«Көк шалғын» көңіліңді көтерді

Әкім – іс үстінде

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов 1 қазан – Халықаралық қарттар күні облыс ардагерлерімен бірге, Көкшетау қаласында жаңадан қолға алынған «Көк шалғын» жобасының іске қосылу салтанатына қатысып, сөз сөйледі.     

Биыл Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласы өзінің абаттандырылуы мен жасыл желекке оранып, көркейе түсуі жағынан ерекше көңіл қуантып отырған жайы бар. Мұның алдында Қопа көлінің жағасында жаңа Жағалау ашылып, қала тұрғындары мен қонақтарының көрікті демалыс аймағына айналса, енді міне, «Көк шалғын» атауымен іске қосылған сквер Мәңгілік алау мемориалдық кешені, Даңқ аллеясы, Тәуелсіздік алаңы мен Мақтай Сағдиев көшесін өзара тұтастырып, бір-бірімен әсем бір реңде байланыстырғалы отыр. Сөйтіп, жаңа жағалау және біз атаған кеңістіктегі демалыс және серуен аймағы ендігі арада көкшетаулықтар үшін өте бір ыңғайлы қала тұсына айналатынына аз уақыт қалғандай. Өйткені, егер осыған дейін қысқа мерзімде атқарылған қыруар жұмыс өз нәтижесін беріп, егілген ағаштар мен көп жылдық жапырақты екпелер, сондай-ақ, гүлдер өсіп-өніп, берік үйлесім тауып кетсе, бұл ара нағыз көңіл тоғайтып, көз қызықтырар қала оазисіне пара-пар болары сөзсіз. Ал, бұл дегеніңіз жылдан-жылға өсіп, қанат жайып келе жатқан қала үшін тұрғындарға аса қажет таза ауа, жасыл желек деген сөз. Бәрі жақсы қалыптасса, келесі жылы осы арада әсем субұрқақтардың, осы заманғы 11 және 14 метрлік шойын шамдардың, жаңа бедертастағы жайлы орындықтар мен көзге жылы декоративтік сәулелердің арасында, әсіресе, кешкі мезгілде қыдырып жүрген адамдарды көптен көреріміз анық.

–Біз бұл қоғамдық кеңістікті берілетін есеп үшін емес, қоғамдық қауіпсіздікті сақтай отырып, қала тұрғындары мен қонақтарының демалысына жаңаша сипат беру үшін жасадық. Өркениеттің Астанамыздағыдай кейбір сыннан өткен технологияларын қолданғанымыз тағы бар. Мұның бәрі қаламызда сіздерге және сіздердің жақындарыңызға қолайлы өмір сүру, демалу жағдайларын туғызу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар, – деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов тұрғындармен кездесу барысында.

Бұл пікірді одан әрі дамыта түскен осы жобаның авторы, алматылық ландшафты сәулеткер-урбанист Роман Шнайдерман:

–«Көк шалғын» – бұл қоғамдық кеңістіктердің желісі. Ол 2,5 шақырым осындай аралықты қала орталығымен қосып, жаңа жағалауға дейін баратын болады. Сөйтіп, тұрғындар «Көк шалғын» бойымен толыққанды демалудың пайдасы мен тиімділігін өз көңіл-күйлері арқылы барынша кеңінен сезіне түсетіндіктеріне кепілдік бере аламыз, – деп атап өтті.

Сөз ретіне қарай айта кетсек, жаңарып, адам танымастай болып өзгерген осы арада халық өте көп жиналды. Олардың көбі осы қалада ертеден тұрып келе жатқан көнекөздер. Оларға да кешегі басқаша кейіптің бүгін осыншама өзгеше бояуға, ерекше сипатқа ие болуы бір жағынан қызық, бір жағынан таңқаларлық. Осыдан бірер ай ғана уақыт бұрын «Көк шалғын» жобасы алғаш қолға алынғанда оның тап мұнша қысқа мерзімде нақты іске қосыларына тақа ешкім де толық сене қоймаған болар. Бірақ, жасампаз еңбек, осы игілікті жасаушылардың күн-түн демей, еселі еңбек етуі өзінің нақты нәтижесін бергені қыруар жұмыстан көрініп-ақ тұр. Осылай туған қаламыз күн сайын бұрынғыдан да әсем, бұрынғыдан да сәулетті бола түсуде.

Облыс әкімі өз сөзінде одан әрі атап өткеніндей, қаланы көркейту, жасыл желекке бөлеу жұмыстары одан әрі жалғаса түседі. Келесі жылдың өзіне жоспар көп. Жағалаудың өн бойы тағы істелмеген істер шешімін тауып, Сарыарқа шағын ауданында абаттандырудан бөлек, 10 мың орындық УЕФА стандарттарына сай осы заманғы стадионның құрылысы жоспарланып отыр. Ал, таяу болашақта 20 қабатты тұрғын үйлер де салына бастайтын күн алыс емес. Қазіргі шығындар бюджет қаржысын қаланың басқа мұң-мұқтажын үнемдеуге ықпалын тигізбек.

Сондай-ақ, облыс әкімі қала ардагерлері мен тұрғындарының назарын жаңа құрылыс нысандарына ұқыптылықпен қарау қажеттілігіне аударды. Аллеяларда бейнекамералар қойылмақшы. Сондықтан, қоғамдық тәртіпті бұзушылар мен жасалып жатқан осы игілікке нұқсан келтірушілер заң бойынша қатаң жауапкершілікке тартылатын болады.

Сонымен, жаңа қоғамдық кеңістікті ашу жиналған барша жұртшылық үшін нағыз мерекеге айналды. Даңқ аллеясы Аналар кеңесінің ұйымдастырған сәндік-қолданбалы өнер көрмесімен музыкалық ортаға айналғандай болды. Мәлік Ғабдуллин ескерткіші тұрған алаңда батыр музейінің көшпелі экспонаттары қойылды. «Қоғамдық келісім» шеберлері қауымдастығы мен этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері де халықты өздерінің көзтартар бұйымдарымен қуантты. Ал, келесі бір жерде «Шай ішейік» фестивалі жалғасын тауып жатты.

Осының бәріне разы қалалықтар облыс әкімі мен атқарушы билік өкілдеріне алғыстарын білдіріп, қаланың бүгінгі даму қарқынына өз жылы көзқарастарын білдірулері де  бүгінгі мерекенің бір жақсы нышаны еді. Марат Ахметжанов Заңғар есімді баланың тұсауын кесіп, ізгі тілегін білдірді. Осылайша, облыс әкімінің халықпен жақындығы жұрттың да көңілінен шығып, алаңдағы адамдар көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар