Марафон
«Болашаққа бірге жүгірейік!» атауымен Көкшетау қаласында Қазақстандағы Кәсіподақтар Одағының 120 жылдығына, сондай-ақ, Кәсіподақтар Федерациясының 35 жылдығына орай марафон ұйымдастырылды.
Осылайша, қос оқиға қарсаңында тұрғындар арасында марафон өткізуді жөн санаған ұйымдастырушылар салауатты өмір салтын насихаттай білді. Марафонға 70-ке тарта адам атсалысты. Қатысушылар қатарында кәсіподақ мүшелері, студенттер мен өңірдің белсенді тұрғындары болды.
– Біз «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбілік өткізген соң, күн райының қолайсыздығына қарамастан, осы марафонға да қатыстық, – дейді «Юнисеф» волонтері Мағжан Қабдол.
Бір айтарлығы, жарыста ешкімді бірінші не соңғы келді деп бөліп-жарып жатпады. Өйткені, ұйымдастырушылардың сөзінше, марафонға қатысамын деп бел шешіп кіріскендердің барлығы жеңімпаз саналады. Олар бірінші байлық – денсаулықты сақтауға үлес қосқаны үшін әрі осындай жиында өзгелердің салауатты өмір салтын ұстануын қолдай білгені үшін жеңімпаз. Иә, бұлтты күні шелектеп жауған нөсерге қарамастан, берген сөзінде тұрып, жағалау маңында белсене жүгіру, шынында, мақтауға тұрарлық іс.
– Кәсіподақтар әрқашан ынтымақтастық пен ерекше қолдауды басты қағидасы деп біледі, – дейді Ақмола облыстық Кәсіподақ орталығының төрағасы Қали Рахметов. – Бүгінгі марафон да осыны дәлелдей түсті. Барлық қатысушыларға айтар алғысым шексіз.
Сайыс соңында марафонға қатысушылар мен оны тамашалаушыларға арнайы медальдар мен естелік сыйлықтар табысталып, ыстық кофе ұсынылды.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат Бектұрғанов.
![]()

