Ғарыштық түсірілімдер мен экологиялық мониторинг нәтижесінде аймақтағы үш аудан мен үш қала аумағында 200-ден аса заңсыз қоқыс орны анықталды. Аталған мәселе «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде бақылауға алынды. Бүгінде «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында анықталған осы заңсыз қоқыс үйінділердің 50-і жойылды. Барлық жойылған орындар порталға енгізіліп, бақылауға алынып отыр.
Ақмола облыстық экология департаментінің бөлім басшысы Арыстанбек Тасқынбаевтың айтуынша, заңсыз қоқыс орындарын жоюдағы кемшіліктері үшін жергілікті атқарушы органдардан 21 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.
Ақмола облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдауға арналған 130 жер телімі бөлінгенімен, олардың тек 25-і ғана заңдастырылған. Бұл ресми полигондардың жетіспеушілігін көрсетеді. Ресми полигондардан тыс жерлерге қоқысты бей-берекет төгу үлкен экологиялық және санитарлық мәселелер туғызып отыр. Мәселен, Көкшетау қаласының маңындағы заңсыз қоқыс орнына тұрмыстық қана емес, құрылыс қалдықтары да төгілген. Бұл орынды тазарту жұмыстарымен «Көкше Тазалық» серіктестігі айналысуда. Серіктестіктің бөлім басшысы Байнияз Жанияз бұл тұста жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті.
– Күніне екі тиегіш пен алты КамАЗ көлігі жұмысқа шығып, әрқайсысы Краснояр полигонына 2-3 рейс жасайды. Полигон қоқыстың әр текше метрі үшін 1500 теңге ақы алады, – деді Байнияз Жанияз.
Облыста талапқа сай салынған полигондардың үлесі 20 пайызға да жетпейді. Қазіргі таңда тек Бурабай мен Зеренді аудандарында ғана қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигон салу жобалары әзірленген. Өзекті мәселелердің бірі – қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдейтін кәсіпорындардың жоқтығы. Бұл шешім қалдықтарды жою жүйесін толыққанды жолға қою үшін маңызды.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

