Сараптама
Сонымен, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда ел халқына арнаған Жолдауының тақырыбы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» деп аталуы тектен-тек еместігі анық.
Бүгінде адамзат баласы, дамыған өркениетті елдер осы жасанды интеллектіге қадам басып отыр. Сол арқылы олар өз мемлекеттерін нығайтып, даму үрдісінде басқаларынан асып түспек. Бірақ, бұлай екен деп бұл мәселеде басқалары да қарап отырған жоқ. Ендігі арада осы ғылым үрдісі мен жетістігіне баса көңіл бөлмекші. Оның бірі біздің мемлекетіміз.
Ел халқын елең еткізген Жолдау тақырыбы да осыдан туындады. Сонымен, биылғы жылдың және келешектің осынау аса маңызды құжаты жарық көргелі бәріміз жасанды интеллект деп жатырмыз. Көбіміз солай дегенде, бұл жасанды интеллектінің не екенін түсіне бермеуіміз де мүмкін екенін несін жасырамыз?!
Олай болса, біз төмендегі шағын талдауымызда осы мәселенің бетін ашып, оқырманға аз-мұз түсінік беруді жөн көрдік. Жер бетін билеп-төстеуде адамзат баласына бүгінде ешқандай бәсекелес жоқ. Ал, болашақта біз өзіміздің соңғы өнертабысымызды жасауымыз мүмкін,– дейді ғалымдар. Интеллект – үйрену, ойлау, білім мен дағдыларды меңгеру және осындай күрделі мәселелерді шешуге қолдану қабілеті. Интеллект күшін ең көп пайдаланған – адамзат. Әуелі, әлқиссасынан бастайық.
Алғашқы ми 500 миллион жыл бұрын жалпақ құрттарда пайда болды. Ол тек негізгі дене қызметтерін басқаруға арналған кішкентай нейрондар шоғыры еді. Түрлердің күрделенуіне миллиондаған жылдар қажет болды. Табиғатта ең бастысы – тірі қалу. Ал ми өте қымбат, сондықтан, жануарлардың басым көпшілігіне шектеулі интеллект жеткілікті болды.
200 жыл бұрын ғылым шарықтап, прогресті бұрынғыдан да жеделдетті. 35 жыл бұрын интернет дәуірі басталды. Бүгінде біз өзіміз үшін, өзімізге арнап жасалған әлемде өмір сүріп жатырмыз. Бұл – тарих тұрғысынан өте жаңа құбылыс. Бұған жетудің қаншалықты қиын болғанын күнделікті өмірде ұмытып кетеміз. Бірақ, бір рет интеллект шыңына шыққан соң, әлемдегі ең қуатты тіршілік болмысына айналдық.Алайда, мұның бәрін өзгертіп жіберетін нәрсе бар. Ол – Жасанды интеллект.
Жасанды интеллект (ЖИ) – компьютер арқылы ақыл-ойға қатысты тапсырмаларды орындайтын бағдарламалық жасақтама. Ол нейрондар орнына кремнийді қолданып, есептерді шешеді. Әлемде алғашқыда ЖИ өте қарапайым болды. Тек 1960жылдары біз бүгінгі «ЖИ» деп атайтын алғашқы үлгілерді көре бастадық. 1964 жылы алғашқы чатбот жасалды, 1965 жылы молекулаларды іріктейтін бағдарлама шықты. Бұлар баяу, арнайы мамандарды қажет ететін жүйелер болды.
Олардың интеллекті өте шектеулі еді, тек бір тапсырманы орындай алатын. Яғни, эволюциядағы алғашқы құрттар секілді бар болғаны ең қарапайым ойлау еңбегін атқаратын. Кейде зерттеулер тоқтап қалып отырды, өйткені, ғалымдар ЖИ-дың болашағына күмәнданды. 1972 жылы ЖИ бөлмені бағдарлай алатын болды. 1989 жылы ол қолдан жазылған сандарды оқыды.
Дегенмен, ол әлі де адаммен теңесе алмайтын құрал болатын. 1997 жылы ғана әлем чемпионын шахматта жеңіп, машиналардың адам баласынан асып түсе алатынын дәлелдеді. Компьютерлер 2004 жылы Марстағы роботты басқарып, 2011 жылы «Ютуб» алгоритмін ұсына бастады.
Негізінен, супер компьютерлердің орасан қуаты мен ақпарат ғасырында жиналған шексіз деректерді біріктіру жаңа буын – жасанды интеллектіні жасауға мүмкіндік берді. ЖИ мамандары «нейрондық желілер» деп аталатын жасанды интеллект бағдарламаларын дамыта бастады. Бұлар алғашында тапсырманы нашар орындаса да, машиналы қоқыту арқылы алгоритмдер өзін-өзі жетілдіре алады. Ал, бізде қазір не бар ? Әрине, «Чат Джипити».
