Құрметті ақмолалықтар!
Баршаларыңыз да ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтауымды қабыл алыңыздар!
Осыдан 35 жыл бұрын дәл осы күні Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іргетасына айналған Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылданды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткеніндей, «Дәл осы күні біздің сан ғасырлық мемлекеттігіміздің дәстүрі жаңғырып, тәуелсіздігіміздің туы биікке көтерілді… бұл датаны халқымыздың тәуелсіздігіне жол ашқан қасиетті күн деуге болады».
Бүгінгі таңда Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және мәдени салаларда сенімді түрде ілгері басуда. Еліміздің барлық жетістіктері мен табыстары мызғымас бірлігіміз бен қажымас жасампаз еңбегіміздің жемісі.
Біз осы жетістіктерге ақмолалықтардың қосқан елеулі үлесін мақтан тұтамыз. Облысымыз тек елорданы ғана емес, бүкіл елді азық-түлікпен қамтамасыз ету белдеуіне айналуда. Ал, биыл мемлекеттік қолдау шаралары мен ауыл еңбеккерлерінің адал еңбегінің арқасында астықтан рекордтық өнімге қол жеткіздік!
Ақмола облысы астық жинау көлемі бойынша ғана емес, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасы мен жүк көліктерін шығару, алтын, азық-түлік өнімдерін өндіру бойынша республикадағы жетекші аймақ болып табылады.
Құрметті жерлестер!
Біздің барлық жетістіктерімізге сіздердің әрқайсыңыз өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Сол үшін рахмет!
Сіздердің ерен еңбектеріңіз, ауызбірліктеріңіз бен туған жерге деген сүйіспеншіліктеріңіз алда да біздің табысты дамып, биік жетістіктерге жетуімізге мүмкіндік беретіндігіне сенім мол.
Осы тамаша мерекеде әрбір ақмолалық отбасына денсаулық, амандық тілеймін. Қазақстанда әрқашан бейбітшілік пен ұлтаралық келісім, тұрақтылық пен гүлдену өркен жайсын!
***
Құрметті Ақмола облысының тұрғындары!
Аймақ депутаттарының атынан сіздерді еліміздің ең маңызды мемлекеттік мерекелерінің бірі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Биыл Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданғанына 35 жыл толып отыр. Бұл тарихи құжат Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалаған маңызды қадам болды. Бүгінде біз еліміздің ішкі саясаттағы, экономикадағы және халықаралық аренадағы жетістіктерін зор мақтанышпен атай аламыз.
2022 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен 25 қазан қайтадан ұлттық мереке ретінде – Республика күні болып аталып өтуде. Президент атап өткеніндей, бұл күн – мемлекеттілігімізді нығайтатын, ұлттық рухымызды көтеретін, қоғамды топтастыратын және азаматтық бірлікті арттыратын айрықша мереке.
Бұл күн – халқымыздың ел тәуелсіздігі жолындағы ерен еңбегін, жеткен жетістіктері мен еңсерген қиындықтарын еске алып, тәу етер сәт. Бүгінгі Қазақстан – әрбір азаматтың еңбегі мен жасампаз күш-жігерінің жемісі. Ендігі мақсат – Әділетті Қазақстанды бірге қалыптастыру. Бұл үлкен міндет тек қана бірлікпен, жұмыла әрекет ету арқылы жүзеге аспақ.
Құрметті жерлестер!
Осы айтулы мереке күні сіздерге зор денсаулық, татулық пен бақ-береке тілеймін. Жүрегіміздегі туған жерге деген сүйіспеншілік пен ортақ мүдде еліміздің жарқын болашағы жолындағы жаңа жетістіктерге жеткізсін!
Бейбіт ЖҮСІПОВ,
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы
![]()

