Көкшетауда «Таза Қазақстан» акциясы аясында бір күнде төрт мың түптен астам ағаш егілді. Жаңа жағалаудан бастау алған ауқымды шараға облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысып, бүгінде ел аумағында өтіп жатқан ең ауқымды экологиялық шараның мән-маңызы туралы айтты. Биылғы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен республика көлемінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы бастау алды.
Игі бастама аясында еліміздің барлық өңірлерінде тал егу және санитарлық-тазалық шаралары өткізілуде. Ал, осы күні Көкшетауда өткен акция нағыз экологиялық мерекеге айналып үлгерді. Көпшіліктің септесуімен қаладағы Жаңа жағалау аумағына жүздеген алма ағаштары мен жұпаргүл бұталары отырғызылды. Сонымен қатар, қарағай, үйеңкі және қарағаш ағаштарының көшеттері егіліп, «Мәңгілік Алау» мемориалының жанында қылқан жапырақты ағаштар пайда болды. Бір күнде отырғызылған төрт мың түптен астам ағаштың 3,6 мыңға жуығы қала ішіндегі аулаларда, саябақтарда және қоғамдық орындарда бой түзеді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрбір азаматтың бойында экологиялық мәдениет қалыптасуға тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Ақмола облысында бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. Соңғы жылдары ғана біз екі мың гектардан астам аумаққа 16 миллион түпке жуық ағаш ектік. Ал, дәл бүгін облыс аумағында 25 мың көшет отырғызылады, –деді Марат Ахметжанов өз сөзінде.
Облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, облыс бойынша дәл осы күнгі акцияға 30 мыңнан астам адам ат салысты. Өңір тұрғындары 25 мың ағаш пен бұта отырғызумен қатар, 100 мың шаршы метрден астам жерді қоқыстан тазартуға үлес қосқан.
Сондай-ақ, осы күні облыс орталығы Көкшетаудан бастап облыстың ең шалғайдағы ауылдарына дейін біртұтас экологиялық қозғалыс өріс алды. Акцияға үлгілі отбасылар, еңбек ұжымдары, мектеп оқушылары мен еріктілер қатысты. Жиналған көпшілік үшін бұл ресми міндет емес, туған жердің тазалығына қосқан жеке үлес екені қолдарына қап, күрек алып, тамаша көңіл-күймен келгендерінен бірден байқалды. Әсіресе, Көкшетау тұрғындары акцияны ерекше ынтамен қабылдады.
–Бүгін біздің кітапхананың 25-ке жуық қызметкері жағалауды көгалдандыруға қатысып жатыр. Бұл жай ғана жұмыс емес, бұл қуаныш. Біз сүйікті қаламыз Көкшетауымыздың қалай өзгеріп, тазарып, көркейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Осындай бастамалар жиі қолға алынса екен дейміз. Өйткені, бірлесе жасалған адамдардың қамқорлығы қоғамды одан сайын біріктіре түседі, – дейді орталық қалалық үлгілі балалар мен жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Бақытгүл Қалиева.
Бұл экологиялық акцияның өзгешелігі сол, облыстың 240 елді мекенінде бір уақытта өтті. Жалпыұлттық акция аясында Елорда маңындағы ауылдарға ерекше назар аударылды. Талапкер ауылында жүздеген акция қатысушысы жағалау мен үй-жайлардың маңын тазартып, бір мыңға қарағай, тал және алма ағаштарын отырғызды. Ал, Аршалы ауданында бір жарым мың адам 15 мың шаршы метр аумақты қоқыстан тазартып, 400-ден астам ағаш отырғызды. Біржан сал ауданында 820 түп қылқан жапырақты көшеттер, қарағай мен шыршалар пайда болды. Астрахан ауданында акция барлық 11 ауылдық округте өтті. Ал, Зеренді ауданында оқушылар мен «Көкшетау» ұлттық паркінің қызметкерлері мектептер мен спорт нысандарының жанына ағаш отырғызып, қоғамдық орындарды одан сайын көркейтіп, түрлендіре түсті.
Негізінен, жыл бойына облыстың әр аумағында өткізіліп жатқан акцияның негізгі қатысушылары және қозғаушы күші жастар қауымы екені белгілі. Жыл басынан бері өткізілген төрт мыңнан астам экологиялық сенбіліктерге студенттер, оқушылар мен еріктілер қатысып, барлығы осы бүкілхалықтық іске 70 мыңнан астам адам тартылды.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

