«Ауыл аманаты» ауыл адамдарына қарасып тұр

2023 жылы бастау алған «Ауыл аманаты» бағдарламасы Ақмола облысында сәтті жүзеге асырылуда.

Бағдарламаның басты мақсаты — ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен табысын арттыру. Бұл бастама облыстың барлық 17 ауданын қамтып отыр.

Игі жоба «AMANAT» партиясының белсенді қолдауымен іске асырылып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттермен толық үндесе түсуде. Игілікті жобаны Мемлекет басшысы ауылды дамыту мен халықтың  әл-ауқатын арттыруды мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде атап өткен болатын. «Ауыл аманаты» осы тапсырмалардың нақты жүзеге асып жатқанын көрсететін жарқын мысал. Осы бағдарламаның арқасында ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып, отбасыларының тұрмысын жақсартуға нақты мүмкіндік алып отыр.

2023 жылы Ақмола облысында осы мақсатқа бөлінген 1,2 миллиард теңге қаражаттың есебінен ауыл тұрғындары өз бизнесін ашу мен кеңейту үшін 198 жеңілдетілген микрокредит берілді. Нәтижесінде 262 жаңа жұмыс орны құрылды. 2024 жылдың соңында бағдарлама аясында қосымша 1 миллиард 848 миллион теңге бөлініп, 308 микрокредит берілді. Бұл өз кезегінде 326 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.

Бүгінгі таңда жалпы 2,7 миллиард теңгеге бағаланған 307 өтінім қаралып жатыр. Оның ішінде 216 өтінімді Қарыз беру комитеті мақұлдап, өтінім иелері 1 миллиард 848 миллион теңге көлемінде қаржыландырылды. Осыған орай 288 жаңа жұмыс орны құрылды.

Бұл құрғақ сандар емес, оның артында нақты адамдардың өмірі мен тағдыры жатыр. Мәселен, 2023 жылы Бурабай ауданына қарасты Қатаркөл ауылының тұрғыны Руслан Соколов «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, жеке кәсібін кеңейтті. 2023 жылы кәсіпкер 9 миллион 800 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, осы қаражатқа ірімшік өндіруге арналған құрал-жабдықтар сатып алған еді. Бүгінде ол француз және итальян технологиялары бойынша ұзақ мерзімде жетілетін ірімшік түрлерін өндіреді.

–Жолдасым екеуміз жыл сайын Еуропа мен Ресейдің ірімшік жасау мектептерінде білім алып, біліктілігімізді арттырамыз. 2023 жылы «Cheese Open 2024» байқауында 2 алтын, 3 күміс және 3 қола медальды жеңіп алдық. Сонымен қатар, Mondial Fromage халықаралық байқауында 2 қола медаль иелендік. 2024 жылдан бастап біз халықаралық ірімшік жасаушылар гильдиясының құрметті мүшесіміз, – дейді Руслан Соколовтың өзі.

Бурабай ауданындағы осы Алена мен Руслан Соколовтардың отбасылық кәсібі бүгінде облыс шекарасынан асып, бүкіл Қазақстанға танымал. Вакуумды қаптамадағы табиғи ірімшіктерді еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұтынушылар қуана сатып алады. Бұл табыс жолы 2018 жылы Руслан алғаш рет ірімшік қайнатып көрген сәттен басталды. Бүгінде олардың ірімшік өңдеу цехы бір ауысымда шамамен 1000 литр сүтті өңдейді. Дайын өнімнің бағасы бір келісіне 7 500 теңгеден басталады, ең қымбат ірімшік ешкі сүтінен жасалған түрі болып есептеледі. Қазір Соколовтар отбасы 40 түрлі ірімшік өндіреді, бұл іске балалары да қолғабыс етіп жүр. Дайын өнімдерін еліміздің әр өңіріне жеткізіп, кәсіптерін табысты жүргізуде.

«Ауыл аманаты» бағдарламасының тағы бір табысты жобасының иесі – Бурабай ауданынан Жазира Әміренова. Ол үш жыл қатарынан өтінім беріп, тек биыл ғана «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 8 миллион 500 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Бұл сомаға Жазира 16 бас ірі қара мал сатып алып, бүгінде жеке шаруа қожалығын табысты дамытып отыр.

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарына жай ғана кәсіп бастауға емес, өз отбасын жұмыспен қамтып, тұтастай ауылға шапағатын тигізуге көмектесуде, – дейді Жазира.

Жалпы, 2025 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында тек Бурабай ауданы бойынша ғана 12 ауыл тұрғыны 113 миллион 947 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, өз кәсіптерін сәтті жүзеге асыруда.

Олардың барлығы да өздерінің бизнес-жобаларын түрлі бағыттарда, атап айтқанда,  мал шаруашылығы, егіншілік, бал арасын ұстау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және басқа да салаларда  сәтті жүзеге асырып жатыр. Осы арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, ауылдарда тұрғындардың өз қолдары өз ауыздарына жетуде.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар