Барлық жағынан өрлеу бар

Жолдауға – қолдау

Республика күнінің ұлттық мереке ретінде қайта оралуы ел тарихындағы дұрыс шешім болды деп санаймын. Бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауындағы жасанды интеллектіні жетілдіру мәселелері мен цифрландыруды барлық салаларға толыққанды енгізу шешіміне жалғасты.  

Еліміздің бүгінгі тәуелсіздігі ең басты құндылығымыз екенінде ешқандай дау жоқ. Бұл күнге сан ғасыр бойы армандап жеттік. Тәуелсіздік жолында қаншама ерлеріміздің қаны төгіліп, қаншама ардақты азаматтарымыз «еркек тоқты құрбандық» болып басын бәйгеге тікті. Бүгінде халқымыздың басынан қаншама қиын-қыстау заман өтсе де, ғылым мен білімге, мәдениетке қол жеткізіп, еліміз әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қосылып келеміз. Осы тәуелсіздіктің 34 жылында дербес қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелдерінен аман өтудеміз.

Ал, кешегі мерекеге келер болсақ, Республика күнінің барша қазақстандықтар үшін оның мәні де, маңызы да айрықша деп ойлаймын. Өйткені, осы тәуелсіздігіміздің арқасында тарихымыз түгенделіп, тіл, дін, діліміз сияқты құндылықтарымыз қайта жаңғырып жатқандықтан, мұндай мерекелердің де қадір-қасиеті арта түсуде.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауы «еститін мемлекет» қағидатын іске асырудың айқын дәлелі болды. Ол қоғамның жаһандық күн тәртібінен бастап, азаматтардың күнделікті өмір сүруіне дейінгі маңызды тақырыптарды қамтып, ел дамуының жаңа бағыттарын айқындап берді.

Цифрландыруды жетілдіру Президент Жолдауының негізгі өзегі болды. Стратегиялық бағыттың басты компоненті – жасанды интеллектіні кеңінен енгізу әрі қарайғы ел дамуының негізгі көрсеткіштерінің біріне айналуға тиістілігі айтылды.

– Бұл жай ғана мақсат емес, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, өмір сапасын жақсартуға және еліміздің жаһандық қоғамдастықтағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға арналған құрал. Қазақстан үш жылдың ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналуы тиіс. Осы мақсатта өмірдің барлық салаларын қамтитын Цифрлық кодексті қабылдауды жеделдету маңызды, – деді Президент өз Жолдауында.

Бұл ретте, Ақкөл ауданы цифрландыру мен осы арқылы мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру, ІТ инфрақұрылымын дамыту жөнінде республикада алда келе жатқан өңірлердің бірі. Бұдан бірнеше жыл бұрын қолға алынған цифрландыру шын мәнінде жүзеге асып, аудан орталығында оның біріздендірілген кеңсесі пайда болды. Соның арқасында «Smart Aqkol», «Ақылды Ақкөл» жобалары арқылы ауданда қылмыс азайып, өрттен және судан болатын оқыс оқиғалардың алды алынып келеді.

Президент бұған дейін «AMANAT» партиясының халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасын қолдаған болатын. Біздің ауданда бұл курстарға мемлекеттік және азаматтық қызметшілермен бірге зейнеткерлер де қатысып, сертификат алды. Енді халықтың, әсіресе, зейнеткерлер мен жасөспірімдердің цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Цифрлық қоғам» партиялық жобасы жүзеге асырылады.

Жақында ауданға Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Қаныш Төлеушин келді. Ашық диалог түрінде өткен кездесу барысында цифрландыру, мемлекеттік қызмет сапасын арттыру және IT-инфрақұрылымын одан әрі  дамыту мәселелері талқыланды. Бүгінде ауданда «Smart Aqkol» бағдарламасы аясында шалғай елді мекендерге арналған телемедицина енгізіліп жатыр. Аудандық ауруханада жасанды интеллект негізіндегі дауыс көмекшісімен жабдықталған алты кабинет жұмыс істейді. Қоғамдық орындарда, мектептерде, ауруханалар мен жолдарда 80 бейнебақылау камерасы орнатылған. Алдағы уақытта қосымша  бет-жүзді және көлік нөмірлерін танитын интеллектуалды талдау жүйесі бар 200 камераны іске қосу жоспарлануда.

Қала инфрақұрылымын қамтитын 3D-картасы жасалды, ал, болашақта трафикті, экологияны және қауіпсіздікті бақылау үшін екі стационарлық дронды іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандарда қолжетімділікті бақылау және дабыл түймелері жүйесін енгізу көзделген. «Әлеуметтік әмиян» жобасы да маңызды бастама болып табылады, ол әлеуметтік жеңілдіктердің ашық әрі әділ бөлінуін қамтамасыз етеді. Біз, аудандық ардагерлер ұйымының барлық мүшелері міне, Президент Жолдауындағы цифрландыру және ІТ инфрақұрылымын дамыту бағытындағы барлық бастамаларын қызу қолдаймыз және заман үдерісіндегі оның қажеттілігін жете түсінеміз.

Сондай-ақ, Президент Жолдауындағы әлеуметтік қорғау, халықты әлеуметтік қолдаудың бірыңғай стандарттарын енгізу, халықтың осал топтарын қорғау, зейнетақы жүйесін жетілдіру, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де мемлекет ісінің басты бағыттары болып табылады. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, өнер және бұқаралық спортты дамыту, «Заң және тәртіп» қағидатын сақтау сияқты маңызды бағыттар Президент Жолдауында жете көрініс тауып, оны әрі қарай жетілдірудің негізгі тетіктері айқындалды. Мемлекет басшысының бір палаталы Парламентке көшу идеясы тарихи мәнге ие және оның Әділетті Қазақстан құру, демократиялық институттар мен тетіктерді нығайту бағытының заңды жалғасы деп есептеймін.

Ал, Республика күнін мерекелеу қазақстандық патриотизмнің басты көрсеткіші  деп ойлаймын.  Бұл барлық Отандастарымыз үшін қастерлі мейрам.  Біртұтас ұлт идеясы тек этникалық емес, қоғамның топтасуы тұрғысынан да маңызға ие. Себебі, ұлтымыздың ауызбіршілігі табысты Қазақстанның алғы шарты болып қалыптасып келеді.

Тәуелсіздіктің 34 жылы есте қаларлық оқиғаларға толы болды. Биылғы жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына да 80 жыл толып отыр. Мәскеу, Астана, Минск, Бейжің қалаларында өткен салтанатты шаралар мен әскери шерулер адамзат тарихындағы ең қанды соғыста құрбан болған миллиондаған жандардың мәңгі ел есінде қалуының белгісі әрі жаңа жаһандық қақтығысты болдырмауға шақыру болып саналады.

Біз, аға буын өкілдері  Президент Жолдауының негізгі басымдықтарын халыққа, әсіресе, зейнеткерлер мен жастарға түсіндіру ісіне белсенді қатысып келеміз. Ақкөл аудандық ардагерлер кеңесі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай, «Өмір жолындағы ерлік» атты кітап шығарып, оны кітапханаларға, мектептерге, агротехникалық колледжге, балалар үйіне, аудандық мұрағатқа және майдангерлердің, тыл еңбеккерлерінің, концлагерь тұтқындарының және соғыс балаларының ұрпақтарына таратты.

Мен «Арқа ажары» арқылы барша Отандастарымызды өткен Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл күнге Ұлттық мәртебе берді. Осыдан 33 жыл бұрын  25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен «Егемендік туралы» Декларация қабылданған еді. Бұл Қазақстан Тәуелсіздігінің алғышарты болған тарихи құжат. Бүгінде елімізде Жаңа, Әділетті Қазақстанды қалыптастыруда маңызды қадамдар жасалуда.  Бүгінде еліміз ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, өміршең бағытқа бет бұрып, жаңа саяси-экономикалық, құқықтық, әлеуметтік реформаларды іске асырып келеді. Олай болса, елдіктің жаңа белесіне көтерілген мемлекетіміздің Тәуелсіздігі мәңгілік болсын!

Айжан МАНАНБАЕВА,
Ақкөл аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы,
Ақкөл қаласының құрметті азаматы,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар