Жасыл желек жанашырлары
Кеше еліміз Орман шаруашылығы қызметкері күнін атап өтті. Осы кәсіби мерекеге байланысты редакция Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Жасқайратұлы Дүйсеновпен хабарласып, аймағымызда орман-тоғайды қорғап, сақтау және молайту шаралары туралы айтып беруін өтінген еді.
Иә, елімізде жылда 15 қазанда Орман шаруашылығы қызметкері күні атап өтіледі. Бұл осы сала еңбеккерлерінің еліміздің орман байлығын молайтамыз, әр түп ағашын көздің қарашығындай сақтаймыз деген қажырлы еңбегіне орай белгіленген лайықты мереке. Күн-түн қатып, тәуелсіз мемлекетіміздің орман қорын еселеп жүрген орманшыларымыздың осындай бір атаулы күнге ие болатындай әбден жөні бар. Біздің Қазақстанда статистикалық деректерге жүгінетін болсақ, орман қоры мол емес. Оны өте аз деуге болады. Жер көлемі жағынан дүниежүзінде тоғызыншы орын алсақ, орманымызбен былай мақтана алмаймыз. Елімізде қалай болса, Ақмола облысында да жағдай солай. Сондықтан, қолда бар орман қорымызға, оның дұрыс сақталып, мүмкіндігінше молая түсуіне, сөйтіп, ертеңгі ұрпаққа, болашақ заманымызға мұра болып қалуына қолдан келгеннің бәрін жасау бұлжымас парызымыз.
Міне, орман шаруашылығы дегенде алдымен, біздің көңілімізге де, ойымызға да осы бір жайлар оралады. Ал, енді Ақмола, Көкше өңірлерінде осы үлкен мәселеге байланысты қандай жұмыстар атқарылуда деген сауалға келсек, көңіл тоғайтатын біраз шаруалардың басы қайырылып жатқаны айдан анық. Сол үшін де орманшылардың үлкен қауымы осы бағытта айтарлықтай істер тындырып, өздеріне жүктелген міндетті ойдағыдай шешіп жатқан жайы бар. Орман қашанда өзінің нешетүрлі көзтартар ғажайып әлемімен, сыршыл көріністерімен жан баурайды. Кейде кеше ғана егілген жас өскіннің әжептәуір ағаш кейпіне келіп, бой түзеп қалғанына қуанасың. Кейде орман жиегімен жол жағалай келе жатып, әрбір қайың шоғының, әрбір қарағай алқаптарының айналасы соқа тілімен жыртылып, өңделе түскеніне де көз салып, бұл да орманның өрт сияқты табиғаттың дүлей күшінен қорғануы үшін керек шара екендігіне көңіл тоғайтасың. Осылайша, орман-тоғай деген табиғаттың үлкен бір ажырамас бөлшегі сізді бар сұлулығымен өзіне тартып алады.
Ерте заманнан адамзат баласының осы орманмен, оған байланысты тіршілікпен жаны да, тағдыры да бір болып келеді. Бір сәт айналаңызды осы ормансыз, жасыл желексіз елестетіп көрсеңіз, көз алдыңызға ұшы-қиырсыз жалаңаш дала ғана келер еді. Ол әрине, өзініңосындай сәнінсіз жұтаң да жадағай болып көрінері анық. Сосын да орман бізге өте ыстық, өте қымбат. Бұл тіршіліктегі ең бір қажетіміз болып жүрегімізді елжіретіп, өзіне тартып тұрады.
Осылай бір тебіреніп алып, бүгінде осы орманымызды сақтап, молайту жолында атқарылып жатқан жұмыстарға келсек, алдымен Ақмола облысында 14 миллион 613 мың 200 гектар жер көлемі барын айтқан ләзім. Соның ішінде жоғарыда да аңғартып өткеніміздей, орман алқаптары небары 2,6 пайыз, яғни, 5200671 гектар ғана. Демек, осы азды-көпті байлығымызды суық қолдың сұғанағынан қорғау, ондағы жан-жануарлар әлемін молайту, орман-тоғайымыздың өзін әрі қарай ауқымын кеңейтіп, ұлғайта түсу әрбір орманшыға, осы салада жүрген әрбір адамға үлкен жауапкершілік жүктесе керек. Біздің ойымызша, осы салада табиғатты сүйетін, оның жағдайына жаны ауыратын жандар ғана жұмыс істеуі тиіс. Сонда ғана біз айтып жатқан шаруаларда белгілі бір береке, нәтиже болады.
Бүгінгі таңда біздің облысымыздың аумағында жиырмадан астам мемлекеттік орман иеленуші жұмыс істейді. Олар Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасының 13 мемлекеттік орман шаруашылығы, 3 мемлекеттік табиғи парк, «Қорғалжын» мемлекеттік табиғи қорығы, «Сандықтау» оқу-өндірістік орман шаруашылығы, «Жасыл аймақ» республикалық мемлекеттік кәсіпорны, республикалық орман селекциялық орталығының «Солтүстік өңір» филиалы сияқты ұйымдардан және басқа да белді мекеме-ұйымдардан тұрады. Бүгінгі нарықтық қатынастар заманына сәйкес, облысымызда жеке орман қоры да бар екендігін, оның ішінде орман алқаптары 157 гектарды, ал, орман емес алқаптар 860 гектарды құрайтындығын да айта кеткен жөн. Мұнда да жүктелген міндет-парыз бәрімізге ортақ. Яғни, шама келгенше осы жасыл желек қорларын молайту, оларды көздің қарашығындай қорғау, саясында демалыс-сауықтыру орындары салына немесе ашыла қалса, соған пана, сая болып, көрік берген орманның өзіне зақым келтірмеу.
Қазіргі уақытта Ақмола облысы бұл тұрғыда несімен танымал десек, әрине, осы жердің көркі де, сәні де болып отырған ұлттық табиғат парктермен деп айтар едік. Солардың ішінде «Бурабай», «Көкшетау» және «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінде ағаш отырғызу жұмыстары жылдан-жылға артпаса, кеміп көрген емес. Солай болатын реті де бар. Өйткені, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасын жасау туралы тапсырмасында таяу жылдары елімізде 2 миллиард түп ағаш отырғызу жөнінде өскелең міндет қойған болатын. Одан бері де Мемлекет басшысының бастамасымен тұтастай еліміз бойынша «Таза Қазақстан» акциясы қолға алынып, жер-жерде қоршаған ортаны таза ұстау жұмыстарымен бірге, ағаш отырғызу да кең көлемде қолға алына бастады. Бұл шаралар орманды қорғап, молайту жұмыстарына зор серпін беріп, қазір еліміздің алдында тұрған өзге стратегиялық міндеттермен бірге, табиғатты аялау, оған қамқорлық жасау ісін де бірінші кезекке шығарды. Соның нәтижесінде биыл Ақмола облысында да барлығы 2941,2 гектарға 19 миллион түпке жуық ағаш отырғызылды. Оның басым дені қылқанды және жапырақты ағаш көшеттері.
Біздің Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарайтын Ақмола облыстық аумақтық инспекциясының құзырына аймақтағы орман шаруашылығын бақылау мен қадағалау, жануарлар дүниесін көбейту, сондай-ақ, ерекше қорғалатын табиғат аумақтарын сақтау міндеті кіреді. Сондықтан, біз өзіміздің күнбе-күнгі жұмысымызда осы мәселелерді шешу жолында бір сәт те қарап отырмаймыз десек артық емес. Өйткені, бүкіл облысымыздың аумағында алдымызда тұрған жоғарыдағыдай мәселелерді шешу тұтастай инспекциямен бірге, оның әрбір қызметкерінен зор жауапкершілік пен қажыр-қайратты талап етеді. Тек биылғы жылдың өзінде ғана орман шаруашылығында заң бұзушылықтардың алдын алу үшін 97 жоспарлы және жоспардан тыс тексерістер өткізілді. Оның қорытындысында анықталған кемшіліктер мен олқылықтарды жою жөнінде тиісті орындарға 63 міндетті нұсқаулар берілді. Сондай-ақ, бұдан тыс Қазақстан Республикасының табиғат қорғау заңдылығын сақтау жөнінде біздің қызметкерлеріміз 405 рейдтік шаралар ұйымдастырды. Мұның бәрі қағаз жүзінде айтуға жеңіл болғанымен, іс жүзінде орман алқаптары мен олар орналасқан далалық жерлерде күн-түн қатып жүру, әрбір жөнсіз қадамға қырағылық танытып, сақ болу, табиғаттың шырқын бұзушылармен ешбір мәмілеге келмеу сияқты көптеген қасиеттерді қажетсінеді. Осы жолда инспекция қызметкерлері талап үдесінен көрінуде десек, бұл да өз-өзімізді асырып, артық айтқандығымыз емес, нақты атқарылып жатқан істердің нәтижесі.
Әрине, тексеріс, арнайы рейдтер болған соң теріс әрекеттермен қолға түскен браконьерлер, не басқа кінәлілер болсын жауапқа тартылатыны бұлжымас заң. Осы ретте әкімшілік жауапкершілікке тартылған 130 кінәлі адамға 5 миллион 193,4 мың теңгенің айыппұлы салынды. Бұдан басқа 7 қылмыстық іс қозғалды. Бұл жауапкершіліктен орманда заңсыз ағаш кесумен айналысқан 14 оқиғаға кінәлілер де тыс қалмады. Олардың 1259,61 мың теңгеге келтірген шығындары орнына салынды және өздері де тиісті жауапқа тартылды.
Осы күні онсыз да көлемі көп емес орман-тоғайымыздың шырқын кетіріп, ұрымтал жерден ұрынып тұрған бір жай, орман өрттері дер едік. Осы орман өрттері кейінгі жылдары ана жерден, мына жерден бой көрсетіп, көбіне даланың шөбі де, ағашы да отқа шалынатын жағдайлар жиі көрініс беруде. Ақмола облысының мемлекеттік орман қоры аумағында да биыл 22 гектарды қамтыған 24 өрт оқиғасы орын алды. Ол өрттер дер кезінде сөндірілгенімен, әрине, табиғатқа, соның ішінде орман-тоғайдың өзіне нұқсан келген «әттеген-айлар» да болып қалды. Сөйтіп, 18 гектар ағаш алқабы тікелей осы өрттің зардабын тартты. Соның өзінде көңілге бір жұбаныш, бұл сандар бұрынғы жылдардағы жағдайлармен салыстырғанда көп емес. Бұған соңғы кезде облысымыздағы орман алқаптарының өрттен қауіп-қатер арта түсетін жаз айларында, әсіресе, ыстық аптаптарда әуеден авиапатрульдікпен қамтылатындығының да пайдасы тиіп отырғандығын айта кеткен жөн. Аймағымызда«Қазақ орманды авиациялық қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету базасы» республикалық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының Ақмола, Көкшетау және Бурабай үш авиациялық бөлімшесі жұмыс істейді. Олар Ақкөл, Бурабай және Зеренді аудандарында орналасып, мемлекеттік орман қоры аумағына өрттің алдын алу мақсатында әуеден шолу жасап отырады. Өткен жылдардағыдай, биыл да жылдың төртмаусымындаинспекцияның қадағалауымен заңсыз ағаш кесу, оны ормандардан алып шығу және басқа да осы тектес орман шаруашылығына қатысты заңдылықтардың бұзылуының алдын алып, анықтау үшін жүйелі түрде әуеден кезекшілік ұйымдастырылуда.
Жоғарыда айтқан өрттердің де негізгі себебіне тоқтала кетсек, оның бірі соңғы кезде кең етек алып отырған мына бір озбырлық, яғни, кей жерлерде сол ағашқа белгісіз біреулердің әдейі от қоюы, сөйтіп, қасақана жандыруы. Жүргізілген талдаулар өрт оқиғаларының біразына тікелей осы жағдайлардың кері әсері барын көрсетіп отыр. Өкінішке орай, мұндайда соны жасаған адамдарды тауып, жауапкершілікке тарту жағы қиынға соғуда. Өйткені, жеке бас пайдалары үшін, яғни, түбінде сол жанған ормандарда ағаш кесіп, дайындау пиғылымен әрекет жасаған мұндайлар кейін іс аяғы басылғанша бұқпантайлап, өз тараптарынан ешбір сезік байқатпауға барларын салады. Осылайша, жабулы қазан жабулы күйінде қалатын жағдайда қалатынымыз өкінішті-ақ. Ал, енді осы болған өрттерден жапа шеккен орман-тоғайдың зарына келсек, олардың орнын толтыру өте қиын. Сол жерлерде еккен ағаштың қайта бойлап, өсіп-өнуінің өзі ондаған жылдарға созылады әрі бұрынғыдай жайқалып тұрар орманның өсіп-жетілетініне тағы ешкім кепілдік бере алмайды.
Сөз соңында Орман қызметкері күні осы саланың жай-күйімен жарғақ құлақтары жастыққа тимей, үнемі іс үстінде жүрген қызметкерлеріміздің өз елінің, оның табиғат байлығының бүгіні мен ертеңі үшін атқарып келе жатқан тынымсыз жұмыстарын бағалау болып та табылатынын айта кеткеніміз жөн. Осы кәсіби мереке барша орман шаруашылығы қызметкерлері үшін құтты болсын! Жасыл желексіз өмірді толымды, толыққанды өмір дей қоймаспыз. Сондықтан, адам жанына қуат, дертіне шипа беретін сұлу табиғатымыз, орман-тоғайларымыз уақытпен, тынымсыз тіршілікпен бірге жасап, молайып, көз қуанышымызға айнала берсін. Осы жолда өзімізден талап етілетін биіктерден көрініп, ел сенімінен шығайық!
Жазып алған Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.
![]()

