Елімізде 1-31 қазан – егде адамдарды әлеуметтік қолдау айлығы
Береке-бірліктің несібесі бұйырған, тарихы терең, тағылымы мол халықтың ұрпағымыз. Олай болса, бұл аға буынның жемісті еңбегі екендігі айдан анық. Ел басына күн туған қилы кезеңде ақсақалынан бата алған, ақ жаулықты аналарын төрге оздырған батыр елдің ізбасарымыз. Қарт кісіні құт-береке деп танысақ, ол ұрпақтың көрегендігі емес пе?! Жүйрік уақыттың ұшқыр қанатымен мағыналы ғұмырында биік бір белеске жеткен ата-апаларымызға ыстық ықыласымыз шексіз. Олар қиын-қыстау заманда ел үшін аянбай еңбек етіп, балаларын өсіріп, білім беріп, жетілдірді. Даралық пен даналықты бойларына жинаған, әр түрлі салада қызмет етіп, туған жері мен елі үшін аянбаған зейнеткерлер, еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосқан еңбек ардагерлері баршылық. Қашанда қариялардың көкірегі өсиетке толы. Көргені көп адамдардың ақылын тыңдап, сөзін санаға түйіп жүргеннен ешкім жаман болмаған.
Қарттарға қамқорлық – біздің халқымыздың дәстүрінде дәріптеліп, салты мен санасына берік орныққан қасиет. «Ата қайратты болса, бала ғибратты болады» деген сөз бекер айтылмаған. Елдің берекесі мен жас ұрпақтың өнегесіне әр уақыт қолдау көрсетіп, ел келешегінің жарқын жолын жарасымды жалғап келеміз. Қарт дегеніміз – ағып жатқан дария іспеттес. Қариялар халқымыздың өткені мен бүгінін жалғайтын алтын көпір, тұнып тұрған шежіре, кемел тарихымыз. «Қарты бар елдің қазынасы бар», – деген аталы сөз осыдан қалса керек.
Жоғарыда біз ауызға алып өткен айлыққа орай,қалалық орталықтандырылған үлгілі кітапханада «Қарияның өмір жолы – қазына» атты ізгілік кеші өтті. Біз үшін жылда осындай қарттар айлығы кезінде аға ұрпақты құрметтеу ізгі дәстүрге айналды. Ондайда біздің кітапхана ісінің ардагерлері үшін де бұл күн мереке ғана емес, сонымен қатар, өзара жүздесіп, демалуға және көптен кездеспеген бір-бірімен шүйіркелесіп қалуға қолайлы бір мүмкіндік. Бұл күніардагер кітапханашылар өздеріне шын көңілден жайылған ақ дастархан басында осы киелі шаңырақта өткен еңбек жолдарын, әріптестерін еске алып, сол бір жандарына ыстық күндерден сыр бөліседі, әрқайсының амандық-саулығына қуанып, бір жадырап қалады. Адам баласына бұл жарық дүниеде осыдан артық не керек?! Біз қай кезде болсын, ардагерлерімізді ардақ тұтып, оларды қамқорлыққа алуды өзіміздің парызымыз деп білеміз. Осы жолы да біздің сол көңіліміз осы бір жылы жүздесуде айқын аңғарылып тұрды ғой деп ойлаймыз. Сол үшін де аға әріптестеріміз алғыс сезімдерін білдіріп, сүйікті әндерін шырқап, ара-арасындажомарт күздің құпияларымен, аспаздық тәжірибелерімен дебөлісіп, ойнап-күліп отырды. Осылай сергектік пен жағымды көңіл-күйге бөленді.
Қарттар – өткеннің куәгері ғана емес, бүгінгі ұрпаққа бағдар беретін шамшырақ. Олардың маңдайындағы әжім – тек уақыт ізі емес, күрес пен еңбек, қуаныш пен сынақтың мөрі. Әрбір әже мен атаның жүрегінде тұтас бір дәуірдің тарихы, бүтін бір әулеттің тағдыры жатыр. Әдемі қарттық дегеніміз – айналасына шуақ шашудан жаңылмау, қарттыққа мойынсұнбау, жалғыздық көрмеу. Жанында қолдау көрсететін баласы болса, амандығын сұрап тұратын немересі болса, үлкенге ізет көрсететін қоғамы болса – сол қарттық шын мәнінде әдемі.Кітапхана ардагерлеріне арналған әдемі іс-шара қызметкеріміз Ақбота Ықыластың орындауындағы әсем әнмен мәресіне жетті.
Жанаргүл ӘБДІРАХМАНОВА,
Көкшетау қалалық орталықтандырылған кітапханасының қызметкері.
![]()

