Спорт – денсаулық кепілі

Салауатты өмір салты

Елімізде, соның ішінде, біздің аймағымызда да спорттың дамуы онымен қанша адамның айналысатынына да байланысты.

Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы жанындағы ұлттық және бұқаралық спорт түрлері бойынша спорт клубының директоры Қайыркен Әділеттің

Айтуынша бұл ретте жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Өткен жылмен салыстырғанда облыс бойынша спортпен айналысушылардың қатары 3,5 пайызға артқан.   Аймақ тұрғындары арасынан салауатты өмір салтын ұстанатындар санының өсуіне басқарма мен Туризм және спорт министрлігі бірлесіп, бұқаралық іс-шараларды жиі өткізу себеп болған. Мәселен, ағымдағы жылдың қазан айына дейін облыс көлемінде 1626 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіп, оған аймақ тұрғындарының 95 мыңға жуығы қатысқан.

–Жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдар арасында 9 спорт түрі бойынша үш облыстық спартакиада ұйымдастырылды. «Отан», «Ақ бидай» және мүмкіндігі шектеулі тұлғалар арасында өткізілген спорттық жарыстарға кәсіби спортшылармен қатар, әуесқой спортшылар да қатысты. Ал, «Ақ бидай» республикалық  спартакиадасына қатысқан спортшыларымыз қорытынды есепте 8 орынды иеленді. Біздің мақсатымыз осындай спорттық жарыстар арқылы ұлттық спорт түрлерін насихаттау және оған қалың бұқараны тарту, – дейді Қайыркен Әділет.

Өткен жылы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен  облыстың 12 өңірінде «Шаңғымен ауылға» жаппай шаңғы жарысы өткізіліп, оған 1500-ден астам адам тартылған. Ал, жыл сайынғы «BURABAY ICE 2025» қысқы жүгіру жарысы  2026 жылдың 15 ақпанында Бурабай көлінің мұз айдынында өткізіледі деп жоспарлануда. Оған 1000-нан астам облыс тұрғындары қатыспақ. Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Бірлік жүгірісіне» 600-ге жуық адам қатысқан.

Сондай-ақ, Көкшетау қаласында мүмкіндігі шектеулі тұлғалар арасында тоғызқұмалақ, шахмат және дойбыдан VII республикалық спартакиадасы өткізілді. Щучье-Бурабай курорттық аймағындағы Үлкен Шабақты және Текекөл көлдерінің арасында орналасқан Ақбура демалыс аймағында «Aqbura Bay Trail» бесінші халықаралық трейл жүгіру жарысы өтті. Бұл ауқымды шара Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Испания, Канада, Жаңа Зеландия, АҚШ, Беларусь, Италия елдерінен келген 1500-ден астам қатысушыны біріктірді.

Жыл сайын Қазақстан Республикасы Сенатының бастамасымен ұйымдастырылатын Senat Open ашық шахмат кубогының солтүстік аймақтың жартылай финалына 140-қа жуық облыс ардагерлері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілері, БАҚ өкілдері іріктеуден өтті.

Сондай-ақ, облыстың 500-ден астам полиция қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін біріктірген «POLICE RUN» марафоны маусым айында Қазақстан полициясы күні мен Динамо дене шынықтыру спорт қоғамының 100 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Жалпы облысымызда құқық қорғау және күш құрылымдарының қызметкерлері арасында облыстық спартакиадалар үнемі өткізіліп тұрады. Ақмола облысының құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында «Жауынгер» спартакиадасы өткізілді. Бұл аталған жарыстар шағын футбол, волейбол, дойбы, шахмат және жауынгерлік күрес сияқта ұлттық және бұқаралық спорт түрлерін қамтиды.

Бір атап өтерлігі, облыста  бұқаралық спорт пен туризмді дамыту мақсатында ашық суда жүзу жарысына шет елдіктерді де тарту жұмыстары жүйелі жүргізіледі.

Бурабай, Зеренді көлдеріне өткізілген марафонға Ресей, Беларусь, Румыния, Канада сияқты шет елдердің әуесқойлары белсене қатысты. Сонымен қатар, Қайыркен Әділет облыста ерекше қажеттіліктері бар адамдардың дене шынықтыруы мен спортпен шұғылдануына ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Мәселен, үшінші жыл қатарынан «Мүмкіндігі және қозғалысы шектеулі адамдардың спорт залдарға баруын қамтамасыз ету жобасын ұйымдастыру» атты мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба аясында 347 адам қамтылған, оның 113-і кәмелет жасына толмағандар.

Ақмола облысында дене шынықтыру және спортпен шұғылдану үшін 1124 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Барлық стадион, спорт сарайлары мен кешендері, құрама командалардың оқу-жаттығу орталықтары,  шаңғы базалары, ату алаңдары, трамплиндер,  хоккей және теннис корттары,  ипподром және жүзу бассейндері кез-келген әуесқой спортшыларды қабылдауға және оларға сапалы қызмет көрсетуге дайын.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда облыстағы спорт нысандарының саны бір жарым пайызға артқан. Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы жанынан 2024 жылы қаңтар айында Олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлерінен жоғары спорттық шеберлік мектебі ашылған болатын.  Бүгінде аталған оқу орнында 18 жасқа толған спортшылар өз дайындықтарын осы мектепте әрі қарай жалғастыра алады.

Қорытындылай келгенде, клуб директорының айтуынша, ұлттық және бұқаралық спорт түрлері бойынша спорт клубы жоғары дәрежелі спортшыларды даярлау және олармен Ақмола облысының құрама командалары мен елдің ұлттық құрама командаларын толықтыру мақсатында әрі қарай да белсенді жұмыс істей береді.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі. 

сурет ru.elordainfo.kz сайтынан

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар