Даму бағыты
Бұл туралы Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Шайкенов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Биыл 18 шілдеде Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне қол қойды. Жаңа кодекс келер жылдың 1 қаңтарынан бастап айналымға және импортқа 16 пайыз қосымша құн салығы (ҚҚС) салынады. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу шегі 10 мың айлық есептік көрсеткішті құрайды. Корпоративтік және жеке табыс салығынан бастап, инвестицияларды ынталандыру мен есептілікті жеңілдетуге дейін салық жүйесін түбегейлі өзгертеді. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу ерікті, міндетті және шартты тіркеу нысанында жүзеге асырылады. Бірінші кезекте медицина саласында жеңілдіктер қарастырылған. Медициналық қызметтер, дәрі-дәрмектер мен медициналық құралдарға 2026 жылдан бастап 5 пайыз, 2027 жылы 10 пайыз төмендетілген мөлшерлеме қолданылады. Қосылған құн салығынан босату тек мемлекеттік кепілдік бағдарламалар аясында және әлеуметтік маңызды ауруларды емдеуге арналған қызметтер мен дәрі-дәрмектерге қатысты болады. Бұрынғы босату күрделі есеп жүргізуді талап ететін, бірақ, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін басталған немесе пайдалануға қабылданған үйлерге бұрынғы жеңілдік сақталады. Импорт пен сату бойынша жаңа жеңілдіктер де бар.
Аталған салықтан босатылғандар қатарында ішкі туризм бойынша туроператор қызметтері, отандық кітаптар мен баспа қызметтері және археологиялық жұмыстар бар. Импорт кезінде қосымша құн салығынан босату ресми даму көмегі бағдарламасы аясындағы тауарларға, пайдалы қазбаларды қайта өңдеуге арналған жабдықтар мен әуе тасымалы үшін жанар-жағар майға қолданылады. Казино, ойын автоматтары, тотализатор, букмекерлік қызметтер және лотерея ҚҚС айналымына жатпайды. Экспорт кезінде айналым күні – кеден шекарасынан нақты өту күні, ал, нөлдік мөлшерлеме үшін айналым күні декларация тіркеу күнімен есептеледі.
2026 жылдан бастап шетелдік қызметтер мен жұмыстар бойынша электрондық шот-фактура шығару міндетті болады. Бұл аталған салықты төлеудегі бірқатар жұмысты жеңілдетіп, декларацияны автоматты түрде толтыруға мүмкіндік береді. ҚҚС мөлшерлемесінің 12 пайыздан 16 пайызға өсуі аясында есепке алынатын қосымша сома 70 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайды. Келер жылдан бастап сома тауар, жұмыс немесе қызмет алынған күн бойынша есептеледі.
ҚҚС декларациясын тапсыру мерзімі нақты шектеумен белгіленген. Декларацияны кезектегі тоқсан аяқталғаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктіріп тапсыруға болмайды. Жаңа Салық кодексі аталған салықты төлеушілер үшін есептілікті жеңілдетеді, салық әкімшілендіруін оңтайландырады және тұрғын үй мен медициналық қызметтерге қатысты жеңілдіктерді нақтылайды. Елімізде мүдделі органдар мен шағын және орта бизнес субъектілеріне және жеке тұлғаларға 2026 жылдан бастап осы реттегі барлық өзгерістерді мұқият қадағалау маңызды.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілішісі.
Суретті түсірген: Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

