«Визит Ақмола» – өлке жаршысы

Биылғы жыл Ақмола облысы үшін туристік инфрақұрылымды нығайту және халықаралық танымалдықты арттыру жылы болды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы туризм басқармасына қарасты «Визит Ақмола» туристік ақпараттық орталығының басшысы Данияр Даиров осылай деп мәлімдеді. Жиында өңірлік туризмді дамытудың қос бағыты – туристік өнімді қалыптастыру және іс-шаралар ұйымдастыру бойынша жыл қорытындысы жарияланды.

Орталықтың мәліметінше, «Визит Ақмола» туристік ресурстарды жүйелеу, жаңа мәдени-тарихи бағдарламаларды әзірлеу және қызмет көрсету сапасын арттыруға баса назар аударуда. Мәселен, сәуір айында Wyndham Garden Burabay қонақ үйінде туризм мамандарының біліктілігін арттыруға арналған 6 тақырыптық семинар өткізілді. Бұл жұмыстардың барлығы «Сапа белгісі» ұлттық бағдарламасы аясында іске асырылуда, ол аймақтың туристік ұсыныстарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Жыл басынан бері 20-дан астам ірі іс-шара ұйымдастырылды, оның 8-і халықаралық мәртебеге ие. Олардың қатарында спорттық жарыстар және «Satisfaction» музыкалық фестивалі бар. Бұл іс-шаралар Ақмола облысын тек табиғаты әсем өңір ғана емес, сонымен қатар, ірі іс-шаралардың орталығы ретінде танытуға мүмкіндік берді.

Облыстың халықаралық имиджін нығайтуда медиа-жобалардың үлесі зор. Бурабайда гастрономиялық шоу эпизоды, италиялық «Доннавенчура» бағдарламасының және әлемге әйгілі «Porsche» автомобиль брендінің жарнамалық роликтерінің түсірілімдері өтті. Бұдан бөлек, Үндістан, Қытай, Испания, Германия және тағы басқа да бірқатар елдерден келген туроператорлар мен баспасөз турлары ұйымдастырылды.

«Визит Ақмола» цифрландыру саласында да белсенді. Ресми сайтта туристік ақпаратты жедел беру үшін интеллектуалды ассистент енгізілді. Болашақта 3D-турлар, геопорталдар және жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы туристік қызметтерді көрсетудің тиімділігін арттыру жоспарлануда. Ақмола облысының туристік әлеуетін дамытуға бағытталған бұл бастамалар Қазақстан туризмінің халықаралық аренадағы ұстанымын нығайтуға үлес қосатыны сөзсіз.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар