Жуырда Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаевтың қатысуымен облыс этномәдени бірлестіктерінің өнер және этнография бағытындағы жинаған бірегей коллекцияларын Алматы облысына тапсыру рәсімі өтті. Бұл шара Ақмола облысында «Ұрпақтар диалогы» ғылыми-практикалық конференциясының қорытындысы аясында және Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХIV сессиясында берген тапсырмаларын орындау мақсатында ұйымдастырылды.
Мұндай мәдени эстафета – ел ішінде этностардың өзара ынтымақтастығын нығайтудың, тарихи-мәдени мұраны сақтау мен ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің тиімді тетігі болып табылады. Жинақталған жәдігерлер әр этностың бірегейлігін көрсетумен қатар, Қазақстан халқының ортақ байлығына айналып, қоғамда өзара құрмет пен сенімнің артуына ықпал етеді.
Іс-шараға Алматы облысынан арнайы келген делегация мүшелері қатысты. Делегация құрамында Қазақстан халқы Алматы облыстық Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «RONAI» күрд этномәдени орталығының төрағасы Гамзе Гейдаров, қоғам қайраткері, тіл жанашыры, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық әзірбайжан этномәдени орталығының төрайымы Аслы Осман, сондай-ақ, «Қоғамдық келісім және даму орталығы» мекемесі басшысының орынбасары Айымжан Тәңірбергенова болды.
Этномәдени бірлестіктердің коллекцияларын тапсыру дәстүрі – қазақстандық қоғамдағы достық пен бірліктің айқын көрінісі. Бұл үрдіс мәдени әртүрлілікті дәріптеп қана қоймай, жастардың тарихи мұраға құрметпен қарауына, елдік құндылықтарды бағалауға үйретеді.
Ақмола облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, облысымызда өткен бұл салтанатты рәсім Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісімді нығайтудағы және ұлттық бірлікті сақтаудағы рөлін айшықтап, этномәдени мұраның ел дамуы жолындағы маңызын тағы бір мәрте дәлелдей түсті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

