Ерлік – ұрпаққа ұран!
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылғы өз Жолдауында өскелең ұрпақтың мемлекетшіл әрі отаншыл болуының маңыздылығына тоқталып өтіп, жастардың бойына патриоттық тәлім-тәрбиені сіңірудің жасампаздық пен жаңашылдықтан тұратын негізгі көрсеткіштерін айқындап берді.
Бұл ретте, республикалық «Отан» қоғамдық бірлестігінің жас ұрпақтың бойына патриоттық тәрбие қалыптастырудағы үлесі артып келеді. Бірлестік құрамындағы әскери қызметшілер жастар тәрбиесімен ұдайы айналысумен қатар, техникалық спорт түрлерін дамытуға да ат салысуда. Ең бастысы, бұл ұйым Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде қызмет ететін жас сарбаздарды даярлауға айтарлықтай еңбек сіңіруде.
Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді көздейтін республикалық «Отан» қоғамдық бірлестігінің тарихы тым тереңде жатыр. 1927 жылы Кеңес дәуірінде қорғанысқа, авиациялық және химиялық құрылысқа жәрдемдесу ерікті қоғамы болып құрылған бұл ұйым жастар мен ересектерді әскери іске, техникалық машыққа және төтенше жағдайларға дайындауды мақсат етті. Сол заманда аты аңызға айналған бұл ұйым Отанға пайдасын тигізуге ұмтылған жас буынның белсенді, жігерлі өкілдерінің басын біріктіре білді. Осықоғамның жүздеген мың тәрбиеленушілері Ұлы Отан соғысының майдандарында шайқасып, ең қиын сәттердің өзінде жоғары дайындықтарын, ерліктерін және жеке батырлықтарын көрсетіп отырды. Соғыс даласына резервтер дайындауға айрықша үлес қосты. Соғыс жылдары осы ұйым арқылы 5 миллион адам тәрбиеленіп шықты, оның 1,3 миллионы кәмелет жасына толмағандар еді.
Алайда, негізгі бағыты әртүрлі әскери мамандықтарға, ең алдымен, мерген мен пулеметшіні даярлау ісі болды. 1942 жылдың басынан бастап, жұмыс форматы өзгеріп, бұрынғы үйірмелердің орнына әскери үлгідегі оқу бөлімшелері құрылды. 1943 жылы Қазақстандағы осы ұйымның құрамында 19 оқу батальоны, 341 рота, 1860 взвод және 4454 бөлімше болды.
1941 жылдың күзіне қарай ұйым жұмысының басым бағыты ретінде үш оқу орталығына, 12 атқыштар мен кавалерия клубтына, үш техникалық байланыс мектебіне назар аударылды. Әсіресе, осы тұста бес аэроклубтың қызметін айрықша атап өткен жөн. Олардың түлектері әскери училищелерге түсті. Мәселен, 1941 жылы Балқаш аэроклубы 59 ұшқыш, Алматы аэроклубы 154 ұшқышты дайындады.
Соғыс елдің барлық салаларындағы күш пен ресурсты жұмылдыруды талап етті. Соның ішінде ұшқыш кадрларды даярлау ең өзекті мәселелердің бірі болды. Сондықтан, соғыстың алғашқы жартыжылдығында республикадағы барлық аэроклубтар жабылып қалған еді. Ал, осы ұйымның құрамындағы Алматы аэроклубы 1941 жылдың көктемінде-ақ, бастапқы даярлықтағы әскери авиациялық ұшқыштарды дайындай бастады.
Осы ұйымнан түлеп ұшқан екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, халқымыздың даңқты қыраны Талғат Бигелдинов, Байзұлла Ақжанов сынды тұлғалар авиацияға жолдама алды. Қорғаныс қоғамының аэроклубтарында қанатын қомдаған Байзұлла Ақжанов жасөспірім кезінде Семей аэроклубында оқып, кейін Орынбор училищесін тәмамдап, Ил-2 ұшағымен майданға аттанды.
Ал, осы ұйымның өзге де тәрбиеленушілері Ұлы Отан соғысының майдандарында ерлікпен шайқасты. 1941–1945 жылдары Қазақ КСР-і құрамындағықорғанысқа, авиациялық және химиялық құрылысқа жәрдемдесу ерікті қоғамының оқу бөлімшелері мен ұйымдары барлығы 753 998 адамды соғысқа даярлады. Оның 736-ы ұшқыш, 667 705-і атқыш, 16 055-і кавалерист, 42 925-і байланысшы, 18 745-і жүргізуші мен мотоциклист, 8 568-і теңізші болды.
Содан соң, 1951 жылы 20 қаңтарда армияға, авиацияға және флотқа жәрдемдесудің ерікті қоғамы (ДОСААФ) болып жұмысын жандандыра түсті. Осы ұйымның мектебінен өткен адамдар әрқашан өмірде сұранысқа ие болып, экономика, өнеркәсіп сияқты түрлі салаларда жетістіктерге жетті. Кейін 1999 жылы 12 ақпаннан бастап осы қоғамның мұрагері болып табылатын республикалық «Отан» қоғамдық бірлестігі өз жұмысын бастады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев ұйым туралы: «Сіздердің қоғамдық бірлестіктеріңіз көптеген жылдар бойы жастарды патриоттық рухта тәрбиелеп, оларды Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қызмет етуге, түрлі өндіріс салаларында еңбек етуге дайындап, техникалық және қолданбалы спорт түрлерін дамытуға зор үлес қосып келеді»,– деді.
Ал, осы қоғамның Акмола облыстық филиалы өскелең ұрпақты тарихқа, тәуелсіздік жетістіктеріне баулуға, қазақстандық патриотизмді және өз Отанына деген адалдықты нығайтуға негізделіп, жұмыс істеп келеді. Осы филиалдың мұрындық болуымен тек 2024 жылдың өзінде 2247 адамның қатысуымен 36 патриоттық іс-шара өткізіп, оған 11627 адам тартылған. Сонымен қатар, 327 адамның қатысуымен 9 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, ол 623 адамды қамтыпты. Волонтерлер жылы аясында 503 адамды қамтыған ауқымды шаралар өткізілген.
Ал, биылғы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында республикалық бірлестіктің Акмола облыстық филиалы білім беру бөлімдерімен бірлесіп, 26 патриоттық және 6 спорттық іс-шара өткізді және жыл аяғына дейін әлі де өткізуді жоспарлап отыр.
Бір атап өтетін жайт, биылғы жылы Румыня мемлекетінде өткен авиамодель спорты бойынша жарысқа республикалық «Отан» қоғамдық бірлестігінің Аршалы аудандық филиалының төрағасы Сергей Подлесный қатысып, жүлделі алтыншы орын алып келді. Әлемде спорттың бұл түрінен ұйымдастырылатын жарыс екі жылда бір рет өткізіліп тұрады. Осы жолы бұл жарысқа әлемнің 36 елінің спортшылары қатысып, авиамодельдерді құрастырушы Сергей Подлесный өзінің тәжірибелі маман екенін дәлелдеді. Оның бұл жетістігі авиация техникасы мен оның модульдеріне қызығушылық танытатын барша азаматтар үшін тың серпіліс әкелетініне үмітіміз мол.
Республикалық «Отан» қоғамдық бірлестігі осылайша беделді әрі халық арасында танымал ұйым ретінде жоғары білікті спортшылар мен мамандарды даярлап келе жатқаны баршамызды қуантады. Ал, ел Президенті, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, патриотизм деген сөздің мазмұны мен сипаты өз ұлттық үрдісімізге өзгеріп жатқан қоғамда жас ұрпақты отаншылдыққа, жасампаздық пен жаңашылдыққа ұмтылдырып, оларға ерте жастан әскери тәлім-тәрбиені насихаттау, кешегі ұлы батырларымыз Бөгенбай, Қабанбай, Бауыржан Момышұлы және тағы басқа асылдарымыздың рухында тәрбиелеу біздің басты жұмысымыз.
Болат ОСПАНОВ,
республикалық «Отан» қоғамдық бірлестігінің
Ақмола облыстық филиалының төрағасы.
Суреттер: Румынияда өткен авиамодель спорты жарысында.
![]()

