Қуатты дала кемелері, молайған ел ырысы

Республикадағы ең ірі астықты аймақтардың бірі саналатын өзіміздің Ақмола облысының Бурабай, Бұланды аудандарына баспасөз туры ұйымдастырылды. Ішкі саясат басқармасы ұйымдастыруымен шыққан бұл сапарымызда біз ауыл шаруашылығының ахуалын біліп,  егін жинау науқанының жай-күйімен таныстық.

Облыс диқандары бүгінде 4,68 миллион гектар жерді алып жатқан дәнді және бұршақты алқаптардың 70 пайызға жуығын жинап үлгерді. Ал, майлы және бұршақты дақылдарды қосқанда, жалпы егіс көлемі 5,5 миллион гектар. Қамбаға құйылған астықтың жалпы көлемі 5 миллион тоннадан асты. Орташа өнімділік гектарына 15,6 центнер. Ең бастысы – сапаның тұрақтылығы. Элеваторға қабылданған 1,5 миллион тоннасы жаңа өнімнің басым бөлігі, атап айтқанда 1,1 миллион тонна бидайдың 71 пайызы 3-кластағы жоғары сапалы астық. Қабылданған Хай Про бидайының көлемі 166 мың тоннадан асып, отандық бидайдың экспорттық әлеуетін нығайта түсті. Осы тұста, бірінші кезекте, атына да, өзіне де Бурабай өлкесіне табан тіредік.

– Алған өніміміз жаман емес. Клейковинамыз 3-ші класқа сай келіп тұр, – дейді «Бурабай-2007 ДжиСиКей» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас агрономы Әсел Ағзамова. – Былтыр әр гектардан 20,6 центнер өнім алдық. Биылғы көрсеткіш 22-23 центнер болады деп күтудеміз.

Жергілікті тұрғындар ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған «Кең дала» тәрізді бағдарламалардың жемісін көріп отырғанын жеткізді. Соңғы екі жылда аталған бағдарлама кепілдігінің арқасында қомақты субсидияға қол жеткізу мүмкін болған.

– Облысымыз бойынша 66 лицензиялы элеватор жұмыс істеп тұр. Олардың сыйымдылығы 4,2 миллион тонна. Егін науқанына 7 мың астық жинайтын комбайн жұмылдырылған. Оның 5 мыңға жуығы соңғы үлгіде, – дейді Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ренат Қасенов.

Биыл қолданылған тыңайтқыш көлемі 336 мың тоннадан асады деп жоспарланған. Жалпы, егістік көлемі өткен жылмен салыстырғанда 300 мың гектарға ұлғайған. Майлы дақылдардың алқабы екі жылда 2,5 есеге кеңейіп, биыл аумағы 495 мың гектардан асты. Шаруалар минералды тыңайтқыш көлемін өткен жылдармен салыстырғанда үш есеге дейін арттырды.

Біздің баспасөз турының соңғы нүктесі Бұланды ауданының Елтай ауылы еді. Мұнда да қазір егін орағы қызу қарқынмен жүргізіліп жатыр. Соның арқасында орақ науқаны өрмек жүзінен ауа түскен.

– «Елтай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігігінің 30 мың гектар егістік жері бар. Кәсіпорынның  биылғы көрсеткіші жаман емес, – дейді шаруашылық басшысы Қазақстан Жанәділов, –  Егістік алқабынан орташа есеппен 25-26 центнер өнім күтілуде. Тіпті 35 центнерге дейін асып түсетін жерлер бар. Мұның бәрі мемлекетіміздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне дұрыс саясатының арқасында деп білемін.

Заманауи құрал-жабдықтарға қол жеткізген серіктестік өз элеваторының арқасында өнім құнын өздері анықтай алады. Бүгінде отандық өнімге сұраныс елімізде ғана емес, Еуропада да қызығушылық тудырып отыр. Сонымен қатар, келесі жылғы егіс науқанына дайындық та қызу. Қазірдің өзінде жоспарланған 539 мың тонна жоғары репродукциялы тұқымның 96,6 пайызы қамбаға құйылып, келесі жылғы мол өнімнің негізі қалануда. Түйіндей  келе, облыстағы егін жинау науқанының нәтижесі мемлекеттік қолдау мен диқандардың ерен еңбегінің арқасында жақсы болары күмән туғызбайды.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Бурабай-Бұланды аудандары.

суреттер kazlenta.kz/ сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар