Мемлекет басшысы мұғалімдердің кәсіби мерекесі елімізде ерекше аталып өтетінін жеткізіп, ұстаздар қауымына зор құрмет көрсетілетінін айтты.
– Міржақып Дулатұлы «Халыққа ең пайдалы адам – мұғалім» деген. Мұғалім – әр азамат үшін өте қадірлі тұлға. Басқа сөзбен айтқанда, мұғалім – әрбір балаға өмір жолын көрсетеді. Ұстаз – тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі. Кез келген қоғамның кемелдігі, өркениеттілігі ұстазға деген қатынасымен өлшенеді. Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болары хақ. Себебі әр мұғалімнің еңбегі – ерен, еліміздің дамуына қосқан үлесі – орасан. Сондықтан, бүгін мен білім беру саласында еңбек етіп жүрген барша азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы озық ойлы ұлт болу үшін ең алдымен, білім-ғылымның дамуына баса мән беруіміз керек деп санайды. Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаз болу нағыз білікті, дарынды, шебер маманның ғана қолынан келетінін алға тартып, мұғалімнің еңбегі соған сай лайықты бағалануға тиіс екеніне тоқталды және ел жастарына зор үміт артып, өскелең ұрпақтың ертеңіне үлкен сеніммен қарайтынын жеткізді. Сондай-ақ, заман талабына сай дамыған, озық ел болуға үндеп, білім беру ісіндегі цифрландыру мәселесіне назар аударды.
– Цифрландыру және жасанды интеллект технологиясы – қазіргі заманның ақиқаты. Сол себепті, мен биылғы халыққа Жолдауымды осы өзекті мәселеге арнадым. Цифрлық сауаттылықты балаларға мектептен бастап үйреткен дұрыс. Оқушылар озық технологияны оқуда тиімді пайдалана білгені жөн. Бұл – ұстаздарға да қатысты мәселе. Мұғалімдер заманауи дағдыларды жетік меңгеруі қажет. Жасанды интеллектіні білім саласында кеңінен пайдаланған абзал. Цифрлық ел болу – бір күннің шаруасы емес. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – мектептен бастап түбегейлі жаңа тәсілмен жұмыс істеу деген сөз. Сіздер, құрметті ұстаздар, осы маңызды миссияны жүзеге асыруға атсалысып, белсене жұмыс істейсіздер деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев одан әрі еліміздің мемлекеттік саясатында «Заң және тәртіп» қағидасы үстемдік құратынын жеткізіп, оны жүйелі жүзеге асыру нәтиже бере бастағанына тоқталды. Жиында Мемлекет басшысы білім беру саласына қосқан елеулі үлесі және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ ұстазды мемлекеттік наградамен марапаттады.
Президент қолынан ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті» КеАҚ сеньор-лекторы Рашид Қабдулқалиұлы Мұсайбеков «Парасат» орденін алды. Сондай-ақ, «Ақмола облысы білім басқармасының Ерейментау ауданы бойынша білім бөлімі Ерейментау қаласының Н.Смағұлов атындағы мектеп-лицейі» КМК мұғалімі Оксана Сергеевна Забиякина «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Ақорда.кз.
![]()

