік сыйлайды.  Сонымен қатар, келген туристер үшін демалыс орындары мен жағажайлардағы қызмет сапасына мән берілуі керек. Ал, жоғарыда айтып өткен кешенді жоспар аясындағы көлік, логистика, инфрақұрылым салаларындағы атқарылып жатқан жобалардың барлығы Бурабай өңіріне туристерді көптеп тартуға бағытталуда. Бурабай өңірі биылғы жылы жыл аяғына дейін бір жарым миллион туристердің келіп, кетуін күтіп отыр. Бұл дегеніңіз  жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесін көрсете отырып, бұл жерге келетін туристердің саны жыл санап артып келе жатқанын байқатады.

– Жуырда өткен Ақмола облысы мәслихатының кезекті сессиясының шақырылымында депутаттар Бурабайдан өзге де орындарға көңіл бөлу жөнінде айтып өтті. Облысымыздағы өзге де туристік өңірлердің ахуалы мен жай-күйі жөнінде айтып өтсеңіз…

– Әрине, Ақмола облысы тек інжу-маржанды Бурабайдан ғана тұрмайды. Көз тартатын, жанға жайлылық сыйлайтын көрікті орындар жетерлік. Ақындар мен әнші-композиторлардың, суретшілер мен қөлөнершілердің өнеріне арқау болған қасиетті өлкеміз тек қазақстандықтардың ғана олжасы емес, шетелдіктердің де аңсарын аударатыны шындық. Сондықтан, аймақтың туризм саласындағы барлық олқылықтары жойылып, жаңа бағдарламалар мен бастамалар жүзеге асырылуға тиіс. Бурабайда өткен Құрылтай аясында қабылданған кешенді жоспардың алғашқы бағыты Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту болса, екінші бағыты Зеренді мен Сандықтау өңірінің туризмін дамыту. Ал, үшіншісі, келушілердің демалу мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған өзге де туризм секторларын дамыту болып табылады. Оған, әрине, Ақкөл, Аршалы, Ерейментау, Қорғалжын, Целиноград, Шортанды аудандары кіреді. Бұл аталған аудандардың да көрікті орындарымен қатар, олардың әрқайсысының шипалы көл-ормандары мен ұлттық тағамынан бастап, аң-құсына дейін ұлттық бренд бола алады.

Жас ұрпақты туризм саласына баулуға, оның қыр-сырын үйретуге не қажет деп ойлайсыз? Осы жөнінде туризм саласының белсенді ардагері ретінде өз көзқарасыңызды айтып өтсеңіз…

– Жалпы, Ақмола облысының туризмін дамыту ел экономиканың дамуына өзіндік ықпал ететін жолдардың бірі. Мен бұл жөнінде және аймақ туризмін дамытуға бағытталған жұмыстар жөнінде жоғарыда айтып өттім. Ендігі кезекте бұл салаға жастардың ықпалын айтып өтсем деймін. Туризм мәдениетін қалыптастыруға оны әрі қарай жалғастыруға ең алдымен, жастарды тарту аса маңызды шаруалардың бірі. Бірақ, біз бұл ретте, бұған онша көңіл бөле алмай отырмыз. Себебі, облыс бойынша туризм мамандығында оқитын студенттердің саны жыл санап азаюда. Оның үстіне осы мамандыққа грант аз бөлінеді. Бұл болашақта туризм саласының кәсіби мамандарының азайып кетуіне әсер етеді. Президенттің Жолдауындағы жасыл экономикаға өту, экологиялық жобаларды дамыту, табиғатты аялау сияқты маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін бізге жас мамандар қажет. Жастарды және азаматтық қоғамды туризм мәдениетіне тарту бағытына нақты қадамдар жасалуы тиіс деп есептеймін. Күні кеше ғана өзім Сандықтау ауданындағы «Жас дәурен» балалар сауықтыру орталығында өткен республикалық «Менің Отаным – Қазақстан» атты туристік экспедиция маршурттарының слетінің ашылуына қатыстым. Еліміздің 20 өңірінен келген 200-ден астам балалар осы шара аясында туризм саласының сан қырымен таныспақ. Қарапайым табиғатқа шығу барысындағы қауіпсіздікті сақтай отырып, палатка құру, от пен суды пайдалану, жердің географиялық жағдайының негізгі аспектілерін білу сияқты тағы басқа да көптеген мәселелер жөнінде туризм саласының кәсіби мамандарынан дәріс алады. Шара барысында балалар аймақтың ең көрікті әрі әсем жерлерін тамашалайды.  Бұл балаларды ерте жастан бастап осы мамандыққа баулуға, олардың қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Өз басым мұндай шараларды жиі өткізіп тұру керек деп есептеймін.

Сөз соңында Халықаралық туризм күні мерекесіне орай өзіңіздің тілегіңізді жеткізсеңіз…

– Біздің ортақ міндетіміз саланы дамытумен қатар, бізде пайда әкелетін тұрақты туризм болуына атсалысу. Біз тек экономиканы ғана емес, еліміздің бай табиғаты мен қалыптасқан мәдениетін сақтауды да ойлауға тиіспіз. Осындай қасиетті жерлеріміздің болашағы мен оны әрі қарай да ұрпаққа аманат ету жолдарын естен шығармауымыз қажет. Бүгінгі кәсіби мерекемізбен барша әріптестерімді құттықтай отырып, олардың әрбір ісіне сәттілік тілегім келеді. Біздің бірлескен күш-жігеріміз туристер үшін жарқын әрі ұмытылмас әсерлерді қалыптастыруға, сондай-ақ, мәдени бірегейлігімізді нығайтуға алып келсін дегім келеді. Отбасыларыңызға амандық-саулық тілеймін, әр бастамаларыңыз сәтті болсын!

Әңгімеңізге рахмет! Өзіңізді де мерекеңізбен құттықтаймын!

Сұхбатты жүргізген Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар