Ұстазды ұлықтаған елдің – ұрпағы саналы, болашағы жарқын

5 ҚАЗАН – МҰҒАЛІМДЕР КҮНІ

Елімізде қалыптасқан тамаша дәстүрлердің бірі ретінде 5 қазанда айтулы кәсіби мереке – Мұғалім күні атап өтіледі. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов осы ұстаздар мерекесіне орай, «Болашақ» сарайында ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысып, құттықтау сөз сөйледі және бірқатар ақмолалық педагогтарға арнайы марапаттар мен Алғыс хаттар табыс етті.

Мұғалім – әр азамат үшін қадірлі тұлға. Оның еңбегі – ұлттың болашағына салынған іргетас. Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болары хақ. Сондықтан, елімізде қалыптасқан тамаша дәстүрлердің бірі ретінде қазан айының бірінші аптасында айтулы кәсіби мереке – Ұстаздар күні аталып өтіледі.

Мұғалімдер қауымының әдемі мерекесіне арналған салтанатты шара жүрегіндегі бар мейірім-шуағын, жылулығы мен махаббатын оқушыларына арнаған қарт ұстаздың өмірі баяндалған мазмұнды, тағылымды театрландырылған көрініспен басталып, жиналған қауымның зор қошеметіне ие болды.

– Әр адамды даналық пен жомарттыққа, терең білімге бастаған,  Абайдың «толық адам» ілімі негізінде рухани жетілген, жан-жақты дамыған, жеке тұлға болып қалыптасуға үйреткен жеке ұстазы бар. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – деп ұлы Абай айтқандай, қай кезеңде болмасын ұстаздық ету –  ең ұлы мұрат.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз конференциясында «Педагог – мамандық қана емес, бұл – ұлы миссия. Адам қандай жетістікке жетіп, биікке шықса да, ұстазының алдында өмір бойы шәкірт болып қалады» деп атап өткен болатын. Осы жауапкершілігі мол міндетті облыста 23 мыңнан астам педагог арқалап келеді. Сондай-ақ, жыл сайын облыс мектептеріне 500-ге жуық жас маман келеді. Біз оларды қолдау үшін гранттар бөліп, жұмысқа орналастырып, баспана алуларына жәрдемдесіп, «Дипломмен – ауылға!», «Жастар практикасы» сияқты бағдарламаларды жүзеге асырып жатырмыз, –деп облыс әкімі  білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталып, ерен еңбегімен, өзіндік жаңа әдіс-тәсілдерімен, шығармашылық ізденістерімен танылып жүрген ұстаздарға лайықты құрмет көрсетіп, есімдерін ерекше атап өтті. Солардың ішінде танымал педагогикалық әулеттерге ерекше тоқталды. Жалпы педагогикалық еңбек өтілі 186 жылды қамтитын Фаина Вергизова мен бастауыш сыныптарда сабақ берген Қамаш Дадетованың ұрпақтары, балалары мен немерелері бүгінде олардың ұстаздық жолын жалғап, еліміздің білім беру саласына  сүбелі үлестерін қосуда.

–Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні елдің цифрлық трансформациясының стратегиялық бағыты ретінде белсенді түрде ілгерілетуде. Жасанды интеллект білім беру жүйесін жаңа талаптарға жедел бейімделіп, өсіп келе жатқан ұрпақтың ХХІ ғасыр құзыреттерін қалыптастыруы тиіс. Осы тұрғыда Ақмола облысы білім беру ортасына жасанды интеллектіні енгізу саласында белсенді ұстаным танытуда. Нағыз прогрессивті оқушыларды тәрбиелеу үшін педагог үнемі оқып, өзін-өзі жетілдіріп отыруы керек. Облысымызда ізденімпаз, шығармашылықпен жұмыс істейтін, түрлі конкурстарда өз шеберлігін дәлелдеген педагогтар аз емес, – деп облыс басшысы жыл сайын өтетін республикалық  байқаулардың жеңімпаздарын атап өтіп, кәсіби деңгейін үнемі жетілдіріп жүрген, белсенді ұстаздарға алғыс білдірді.

Білім беру жүйесін үнемі жетілдіру, оқытудың заманауи әдіс-тәсілдерін іздестіру арқылы облысымыздың білім деңгейі жаңа сатыға көтерілуде. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде дарынды оқушыларымыз халықаралық және республикалық пәндік олимпиадалар мен байқауларда 243 медаль жеңіп алған, олардың 57-сі – халықаралық деңгейде өткен додалардан.

Тағы бір атап өтерлігі, ұстаздардың  қажырлы еңбегі мемлекеттік деңгейде бағаланып, облыстың бес ұстазы «Құрмет» орденімен, біреуі «Қазақстанның еңбек ері», тоғызы «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған және 4 педагог «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағына ие болған. Жуырда, Президенттің қатысуымен өткен Ақордадағы ұстаздар күніне арналған жиында аймақтың екі ұстазы – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің сеньор-лекторы Рашид Мұсайбеков кеудесіне жарқыратып «Парасат» орденін тақса, Ерейментау ауданының Н.Смағұлов атындағы мектеп-лицей мұғалімі Оксана Забиякина «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Облыс әкімі салтанатты жиында білім саласына бар ғұмырын арнаған ардагер ұстаздардың де еселі еңбегін атап өтіп, оларға гүл шоқтары табыс етілді. Сонымен, ұстаздар күніне арналған салтанатты шарада бірқатар ақмолалық ұстаздар білім беру жүйесіне қосып жүрген елеулі үлестері үшін Оқу-ағарту  министрлігінің түрлі медальдарымен және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың ішінде көп жылғы адал еңбегі үшін Қазақстан Республикасы  Оқу-ағарту  министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған Қорғалжын ауданы Шалқар орта мектебінің ардагер ұстазы Қабдолла Жабалов, Астрахан ауданы Жалтыр ауылы №2 жалпы орта білім беретін мектебінің ардагер ұстазы Айбала Жұмағалиева, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісіне ие болған Бұланды ауданының Макинск қаласы  Балуан Шолақ атындағы мектеп-лицейінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ләззат Ұстажанова, Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен және  «Дискавери-Бурабай» сауықтыру орталығына жолдама алған Аршалы ауданының, Аршалы кенті, №13 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің басшысы Сұлушаш Сембиева, Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің басшысы Саян Мұхамедияр секілді бір топ педагогтар бар.

2020 жылдан бастап Ақмола облысы әкімдігінің қаулысымен адал еңбегі мен кәсіби міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін педагогтарға жергілікті ерекшелік белгісін беру де дәстүрге айналған болатын. Осыған орай, «Педагогтің кәсіби міндеттерін үлгілі орындағаны үшін» құрметті атағымен Степногорск қаласы Қаныш Сәтпаев атындағы №9 жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Қарлығаш Сүлейменова, «Педагогтің адал еңбегі үшін»  ерекшелік белгісімен Көкшетау қаласы М.Ғабдуллин
атындағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясының орыс тілі мен
әдебиеті пәндерінің мұғалімі Жұлдыз Уәлиева, Зеренді ауылының №1 мектеп жалпы білім беретін мектебінің математика пәні мұғалімі Наталья Белогурова марапатталып, қомақты қаржылай сертификаттарға ие болды.

Салтанатты кеш соңы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің студенттері мен оқытушылары әзірлеген мерекелік концертке ұласып, ән-жырдан шашу шашылды, күмбірлеген күміс күй жиналған қауымның көңіл хошын кіргізді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар