САЯСИ ПАРТИЯЛАРДА
Көкшетауда Қазақстан Халық партиясының форумы өткізілді. Оған партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев пен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сұңқар Ислам қатысты.
Партияның өңірлік филиалдарының басшылары, сондай-ақ, қоғам белсенділері мен партия жақтастары да осы форумның бел ортасынан табылды.
Ұйымдастырушылар форумды осындай кең әрі ауқымды форматта өткізе отырып, халық пен партия арасындағы байланысты нығайтып, өзекті мәселелерді ашық талқылап және алдағы жұмыстың басты бағыттарын айқындауды мақсат етіпті. Форум барысында азаматтық белсенділік пен жастар көшбасшылығын дамытуға серпін беретін қоғамдық-саяси алаң пайда болды. Қатысушылар еліміздегі әділ сайлау жүйесі мен сын-тегеуріндердің нақты жай-жапсары турасында ой бөлісіп, жастардың жаңа көзқарастары талқыланды.
Шарада партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев партияның қазіргі басымдықтары мен қоғамдағы рөлін атап өтіп, партия мүшелігіне жаңадан қабылданған азаматтарға партия билеттерін тапсырды.
– Біз болашақтың партиясымыз. Бірақ, жаңаша жұмыс істеуді бүгіннің өзінде бастап кеттік. Біз баршаға ортақ мәселелерді көтереміз. Ол дегеніміз заң мен тәртіпке үстемдік беру деген сөз. Өңірлерді дамыту мен халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, бюрократия мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, сондай-ақ, әрбір азамат өзін осы елдің бір бөлшегі ретінде сезінетін әділетті қоғам құру біздің басты ұстанымдарымыздың бірі. Енді біздің алдымызда жаңа мүмкіндіктер жолы ашылып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентті бір палаталы ету бастамасын көтерді. Бұл реформалар – әрбір партия үшін үлкен мүмкіндік. Біз үшін де солай. Егер біздің Парламенттегі басым күшке айналғымыз келсе, саясаттағы ескі көзқарастарды өзгертуге ниетіміз болса, ең алдымен, халықтың сеніміне ие болуымыз керек. Біз мұны міндетті түрде орындаймыз және оған қол жеткіземіз, – деді партия төрағасы форумда сөйлеген сөзінде.
Партия белсенділерінің сөзінше, партия тарапынан жасалып жатқан бағдарламалар мен бейнероликтерді бүгінде әлемнің 20 елінің азаматтары тамашалап отыр. Соның нәтижесінде партия төрағасы жақтастар елді жақсы жаққа өзгертудің жолдарын бірге іздейді деген пікірде.
Сонымен қатар, форум тек қызу пікірталас алаңы ғана емес, мәдени шараның да орын алуына мұрындық болды. Шара барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген суретшісі Александр Трофимовтың фотокөрмесі мен Шаңтөбе кентіндегі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушілерінің шығармашылық жұмыстарын тамашалады.
Жиын барысында жастардың бастамалары талқыланып, еңбек адамын қолдауға қатысты құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелері қаралып, өзге аймақтардағы мамандар өзара тәжірибелерімен бөлісті. Бұл бас қосу партияның жақтастары үшін пікір алмасып, жаңа идеялар ұсынатын маңызды алаңға айналып үлгерді.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

