Өнеге
Отбасы – шағын мемлекет. Ол – тәлім мен тәрбиенің, үлгі мен өнегенің, мейірімділік пен адамгершіліктің ордасы. Адам баласының өмірге келгеннен кейінгі бар тіршілігі отбасында өтеді. Ал, сол отбасындағы әке мен ана – шаңырақтың тірегі. Адам баласының ой-санасы өсіп, ақыл-ойының кемелденуі үшін де отбасы таптырмайтын орта.
Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан, біздің жерімізде көптеген ұлт өкілдерінен тұратын отбасыларда сан жоқ. Олардың барлығы бейбіт елде өмір сүріп жатыр, әр ұлттың салт-дәстүрлері құрметтеліп, мерекелер бірге атап өтілуде.
Жуырда осы отбасылық құндылықты насихаттау мақсатында зағип және нашар көретін азаматтардың қалалық арнайы кітапханасында Шубаевтар отбасымен сұхбат түрінде «Отбасы – басты құндылық» атты іс-шара өткізілді.
– Мұнымен біз балалар мен ата-аналар арасындағы мейірімді, сыйластық қарым-қатынасты, ынтымақ-бірлікті паш еткіміз келеді. Шараға көпұлтты отбасы иелері Хасен Омарұлы мен Нұргүл Мейрамқызы балалары Роман, Андрей, Ангелина және Камиламен бірге келді. Олар іс-шараны музыкалық нөмірлерімен безендірді, өлең оқыды, осылайша ата-аналары мен жиналған оқырмандарды қуанта түсті. Айталық, Роман мен Камила әке мен ана туралы өлеңдерімен есте қалса, Андрей «Мен қазақпын» әнін шырқады, осы балалар бірлесе орындаған «Атамекен» патриоттық әнін барлық қонақтар бірге айтып, жас орындаушыларға қолдау көрсетті, – дейді бұл орайда, кітапханашы Әйгерім Жексенова.
Балалардың ата-анасы Хасен Омарұлы – жеке кәсіпкер, Нұргүл Мейрамқызы – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы, балалар болса, бәрі №10 орта мектебінде оқиды, Ангелина – жүзу бойынша Паралимпиада ойындарының Ақмола облысы құрама командасының мүшесі, Роман қазіргі уақытта қазақ және ағылшын тілдерін меңгеруде. Камила – жас ботаник, Андрей вокалмен айналысып, мәнерлеп өлең оқиды. Шешендік шеберлік курсына баратын ол әр түрлі сайыстарға қатысады. Жақында «Қазақфильмпродакшн» жобасының кастингінен өтіп, түсірілімге дайындалып жатыр. Отбасында жеті бала бар. Ата-аналары бір немере де көріп отыр.
Іс-шара барысында кітапхана қызметкерлері Шубаевтар отбасымен сұхбат өткізді, онда кеш кейіпкерлері өздерінің өмір және еңбек жолдары туралы сұрақтарға жауап берді, отбасылық құпияларымен бөлісіп, өздері ұстанатын салт-дәстүрлері мен демалыс күндерінде бос уақыттарын қалай өткізетіндерін айтты. Балалар отбасы тақырыбына суреттер салып, кластерлер толтырды.
Кеште «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігі Ақмола облысы филиалының төрағасы Н.О.Әубәкіров, «Ақмола облыстық психологиялық-медициналық және педагогикалық кеңесі» мекемесінің маманы А.Т.Баймұратова сөз сөйлеп, елімізде, сондай-ақ, өңірімізде ісімен де, өнегесімен де баршаны тәнті ететін осындай үлгілі отбасылардың қатары молая беруіне тілектестіктерін білдірді.
Мұнымен бірге, кітапхана оқырмандары, «Қазақ зағиптар» қоғамының өкілдері К.Кравченко өлең оқып, С.Оладько мен Л.Гензе әсем әндерімен жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Іс-шара соңында кітапхана оқырмандары мен қонақтары осы кешке арнайы ұйымдастырылған көрмеден Шубаевтардың отбасылық альбомынан алынған фотосуреттер мен балалардың түрлі жарыстар мен байқауларда жеңіп алған жүлделері мен медальдарын көріп, тамашалады. Осыған сүйсіне отырып, біз әрине, бұл ерлі-зайыптылардың белсенді және талантты балаларды тәрбиелеп отырғанын байқаймыз. Ендеше соған орай, көкейімізде осындай әдемі де ұйымшыл, жастарға үлгі болатындай отбасыларымыз арамызда көп болсын деген тілегіміз де сайрап тұр. Сонда біздің қоғамымыз да басқалар алдында неғұрлым жарасты да жарқын болмақ.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