«Чат Джипити» интернеттегі деректермен «жаттығып», тілді адамнан да жақсы меңгеріп алды. Ол мәтінді қысқаша мазмұндап, аударып, есептерді де шешіп береді. Ірі технологиялық компаниялар миллиардтаған қаржы құйып, аналогін жасауда. ЖИ қазірдің өзінде тұтынушыға қызмет көрсету, қаржы, денсаулық сақтау, маркетинг, мәтін жазусияқты салаларды өзгертуде. Жасанды интеллектінің көмегімен шығарылған контент әлеуметтік желілерді баурап алды. «Чат Джипити» сізге санаулы секундта эссе жазып беруі мүмкін, бірақ, олне жазып жатқанын өзі «түсінбейді».
Адамның жасанды интеллектіден айырмасы – оның жалпы интеллектісі. Біз кез келген білімді меңгеріп, барлық мәселені ақылға салып, сараптама жасап, шешімін таба аламыз. Әлбетте, әрқайсысымыз әр салада мықтымыз. Ал, ЖИ бұрын тек тар шеңберде бір ғана дағдыға машықтанды. Жаңа, қуатты компьютерлер жасап, оған көбірек қаржы құю арқылы біз жаңа буын ЖИ жасаймыз. Бірақ, егер келесі қадам – адам секілді жалпы интеллект жасау болса ше? Егер осы қарқында дамужалғаса берсе, ЖИ, яғни, жалпы жасанды интеллектінің адамнан асып түсуі ғажап емес. Бүгінгі ауқымы тар жасанды интеллектілер тек бір тапсырмаға машықтанса, келешекте барлық жұмысты меңгереді. Ғылыми фантастикаға ұқсағанымен, ғалымдар мұны таяуда болуы мүмкін дейді. Адамзат – әлеуметтік, экономикалық, моральдық тұрғыда бұғандайын ба?
Бұл тұста, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр жиында дерлік елімізде жасанды интеллектіні дамытып, цифрлық Қазақстанды құруды тапсырғаны қаншалықты оң шешім екенін аңғаруға болады. Биылғы Президент Жолдауында да басты тақырып осы болды.
Ғылым мен техника осылай дами берсе, түбінде әлемде суперинтеллект пайда болады. Ол ядролық бомбадан да қауіпті болуы мүмкін. Әлемдік саясат пен экономиканы, ғылымды түбегейлі өзгертуге қауқарлы бола бастағанда біз Құдайды көргендей әсерде қаламыз.
ЖИ – тарихтағы ең мықты құрал болуы мүмкін. Бірақ, кез келген қуатты құрал сияқты, ол да игілікке де, зиянға да қолданылуы ықтимал. Мүмкіндіктерге келсек, ғылым мен медицина жаңа деңгейге көтеріледі. Бұрын болмаған дәрілер, энергия көздері, ғарыштық зерттеулер пайда болады. Экономикалық тұрғыдан білім, өндіріс, көлік, ауыл шаруашылығының өнімділігі артып, адам баласы қиын да күрделі жұмыстан босайды. Алайда бір қауіптісі, қанша жасырып баққанымызбен, шындығында, машиналар мамандарды алмастырып, жаппай жұмыссыздық орын ала бастауы ықтимал. Егер оны әскери мақсатта қолданатын болса, бүкіл адамзатқа қатер төнеді. Ал, суперинтеллект бақылаудан шығып кетіп, алдына теріс мақсаттар қояр болса,оны тоқтата алмаймыз. Бұл әрине, таяу арада болатын жағдай емес. Бірақ, түптің түбі мүмкін.
Бұл ретте, қайтпек керек? Қазірдің өзінде ғалымдар, саясаткерлер, бизнес өкілдері арасында талқылаулар жүріп жатыр. Кейбірі оған бақылауды күшейту керек десе, енді біреулер «бұл адамзат өркениетін құтқарады» дейді. Шындығында,жасанды интеллектінің даму қарқынын тоқтату мүмкін емес.
Сондықтан, ең бастысы, оны қауіпсіз, адамзат мүддесіне сай ету. Өйткені, бұл адамзаттың соңғы өнертабысы, оның ақыл-ойының ең бір шарықтау шегі болуы мүмкін. Егер жасанды интеллектіні дұрыс жолға қойсақ, біздің еліміздің де дамып-өркендеуі жаңа сапалы деңгейге көтеріледі, ал, адамзат алтын ғасырға қадам басады.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ.
![]()

