Цифрландыру жұмысы жандандырылғаны жөн

Әкім – іс үстінде!

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өңірде орақ науқанының жүргізілу барысы мен ауыл шаруашылығын цифрландыру мәселелері талқыланған жиын болып өтті.

Оған аудан және қала әкімдері, облстық басқармалар мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық инспекцияларының басшылары, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің жетекшілері, сондай-ақ, орақ науқанына тартылған барлық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Өңір басшысы өз сөзінде астық жинаудың табысты өтуі елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін атап өтті.

– Биыл мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірде 7 миллион тоннадан астам сапалы астық жинау жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш Ақмола облысының еліміздің басты астықты аймағы мәртебесін тағы бір дәлелдеуі тиіс. Осы бағытта біз нақты жұмыстарды жүзеге асыруымыз қажет, – деді Марат Ахметжанов.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағанындай,  биыл облыс бойынша жалпы егіс алқабы 5,5 миллион гектарды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 211 мың гектарға артық. Майлы дақылдардың егіс көлемі алғаш рет 490 мың гектардан асты.

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов бүгінгі таңда облыста 3,2 миллион гектардан астам алқаптың астығы бастырылғанын баяндады. Орташа гектар берекелілігі 15,6 центнерден айналып, шамамен 5 миллион тонна өнім алынды. Оның басым бөлігі жоғары сапаға сай келеді.

– Қазіргі таңда басты міндеттердің бірі – ауыл шаруашылығында инновациялық әдістерді қолдану арқылы өнім көлемін ұлғайту, – деп атап өтті бұл ретте, басқарма басшысы.

– Президенттің тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары өндіріс үдерісіне жасанды интеллекті белсенді енгізуі тиіс. Бұл тек ресурстарды тиімді пайдалануға ғана емес, жұмыс барысын дұрыс ұйымдастыруға да мүмкіндік береді. Сонымен қатар, біздің өңір пилоттық аймаққа айналып, цифрландырылған ауыл шаруашылығы кәсіпорындары тексерусіз әрі құжатсыз мемлекеттік қолдау шараларын ала алады, – деп атап көрсетті өңір басшысы.

Облыста ауыл шаруашылығын цифрландыру жұмыстары одан әрі жалғасуда. Зеренді ауданындағы «Диқан плюс» шаруашылығында жасанды интеллект элементтері енгізілген. Бағдарлама жұмыс тиімділігін есептеп, әрі қарайғы қызметке қатысты ұсыныстар береді.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі астық қабылдау кәсіпорындары мен шаруашылық қырмандарында тәулік бойы астық қабылдау және кептіруді қамтамасыз етуді, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы басқармасына агроөнеркәсіп кешені цифрландыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар