Қадір-қасиеттері хан болған бабаларынан еді

Есімдері ел есінде

Бүгін Көкшетаудың екі бірдей белгілі азаматына ас беріледі. Әкелі-балалы Халит және Абай Сейдалиндердің бірінің туғанына 100 жыл, екіншісінің қайтыс болғанына 15 жыл толуы осы жылмен сәйкес келіп отыр. Сонда бүгін бұйырса, бір қауым ел жақсы сөзбен еске алатын бұл жандарды не ерекшелендіреді?!

Бұл арада ең алдымен, Абай ағамыздың әкесі Халиттің қазақ халқының ел болып сақталуында өзіндік орны бар Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың алтыншы,  ал, баласының жетінші ұрпағы екендігін айтуымыз керек. Міне, тектілік, осал атаның баласы болмау деген осыдан шығады?!

1718 жылдан 1748 жылға дейін Кіші жүздің ханы болған Әбілқайыр қаза тапқаннан кейін оның орнына таққа ұлы Нұралы отырып, Кіші жүзді 38 жыл басқарады. Осы Нұралы ханның көп баласының бірі Сейдалы екен. Шежіре осы Сейдалыдан Нұхкерей, одан біз мақаламызға тиек еткелі отырған Халит, Халиттен Абай, Абайдан Нұрлан болып жалғасып кете береді. Бұл арада біз ханның басқа ұрпақтары туралы сөз қозғамай, өз кейіпкерлерімізге қатысты тұсынан ғана қысқа қайырып отырмыз.        

Енді осыдан «Әбілқайыр хан ұрпағы біздің жаққа қалай тап болды?» деген орынды сұрақ туындайды. «Басқа түскен баспақшыл» демекші, алас-күлес аласапыран заман жел қуған қаңбақтай кімді қайдан бір-ақ шығармаған? Оны біз өзіміздің Абылай хан, Кенесары хан ұрпақтарының ауыр тағдырынан да жақсы білеміз.

Бұл жағына дендеп бара қоймасақ та, тегі солай болған болуы керек, Халит атамыз 1925 жылы еліміздің батыс аймақтарына іргелес Қостанай өңірінде дүниеге келеді. Осы топырақта туады да, балаң жастан аспай жатып үй іші болып, саяси қудалауға ұшырайды. Ізіне шырақ алып түссе де, мұндай ханның ұрпақтарын жай қоймайтын құдайсыздардан әне-міне тықыр таянғанын сезген бір үйлі жан содан жанталасып, Көкшетаудың Қызылту өңіріндегі Ақтүйесай ауылына келіп, бас сауғалайды. Бұл – Халит атамыздың нағашы жұрты, яғни, анасы Жұпардың туып-өскен топырағы еді. Кейін тың игерумен бірге, анда да, мында да  жаппай жүргізілген орыстандыру саясаты жаңағы Ақтүйесайды да бір сәтте Карл Маркс атандырып жібергені белгілі.

Солай нағашыдан жолы болған жастың күні әрі қарай не болды дерсіз. Жай бала емес, ханның ұрпағы! Баяғы заманы болса тағдырының басқаша қалыптасары, өз ортасында бұла болып жүрері хақ. Мына жағдайда Екінші дүниежүзілік соғыс қыза бере, өзі сұранып ел шырқын бұзған неміс фашистерімен өліспей беріспеуге қан майданнан бір-ақ шықпасына болмаған. Өйткені, есірген зұлым жауға баяғы хан бабаларына ұқсап мұның да көрсетер қайраты, алар кегі бар еді. Сол қанды қырғыннан Халит атамыз екі дүниенің арасында жатып, госпитальда әзер бері қараған ауыр жарақатымен, сосын… орыстан көңіл қосқан жарымен оралады.

Сосын да Көкше өңірінде, соның ішінде біз айтқан Қызылту жерінде колхоз ісін ұйымдастыруда, одан тың игеру жылдары жаңадан құрылған «Колос», «Қызылту», «Степной» сияқты шаруашылықтарды өз аяғынан нық тұрғызуда соңында үлкен із қалдырған Халит Нұхкерейұлының осы Абайының сырт тұлғасы басқа ұлтқа ұқсағанымен, қаны мен жаны нағыз қазақ еді.

Әке ізі өзі жүрек оты мен жан жылуын берген сол астықты, алқалы Қызылтудың күні кешегі бірнеше атақты шаруашылықтарында әлі де көнермей сайрап жатқандай болса, ұлына жазған бақыт та солай. Бұл өмірден өткеніне биыл он бес жылдың жүзі деп жатқанымызбен, өзі көзі тірісінде негізін қалап, дұрыс жолға салып кеткен «СейНұр» фирмасы жақсы атын күнде әйгілеп, бүкіл Көкшетаудың басына жаңғыртып жатқандай.

Осы арада көкейімізге еріксіз мынадай ой да келіп қалады. Сонау тоқсаныншы жылдары, қиын уақыт, қиын кезеңде қаланың небір бетке ұстар өндіріс орындарының бәрі жекешелендіріліп, әркімнің бір қолында кетіп жатқанда, осы Көкшетау такси паркіне Абай Сейдалиндей текті жанның ие болғаны да дұрыс болған-ау. Оған дейін осы таксопарк директорлығына төменнен сатылап өскен азамат  сол өтпелі кезеңнің анау-мынау ауыртпалықтары қанша беттен алып тұрса да жолаушылар тасымалын шоқаңдатып, сыр алғызбады. Тез арада жолын тауып, бұрынғы такси болып жүйткіген жеңіл автокөліктерді сыйымды автобустар мен газельдерге ауыстырып, бүкіл парк жұмысын қайта құрды.

Ұжымда ең алдымен, тәртіп болуына бір айбарлы сұсының өзі жетіп тұратын. Бірақ, алдына келген біреудің мұң-мұқтажы, көліктен қиналып тұрғаны, өз қызметкерлерінің басындағы әр түрлі жағдай, қаланың көп ұңғыл-шұңғылының бір тұсына селбесіп, септесіп жіберу, елдік, ұлттық шаруаларға тез ықылас танытып, мойын бұра қою дегенде таразы басын үнемі қайырымдылығы мен қолының ашықтығы, ішкі түсінігі мен түйсігі, кісілігі мен азаматтығы басып кетіп жататын.

Қалада кісі қарасы қалың, білетін, танитын адам көп. Ал, мұндай үлкенді-кішілі жекешеленген, жаңадан құрылған жолаушылар тасымалдайтын орындардың саны әрі кеткенде үшеу-төртеу ғана. Сондықтан, кейде сынатыны, тұратыны бар, күнделікті автобус маршруттарының өзіне көлік жетіспей, қиындық туындап жататындықтан, сол көрсеткен көмектің өзін тіпті, үнемі демейікші, көбіне дейікші. Соның өзінде бірінде тегін, бірінде жеңілдікпен кісі бетін қайтармайтын еді.

– Ал кейде жұмыстың, уақыттың тығыздығынан сондай бір шаруаларды жеріне жеткізіп, шеше алмай қалса, соның өзі жүрегінен ізсіз өтпей, кешкісін үйге келгенде дастархан басында қиналып, ыңғайсызданып отыратын, – дейді сүйген жары Райхан Зейноллақызы.

Осы қасиеттері кейін Көкшетау қалалық мәслихатына да екі рет депутат болып сайлануына, онда да тынымсыз еңбегі, жекелей үлесімен көп жұмыс атқаруына негіз болды. Бұл екі аралықта нарықтық қатынастарға бейімделіп, жолаушылардың талап-тілегі жолында жаңа бетбұрыстар жасаған өзінің «СейНұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де бірте-бірте бастапқы қиындықтарды артқа тастап, қала, облыста аты кеңінен жайыла бастады.

Бірақ… Бірақ, бірде «Щучье» шипажайында көзім бөлмесінен көп дәріні көріп, таңырқап қалғаным бар-ды. Онда Абай ағамыздың ауырып, ауруханаға жатып қалып жүрген кезі. Бір күні сол жарқын өмір сөнді. Әлі алпысқа да толмаған. Мезгілсіз сұм ажал килікпегенде, көрер қызығы, атқарар ісі, жасар жасы, бәрі алда еді. Барлығы бір Алланы қолында ғой.

Дегенмен, адамзат баласының, осындай жақсылардың, бүгінде арамызда жоқ әр үлкен-кішінің онсыз да жалт етіп өте шығар қамшының сабындай қысқа ғұмыры ұзара тұрса қандай ғанибет. Сол күні осы бір жайсыз хабар құлағына тиген, Әбекеңді білетін-білмейтін, атын, ісін ғана естіген қаншама адам қайғыға беріліп, мұңайып қалды. Ұбақ-шұбақ созылған қаралы көштің шеті-шегі жоқтай көрінген. Әлі есімізде, осындай бір ұлының өзіне деген еңбегін елеусіз қалдырмай, «Құрметті азаматына» балаған қала текті перзентімен осылай қоштасып еді сонда.

Арман-мақсаттары бір жерден шыққан, ойлары елге қызмет ету болған әке мен баланың ол жақта да жүздері ашық, көңілдері шат рухтары бір-бірінен қысылмай табысқан болар. Көзі тірісінде «СейНұрдың» ыстық-суығын бірге көтерісіп, жанынан жан жары Райханы, ер жеткен ұрпағы Нұрланы қара үзбейтін. Сол жылдар ішінде ана мен бала екеуі де кәсіпорын жұмысын жүргізуді Әбекеңнен қапысыз үйреніп, төселіп алған екен.

Солары бүгінде жемісін беріп отыр. Есіл азамат қана жоқ демесеңіз, бәрі орнында. Жаратылысы әйел бола тұра, күн сайын жолаушылар тасымалына шығатын 40 автобустың жұмысына бас-көз болып келе жатқанның өзі неге тұрады?!  Пендеміз ғой, соны көз алдымыздан көбіне жай өткізіп, солай болуға тиісті жағдайдай көрсек те, бұл да әйел затының шын мықтылығы екенін мойындауымыз керек.

Өмір Әбекеңнен кейін де көп нәрсені үйретіп, ұқтырған, ана дүниеде қолдай түскен аруағының да арқасы шығар, біраз жақсылық пен жаңалыққа, қызық-қуанышқа кенелткен. Автобустардың дені фирманың өз қаржысына, одан қалды,  несиеге бертін алынған үлкен де жаңа. Осы шаруаның бір жағынан шығысып, анасының оң қолы болып жүрген Нұрланы да игі істерімен әкесі сияқты облыс орталығына біраз танылып қалған. Жас та болса қатарынан екінші шақырылым Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты. Олай болса, осы мақаламызды атасы мен әкесіндей, оның да бұл қадір-қасиеті хан сайланып, ел билеген бабаларынан ғой деген түйінмен аяқтағымыз келіп отырғаны да жайдан-жай болмаса керек.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар