Сәуле ауылы арқылы өткен «қара жол»

Таным

Жуырда Шәрапи Әлжанов атындағы Сәуле орта мектебінде Мұрат қажы Ыдырысұлының бастамасымен «Абылай ханнан Тоныкөкке дейін» тақырыбымен кездесу өтті. Кездесуде Мұрат қажы ағамыздың көп жылдан бері Абылай ханның қара жолын зерттеп шығарған еңбектері таныстырылды.

Мұрат қажымен бірге сапарлас болған серіктестері, «Көкше» телеарнасының қызметкерлері де келді. Мұрат ағамыз бірнеше бейне көріністер көрсетіп, онда «Абылайханның қара жолы» атты экспедицияларының жүріп өткен жолдары мен кездесулерін, сапар барысындағы ғалымдар мен мұражай, кітапхана, тағы басқа қызметкерлердің зерттеулері мен ғылыми жазбаларын таныстырды. Сапарларын қарап отырсаңыз, тек Қазақстанның ғана емес, көрші мемлекеттердің де жерін аралап, қазақ халқына, Абылайхан бабамызға қатысты деректерді жинағанын байқаймыз. Осы кезге дейін тарихқа белгісіз талай дүниелердің беті ашылып, қазақ қазақ болғалы айтуға тыйым салынған, жариялауға болмаған, бұрмаланған, өзге арнаға ауыстырылған қазақ тарихының үлкен бір саласын жаңғыртқанын көреміз.

Экспедициялар еліміздің түкпір-түкпірін ғана емес, Ресей, Моңғолия жерлерін аралап, түркі халықтарының өмір салттарын, өткені мен бүгінін, қазақ хандықтарының дипломатиялық іс-әрекеттерін, ғалымдардың жазбаларын, мазарлар мен археологиялық қазбаларды  іздестіріп, әр сапарларынан әкелген құжаттар мен фото, бейне деректерін белгілі бір кітапқа жинаған. Бүгінде төртінші кітапты жарыққа шығарып отырғаны белгілі. Олар: І кітап: «Тарихи-танымдық ғылыми мақалалар және экспедиция деректері», ІІ кітап: «Абылай ханның жорық жолдары және Ұлы даланың тұлғалары», ІІІ кітап: «Қазақстанның Батыс өңірінің ерлік, рухани, мәдени асыл қазыналарын зерделеу және зерттеу деректері», ІV кітап: «Абылайханнан абыз Тоныкөкке дейін» деп аталады.

Мектеп мұғалімдері мен оқушылары кездесуге дейін кітаптармен танысып, өздерін қызықтырған деректерге мән беріп, түрлі сұрақтар қойды. Мұрат ағамыз оларға жауап беріп, сапар барысындағы мәліметтер мен қызықтарға тоқталды. Ұстаздар мен оқушылардың орындауындағы сазды әуендер, әндер мен күйлер кездесуді әрлендіре түсті. Әнші ҚазбекҚалиевтің де нақышына келтіре орындаған халық әндері құлақтың құрышын қандырды.  Қонақтардың бірі – Айтан Оқайұлы Жылқыбай өзінің экспедициядағы көрген-білген пайымдарымен, өз өмірінен деректермен, қызықты мәліметтермен бөлісті. «Көкше» телеарнасының қызметкерлері мұғалімдер мен оқушылардан, зейнеткер ұстаздардан сұхбат алды.

Зейнеткер ұстазжәне биыл көктемде өткен «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» тақырыбындағы конференцияға қатысушы ретінде мен де өзімнің Абылай ханның қара жолы жайында естіген-білгенімді баяндадым. Конференцияға Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, Америка, Түркия, Моңғолия, Жапония, тағы басқа елдерден спикерлер, ғалымдар, әдебиетшілер, зеттеушілер, мұражай қызметкерлері қатысып, қазақтың тарихы, әдебиеті, салт-дәстүрі, ескерткіштері мен мазарлар, тас мүсіндер мен таңбалы тастар жайлы деректермен бөліскен болатын. Ол конференция туралы әлі де бөлісіп, өте көп жазу қажет.

«Абылай ханның қара жолы» туралы мен бала кезімде әкемнен естігенмін. Кеңшардың малын баққан ол бір күні маған Шоқы төбесінің басында жолдың сұлбасын көрсетіп, өзінің атасы, менің бабам Бәйгөбек қажының осы жол бойынан екі жерден құдық қазғызып, қайыңнан қауға жасатып, басына үй тіккізіп, өткен-кеткен жолаушылардың шөлін қандырғаны туралы баяндады. Аттың тұяғына тиеді деп, Жөкей мен Мамай көлдерінің арасындағы жетпіс-сексен шақырым жолдың тасын тазарттырған. Ел балаларын Омбыдағы медреседе оқытып, халыққа көп жақсылық жасаған. Бұл деректерді жетпісінші жылдардың ортасында естігенмін, он жылдан кейін әкем қайтты, тоқсаныншы жылдардың басында еліміз егемендік алып, оқулықтарда Абылай хан бабамыз туралы деректер шыға бастады. Сол кезде елеңдеп, «баяғы әкем айтқан Абылай хан осы кісі ме?» деген ой туды. Бұған дейін қазақ хандары туралы мәліметтер өте аз айтылатын-ды. 2008 жылы Сәуле ауылының сексен жылдық мерейтойы қарсаңында бірнеше мақала бердім, соның бірі осы қара жолдың бойындағы бабамның іс-әрекеті туралы болатын. Жиырма бес жылдан кейін еске түсірген мәліметтер еді. Әсіресе, осы жолмен кейін Қараөткел базарына бара жатып, шығарған нағашы атамның мына бір қара өлеңіертеде естісем де,ұмытылмапты.

Қараөткел, жолың қатты, наның тәтті.

Айдаймын арық атты күн-түн қатып,

Айдасам, тас тиеді табаныңа-ай,

Айдамасам, құриды ғой амалым-ай!

Мұратқажы ағамыз экспедиция ұйымдастырып, том-том деректер жинап, қаншама мәліметтерді жаңғыртқанда, мақалам сол кісінің  арқасында «Абылай ханның қара жолы» кітабының бірінші томына кірді. Биылғы конференцияда еңбегім бағаланып, «Абылай ханның қара жолы» медалімен марапатталдым.

Мектебімізде өткен кездесу көпке ой салар, талай тарихты сипаттап, жас өркендерге тарихи мағлұмат, рухани тәрбие берген, қазақ елінің өткен-кеткеніне сын көзбен қарайтын көңіл тұшындырар кездесу болды. Қазіргі кітап оқымайтын ұрпақты немқұрайлық пен селқостықтан айыратын, кітапқа деген қызығушылыққа бастайтын  соны соқпақ көрсеткен Мұратқажы ағамызға мың алғыс! Сөз соңында аға 2026 жылы өтетін Қазақ педагогика институтының доценті, қазақтан шыққан тұңғыш педагог-профессор, жерлесіміз, Сәуле орта мектебіне аты берілген Шәрапи Әлжановтың 125 жылдығына дайындық жасауды тапсырды. Нәубетті 37-нің құрбаны болған, көп жыл аты аталмай, еңбектері жабық жатқан ұлы тұлғамыздың еңбектерін жаңғыртып, жас ұрпаққа жеткізу, ғылыми-теориялық конференциялар ұйымдастыру тәрізді іс-шаралар өткізу қажеттігін қадағалады. Сонымен қатар,  2028 жылы өтетін Сәуле ауылының 100 жылдық мерейтойына дейін тарихи-танымдық мұражайды ретке келтіріп, ауыл тарихын, ел азаматтарының өмірі жайлы жазу керектігін ескертті.

Ыдырысұлы Мұрат қажы ағамызға мыңсан сұрақтарды шешіп, қиыны көп ұйымдастырушылық жолды әлі де жалғастыра беріңіз дегіміз келеді!

Жамал ЖЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ,
«Ы. Алтынсарин», «Абылай ханның қара жолы»
төсбелгілерінің иегері, зейнеткер ұстаз.

 Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар