Бақытын ұстаздықтан тапқан

Біздің бүгінгі әңгімеміздің өзегі өз бақытын ұстаздықтан тапқан ерекше жан туралы болмақ. Ол – өзіміз Бәкең деп ерекше құрметпен атайтын педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Педагогика Ғылымдары Академиясының академигі Жахина Бәрия Бадыққызы.

Дүниеде кәсіптің түрі көп. Ұстаздық та сол кәсіптердің бірі. Алайда, өз басым ұстаздықты кәсіптен жоғары қоямын. Ұстаздық – кәсіп емес, ол – өнер. Бұл сөзімізде жалғандық болуы тиіс емес. Ұстаздық – адамзат мәдениетімен бірге жалғасып келе жатқан ежелгі өнер. Ұстаздықтың болмысында ғұлама ғалымдық, ерекше дарындық, данышпандық сипаттары бар деп есептеймін. Сондықтан да, екінің біріне ұстаз болу бақыты бұйыра бермесе керек. Мұнан қандай қорытынды шығаруға болады. Таяздық, өресіздік, білімсіздік, біліксіздік, кісілік келбеттің төмен болуы ұстаздық өнерге жүрмейді, сәйкеспейді. Ұстаз өзінің білімімен, білігімен, кісілік келбеті және адамгершілік жан-жүрегімен адамдарға, шәкірттерге, айналасына мейірім шуағын таратып, жан жылуын дарытады, адамгершілік ұрығын себеді. «Адамшылық диханы» (А.Байтұрсынұлы) болуды діттейді. Шәкірттермен, айналасымен үнемі нәзік байланыста, үндестікте, ерекше бір эзотерикалық тылсым қатынаста, синтондық қалыпта (жарасымдылықта) болады.

Ұстазға қойылар зор жауапкершілікті осыдан-ақ байқай беріңіз. Біздің бүгінгі әңгімемізге өзек болып отырған Бәкең, Бәрия Бадыққызы да осындай ұстаздық зор мәртебеге, абыройға ие болған жан. Бұрынғы Көкшетау облысы, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында туып-өсіп, сол жерде орта мектеп бітірген жас талап ұстаз болсам деген үлкен арманын ту етіп, еліміздің сол кездегі астанасы – асқар Алатаудың баурайындағы әсем қаламыз Алматыға биік мақсаттың жетегінде келіп еді. Бұл жерде Бәрия Бадыққызы еліміздегі жоғары оқу орындарының қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түсіп, бұл оқу орнын үздік бағамен бітіріп, шығады. Институт қабырғасында маңдай алды студент болған ол талай ғұлама ғалымдар мен тарлан оқытушылардың дәрістерін тыңдады. Солардың ішінде, әсіресе,  Абайдың Шығысын тұңғыш зерттеген дүлдүл абайтанушы, профессор Мекемтас Мырзахметовтың, академик Серік Қирабаевтың, әдебиетші-ғалым Серік Мақпыровтың дәрістерін қазірге дейін тебіреніспен айтып отырады. Олардың ұстаздық, ғалымдық, кісілік келбетін өзіне өнеге, мұрат санайды. Кейінгі ұзақ жылдық ұстаздық жолында осы кісілердің ұстаздық, кісілік болмыс-сипатын шамшырақ етіп келеді.

Бәрия Бадыққызы жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін өзінің туған ауылындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Өзі оқыған мектепте ол жай оқытушы, мұғалім ғана болған жоқ, бұл жерде ол нағыз ұстаздық келбетін, болмысын жарқырата көрсетті. Әр оқушының жан-жүрегіне терең бойлап, туған тіліміз бен әдебиетіміздің барша қасиетін шәкірттерінің жүрегіне терең бойлата білді. Ұстаздарының осы қасиетін күні бүгінге дейін сондағы шәкірттері ерекше тебіреніспен еске алып отырады. Ол өзінің іс-тәжірибесін, әдістемелік тәжірибесін аудандық, облыстық семинар, жиындарда үнемі ортаға салып, бөлісіп отырды.

Осындай бір отырыста Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау пединституты, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жағыпар Мұсаұлының назарына ілігіп, ол жас әдіскер-ұстазды жоғары оқу орнына, студенттерге әдіскер-оқытушы ретінде дәріс оқуға шақырады. Осылайша 1989 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтындағы жаңадан ашылған қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқытушы болып, болашақ ұстаздарды, студент жастарды тіл біліміне үйретіп, баули бастайды.

Бәрия Бадыққызы тек оқытушы, ұстаз болып қана қойған жоқ, басқарушылық қызметтерге де араласып, өзін жоғары оқу орнында білікті басшы, іскер ұйымдастырушы ретінде де көрсете білді. Бәкең білікті басшы, ұстаз ғана болып қойған жоқ, ғылымға да құлаш ұрып, ғылыми-зерттеулерге де бой ұрды. 1995 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор Нұржамал Оралбаеваның ғылыми жетекшілігімен «5–класта лексиканы оқытумен байланысты тіл дамытудың әдістемесі» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды. Ғылыми-зерттеуін одан әрі қарай жалғастырып, 2009 жылы педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ф.Ш.Оразбаеваның жетекшілігімен «Жалпы білім беретін орта мектепте қазақ тілі сөзжасамын тереңдете оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертациясын да абыроймен қорғап шығады.

Ол осындай ұстаздық, ғылыми қызметтерін 1992-1994 жылдары «Практикалық қазақ тілі» кафедрасы, 1995-1997 жылдары қазақ филологиясы факультетінің деканы, 1998-2011 жылдары «Қазақ тіл білімі»,«Қазақ филологиясы» кафедраларының меңгерушісі бола жүріп одан әрі жалғастырған.

Ұстаз-ғалым өзінің білімі мен білігін өз елімізде ғана емес, шет елдерде де байқатыпты. 2006 жылы Венгрияның Сегед қаласындағы Алтаистика кафедрасында, Қытайдың Үрімжі қаласындағы Шыңжаң университетінің шақыртуымен қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында, 2014 жылы Польшаның Познань қаласындағы А.Мицкевич атындағы Познань университетінің Азия тілдері кафедрасында, Стамбул қаласындағы Мармара университетінің ұйымдастыруымен өткен халықаралық симпозиумында дәрістер оқып, баяндамалар жасаған. Бәрия Бадыққызы жоғары оқу орнындағы ғылыми жобаларға да белсене қатысып келеді.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2012-2014 жылдардағы гранттық қаржыландырған «Көкше өңірінің фальклоры», ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2018-2020 жылдардағы гранттық қаржыландырған «Жаңартылған білім мазмұнына сай когнитативті-компенсатерлық стратегиялар негізінде функционалдық сауаттылықты қалыптастыру методологиясы» ғылыми жобаларының, «Жаһандану жағдайында оқушының коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру мәселелері» деген тақырыптағы эксперименталдық алаңның ғылыми жетекшісі болды.

2013 жылы «Өрлеу» Ұлттық біліктілікті арттыру орталығының ұйымдастыруымен өткізілген республикалық «Жыл әдіскері» байқауының жеңімпазы болып, «Көшбасшы әдіскер» атағын алды. Қазіргі кезде де әр түрлі қоғамдық, ғылыми ұйымдардың жұмысына белсене қатысып отыр.

Бүгінгі таңда ол ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы ғылыми оқулықтар мен оқу құралдарын дайындауға қойылатын талаптар бойынша ұйымдастырылған жұмыс тобының тәуелсіз сарапшысы, Қазақстан Республикасының Ғалым әйелдер қоғамының мүшесі. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті жанындағы РОӘК-тік мүшесі. Л.И.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша докторлық (PhD) диссертацияларды қорғау кеңесінің мүшесі. Бәрия Бадыққызының ұстаздық жолындағы толайым еңбегі еленбей қалмай Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин (2015), Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері (2021) төсбелгілерімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Екі мәрте «ЖОО-ның үздік оқытушысы» (2006-2013жж) атанды.

Саналы ғұмырын білім беру мен ғылымға арнаған Бәкең бүгінде шәкірттеріне одан сайын білім нәрін себуде. Әрбір шәкіртіне сүйіспеншілікпен, құрметпен қарайтын ұстаз оларға қатаң талап та қоя біледі. Мол жауапкершілік жүктейді. Осындай талабының арқасында үлкен өмір жолында өз жолдарын тапқан ондаған шәкірттері ұстазының осы қасиеттерін үнемі риза көңілмен, тебіреніспен еске алып, хабарласып отырады.

Ұстаз деген өскелең ұрпақтың рухани болмысын қалыптастырушы рухани сәулетші десек, Бәкең де өткен мен бүгіннің арасындағы рухани көпір болуға бар күш-қуатын, жігерін аямай жұмсап жүрген аяулы ұстаз, абзал тұлға демекпіз! Бақытын ұстаздықтан тапқан осы бір жанға мерейтойы үстінде шығармашылық мол табыс, қажырлы денсаулық тілемекпін!

Сәбит ЖӘМБЕК,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар