Еңбекпен ел көркейеді

28 ҚЫРКҮЙЕК – ЕҢБЕК КҮНІ

Өткен бейсенбі күні Еңбек күні құрметіне өткен салтанатты жиналыста Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова қоғамда адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен бірқатар ақмолалықтарға облыс әкімінің Алғыс хаттарын табыс етті.

Сонымен бірге, шарада «Парыз» және «Еңбек жолы» байқауларының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары марапатталды.

Елімізде 2013 жылдан бері қыркүйек айының соңғы жексенбісінде  Еңбек күні аталып өтіледі. Биыл бұл айтулы күн 28 қыркүйекке сәйкес келіп отыр. Жалпы, қай кезеңде болмасын елдің дамуы мен өркендеуі қарапайым еңбек адамынан басталатыны сөзсіз. Сондықтан да, елімізде еңбек адамының бейнесін дәріптеу, адал еңбекті жас ұрпаққа насихат ету мақсатында жыл сайын еңбеккерлерді, кәсіпкерлерді және әлеуметтік сала қызметкерлерін марапаттау рәсімдері дәстүрге айналған. Биыл да бұл игі дәстүр жалғасын тауып, облыс орталығындағы «Болашақ» сарайында әдемі мерекелік шара ұйымдастырылды.

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау мақсатында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, «Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек» деп атап өткен болатын. Осындай қарапайым жұмысшы қауымын Еңбек күнімен құттықтауға арналған мерекелік шарада ең алдымен облыс әкімінің орынбасары Алтынай Байқадамқызы сөз сөйлеп, аймақта қарапайым еңбек адамдарын қолдау мақсатында атқарылып жатқан шаруаларға жан-жақты тоқталды.

– Біздің облыста жұмысшы мамандықтарын қолдау бағытында бірқатар маңызды жобалар іске асырылуда, – деп бастады сөзін облыс әкімінің орынбасары.

– Биыл облыста 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылса, оның 17 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орындары. Осының арқасында облыста бірталай отбасы өздерінің тұрмыстық жағдайын жасап, ертеңгі күнге деген сенімін нығайтып отыр. Бүгінде біз санға ғана емес, сапалы жұмыс орындарына назар аударып отырмыз. Биыл аймақта құны 180 миллиард теңгенің инвестициялық жобалары аяқталады. Бұл дегеніміз әлі де бірталай жұмыс орындарының ашылуына үлкен сеп.

Алтынай Байқадамқызы бұдан әрі облыс аумағындағы аудандар мен қалаларда ашылып жатқан кәсіпорындар, кәсіпкерлікті қолдау, азаматтарды мамандықтарға бағыттау секілді маңызды бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баян етті.

Жалпы, аймақтың 28 кәсіптік-техникалық колледждерінде жыл сайын 6,5 мың студент оқыса, олардың 3 мыңнан астамы жұмысшы мамандықтарына бейімделуде. Өткен жылы мемлекеттік тапсырыстар аясында жұмысшы мамандықтары бойынша оқуға түсуге 5,5 мың жас ниет білдірсе, биыл бұл көрсеткіш 5,9 мың адамға жетіпті. Бұл дегеніміз жастар арасында жұмысшы мамандықтарға деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен бірге, былтырдан бері облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жоғары оқу орындарында техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына оқитын студенттерге атаулы стипендия тағайындалды.

– Алдағы уақытта да алдымызда еңбек өнімділігін арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту, жұмыс процестерін цифрландыру, сапалы және лайықты жұмыс орындарын құру секілді іргелі міндеттер тұр. Осы бағытта белсенді жұмыс атқаруға тиіспіз, – деді баяндама барысында Алтынай Әміренова.

Еңбек адамдарының өз істеріне адалдығы мен қажыр-қайраты, табандылығы мен шыдамдылығы қашан да қоғам тарапынан жоғары бағаға ие. Аймақта ата-аналарының бастаған еңбек жолын, олардың тәжірибелері мен білімін әлі күнге жалғап келе жатқан еңбек әулеттері баршылық. Олардың ішінде ауыл шаруашылығы саласында өз істерін талай жылдардан бері оңтайлы дөңгелетіп келе жатқан Атбасар ауданының «Шуйское» серіктестігінде еңбек ететін Құрманқұловтар, Сандықтау ауданының «Максимовское» серіктестігін басқарып отырған әкелі-балалы Закусиловтар, Есіл ауданындағы «Новоприреченск» серіктестігінде еңбек етіп жүрген Туркиндер әулеттері аталып өтілді. Сонымен бірге, облыстың түкпір-түкпіріндегі шахталар мен кәсіпорындарда маңдай терін төгіп жүрген, әулеттік еңбек өтілдері жүздеген жылды құрайтын кеншілер мен теміржолшылардың, құрылысшылар мен басқа да сала мамандарының отбасылар үлгі етілді.

Сонымен, облыстың дамуы мен көркеюі жолында еселі еңбек етіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізген бір топ ақмолалық еңбеккерлер Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттарына ие болды. Олардың қатарында  40-50 жыл аралығында еңбек өтілдері  бар «Көкшетау Су Арнасы» мекемесінің кәріз желілері мен сорғы станцияларын пайдалану учаскесінің шебері Жанат Бейісов, Сандықтау ауданының «Үлкен Түкті» орман шаруашылығы мекемесінің» орманшысы Владимир Мельников, Жарқайың ауданының «Торғай нан өнімі» серіктестігінің жүргізуші-механизаторы Александр Грапов, «Көкшетау автобус паркінің» автобус жүргізушісі Абдулбары Яфясов, Көкшетау қаласының «Аян» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тас қалаушы-монтажшысы Базарбек Жақыпов, тағы басқалары бар. Сондай-ақ, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Ле Монде дю Фомаж ірімшіктер байқауының алтын жүлдегерлері атанған, «Бір ауыл – бір өнім» байқауларының жеңімпаздары Көкшетау қаласының «Буратта» ірімшік зауытының негізін қалаушысы Эльвира Мұқашева мен Бурабай ауданының Қатаркөл ауылының «Сыроварни Соколовых» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Руслан Соколов та сахна төріне көтеріліп, арнайы сыйлықтарға ие болды.

Бұдан әрі еңбек адамы беделін арттыру, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу және үздік еңбек әулеттерін, тәлімгерлер мен жас қызметкерлерді көтермелеу мақсатында жыл сайын ұйымдастырылатын «Еңбек жолы» республикалық байқауының өңірлік жүлдегерлері дипломдармен марапатталды. «Үздік еңбек әулеті» аталымына ерейментаулық Левковскийлердің әулеті лайықты деп танылды. Бұл еңбек әулетінің теміржол саласындағы жалпы еңбек өтілі 171 жылды құрайды. «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымын 37 жылдық тәжірибесі бар «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының кадрлар әкімшісі Несібелді Жүсіпова иеленді. Ал, «Өндіріс орнының үздік жас қызметкері» аталымына «Семізбай – U» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің химиялық талдау зертханашысы Аяжан Жамкенова лайықты деп танылды.

Сонымен бірге, әлеуметтік жауапкершілікті көтермелеу, еңбек жағдайларын жақсарту және қоршаған ортаны қорғау мақсатында жыл сайын өткізілетін «Парыз» республикалық конкурсының өңірлік жеңімпаздары да түрлі аталымдар бойынша марапатталды. «Үздік әлеуметтік-жауапты кәсіпорын» аталымына «Степногорск тау-кен-химиялық комбинаты» мен Сандықтау ауданының «Спасское-Агро» серіктестігі, «Үздік ұжымдық келісім-шарт» аталымы бойынша Бурабай ауданының «RG Processing» және Көкшетау қаласының «Гормолзавод» серіктестіктері ие болса, «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымын Біржан сал ауданының «Семізбай-U» және Ерейментау ауданының «Қызылту» серіктестіктері иеленді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар